НҮСІПБАЙ ӘБДІРАХЫМ: "САЯСАТШЫСЫМАҚТАР ҚАШАНҒЫ САНДЫРАҚТАЙДЫ?"

Уақыты: 21.12.2020
Оқылды: 1139
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

– Жақын арада Қазақстанға көшсек деп едік... Ресей жерімізді тартып алайын деп жатыр дей ме?

– Кім оған жерді бере қояйын деп тұр екен?

– Сонда да бұл әңгіме бекер тарап жатпаған болар? Алаңдап тұрғанымыз...

– Қазақ «Ит үреді, керуен көшеді» дейді ғой. Ондай ойға сыймайтын әңгіменің айтылып жатқаны рас. Бірақ қазақтың Тәуелсіздік көші оған тоқтап қалмайды. Қатарымыздың көбейгені жақсы, алаңдамай көшіп келе беріңіздер.

Сонау бір жылдары телефон арқылы танысқан, ара-тұра хабарласып тұратын ирандық Мейрам қандасымызбен арадағы әңгімеміз осы бағытта өрбіді. Соған қарағанда РФ Мемлекеттік Думасының депутаты Вячеслав Никоновтың сандырағы, аталған Дума депутаттары Евгений Федоров пен Владимир Жириновскийдің айғайға «аттан» қосып жатқандары шетелдегі қандастарымыздың да құлақтарына жетіп, көңілдеріне алаң тудырып отырған сияқты. «Қырда бұғының мүйізі сынса, ойда өгіздің мүйізі сырқырайды» дегеніміз де осы шығар.

Иә, бұл жолғы шабалаңға барша қазақтың, қазақстандықтардың, қандастардың алаңдайтын, алаңдап қана қоймай ақырып атып тұрар жөндері бар. Олай дейтініміз «Қазақстан деген ел болған емес. Солтүстік Қазақстанда ешкім қоныстанбаған. Олар (қазақтар) әлдеқайда оңтүстікте өмір сүрді. Түптеп келгенде Қазақстан аумағы – Ресей мен Кеңестер одағы жасаған үлкен сыйлық», – деген сандырақ тұжырымдаманы Ресей Мемлекеттік Думасының Білім және ғылым жөніндегі комитетінің төрағасы Вячеслав Никонов өз ойынан шығарып отырған жоқ. «Қазақстан Ресей аумағын жалға алып келді» деп жаңағыдай былжырақты қостап шыға келген Мемлекеттік Думаның тағы бір депутаты Евгений Федоровтың мәлімдегеніндей, «Никонов осыған дейін Путиннің айтқанынан өзге жаңа ештеңе айтқан жоқ. Тек қана Путин Қазақстанды сыйлық субъектісі ретінде атамаған еді».

Рас, Путин өз мәлімдемесінде «Ресейден үлкен сыйлық алған» нақты бір республиканы атаған  жоқ. Оның баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та Ресейдің көршілеріне аумақтық талаптары жоқтығын, Путиннің Конституцияда бұған дейін жіберілген жүйелі қателіктер жайлы айтқандығын дәлелдеп бақты. Алайда бұған дейін де Жириновский сияқтылардың осы мазмұндағы негізсіз мәлімдемелерінен әбден зәрезеп болған қазақстандықтар іш жиып қалған еді. Арада көп уақыт өтпей Мемлекеттік Думаның аталған депутаттары жасаған жаңағыдай мәлімдемелер бұл күдікті бұрынғыдан да күшейте түскендей болды.

Біз көп ретте Жириновский сияқтылардың айтқандары жай сандырақ емес, солар негізінен көпшілік саясаткерлердің көкейлерінде жүргендерін жария етеді-ау деп ойлайтын едік. Осы жолғы арандатушылық, өкінішке қарай, сол ойымызды растап бергендей болып отыр.

Арандатушылық мәлімдемеге Сыртқы істер министрлігінің жауабы да көп күттіре қойған жоқ. Қазақстан Сыртқы істер министрінің орынбасары Марат Сыздықов Ресей Федерациясының Уақытша сенімді өкілі Александар Комаровқа министрлік ұстанымы көрсетілген нота табыстап, «Вячеслав Никоновтың Бірінші арнада айтқан «Қазақстанның аумағы Ресей тарапынан үлкен сыйлық» деген сөзіне қатысты түсініспеушілік білдірді. Кейбір ресейлік саясаткерлердің Қазақстанға қатысты арандатушылық әрекеттерінің жиілеп кетуі екі елдің арасындағы одақтастық қатынастарға айтарлықтай нұқсан келтіретіндігі атап өтілді.

Ресейлік депутаттың арандатушылық мәлімдемесіне Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Мұхтар Құл-Мұхаммед те лайықты жауап қайтарды. «Бұл не: жалаулатқан надандық, саяси инфантилизм немесе екі халық пен мемлекеттің арасына сына қағуға бағытталған әрекет пе?» деген сенатор тарих ғылымдарының докторы Никоновтың есіне жалпақ жаһанға белгілі тарихи деректерді салып өтті. Мұхтар Абрарұлы атап өткендей, АҚШ-тың саяси партияларының тарихына маманданған Никонов жақын көршілердің тарихынан мүлдем хабарсыз екендігін байқатты.

«Әндіжанда бір апам бар, менен өткен сорақы» дегендей, Мемлекеттік Думаның жоғарыда біз атап өткен депутаты Евгений Федоров «Қазақстан өзінің бүкіл аумағын Ресейден жалға алып отыр, сондықтан сол жерлердің барлығын, Верный қаласын, Алматыны қайтаруы керек», – деп ешқандай қисынға келмейтін тағы бір одағай талаптың құлағын қылтитты.

«Мұны Жириновский бұрын да айтып жүр еді ғой, қайтер дейсің?» деп қоя салуға болмайтын бір жайт бар. Бұл жерде Федоровтың «ақыр біздің «сыйлығымызды» бағаламайды екенсіңдер, онда біздің қолымызды босатып бердіңдер, ендігісін өздеріңнен көріңдер» дегендей қоқан-лоққы көрсетіп отырғанын атап өтпей болмайды.

Федоров «сыйлығымызды бағаламайды екенсіңдер» дегенде Қазақстан Сыртқы істер министрлігі жасаған мәлімдемені – Ресей тарапына тапсырылған нотаны айтып отыр. Оның ойынша, тәуелсіз Қазақ елі Никоновтың айтқанына «Ләппай, тақсыр, Қазақстан деген ел расымен бұрын болмаған еді, қазақ деген қара ормандай қалың жұрт басқа бір құрлықтан көшіп келіп еді» деп бас шұлғуы керек екен. Оныңыз ешқашан болмайды, Федоров мырза! Атам заманнан бері атамекенін қасықтай қаны қалғанша қорғап келген, сонау 1941 жылы Мәскеу түбінде фашистердің тажал танкілеріне лайықты тойтарыс берген қазақтар қажет болып жатса өзінің тәуелсіздігін де, ұлан-байтақ жерін де қорғап қала алады. Оған күмәніңіз болмасын.

Еділді келіп алғаны –

Етекке қолды салғаны.

Жайықты келіп алғаны –

Жағаға қолды салғаны.

Ойылды тартып алғаны –

Ойындағысы болғаны…–

деп Мұрат Мөңкеұлы жырауымыздың күңіренгеніндей, алағай да бұлағай заманда айырылып қалған жерімізді, алғашқы астанамыз Орынборды, өзге де қанжығада кеткен қасиетті жерлерімізді жоқтасақ, еңірегенде біздің етегіміз толатын еді. Бірақ, біз өткенге салауат дедік. «Қайырлы болсын сіздерге, менен қалған мынау Еділ жұрт» деп Қарға бойлы Қазтуғанның сөзімен құдай қосқан көршіге қайырлы болсын айтып қала бердік.

Ол – өткен заман. Қазіргі заман басқаша. Қазақ жерін көксегендердің осы бір ақиқатты ұмытпағандары абзал.

...Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің наразылық нотасынан кейін РФ Мемлекеттік Думасының ТМД, еуразиялық ықпалдастық және отандастармен байланыс істері жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Виктор Водолацкий Ресей Федерациясының Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін қазіргі шегарасында толықтай мойындайтынын, екі елдің түрлі салалардағы берік достық және әріптестік байланыстарды қолдайтындықтарын, соған орай Мемлекеттік Думаның депутаты Вячеслав Никоновтың айтқандарына қатысты жанжалдың реттелетіндігін атап өтті. «Никоновтың бүкіл Ресей емес екендігін түсінген маңызды. Қандай жағдайда да соған қарап, қалған адамдар жайында пікір қалыптастыруға болмайды», – деп жалғастырады белгілі ресейлік музыкалық продюсер, нешеме музыкалық сыйлықтардың лауреаты Иосиф Пригожин.

Иә, бұл сөздерге сенгің-ақ келеді. Жаңағыдай мәлімдемелерден туындаған алаңдаушылықты, ашу-ызаны біршама басқандай болған бұл пікірлердің шын көңілден шыққандығына сену қажет те шығар. Дегенмен, алдағы уақытта мұндай арандатушылық мәлімдемелерді тоқтатудың жолын ойластырмаса тағы болмайды. Сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммедтің: «Бұл – саяси жауапсыздық қана емес, берік достық қарым-қатынас орната білген қазақ пен орыстың тарихи танымын қорлау. Мен үшін де және миллиондаған қазақстандық үшін де орыс пен қазақ арасындағы достықты сақтаудың маңызды екендігі айқын. Әсіресе, айыптаулар мен арандатушылық мәлімдемелерге жол беруге болмайды», – деген тұжырымдамасы бұл ойымызды одан әрі бекіте түскендей.

Мақаланың бас жағында ирандық қандасымызбен арадағы әңгіменің нобайын келтіріп өткен едік. Соңын да сол бауырымызға деген жауаппен қорытындылағымыз келіп отыр. Елге оралып, қатарымызды толтыр, бауырым! «Жаманның айтқаны емес, сандырағы келеді» дегендей, жаңағыдай сын сағат туып жатса қасиетті жерімізді, қастерлі тәуелсіздігімізді бірге қорғайық. Қорғауға дайын болайық. Қазақтың батыр халық екендігін, қандай да болсын басқыншыдан ешқашан бұғып қалмайтынын бүкіл әлемге тағы бір рет дәлелдейік. Бұл үшін күні кеше өткен Еуразия Экономикалық одағы елдері президенттерінің кеңесінде ел мүддесін, егемендігін батыл қорғай алатындығын айдай әлемге танытқан Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың айналасына топтасайық.

Ондай күн тумасын дейік. Төртеу түгел болып, тәуелсіздігімізді туған анамыздай қастерлейтінімізді танытсақ, ешқандай саясатшысымақтардың намысымызға тиетіндей сөздер айтып, еліре алмасы анық.

Нүсіпбай ӘБДІРАХЫМ

Сурет - ғаламтордан