АЛАКӨЛ АУДАНДЫҚ СОТЫ БІР-БІРІМЕН СЫБАЙЛАС 10 ҚЫЗМЕТКЕРГЕ ҮКІМ ШЫҒАРДЫ

Уақыты: 24.12.2020
Оқылды: 1693
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Алматы облысының Алакөл аудандық сотымен көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары және «ТЭК-Қазақстан» ЖШС жұмыскерлеріне қатысты іс бойынша үкім шығарылды. Бұл туралы "Жетісу" газеті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап мәлімдеді.

Сотта мәлім болғанындай, аталған мекемеде заңсыз іс-әрекеттерге қолдау көрсетілген. Осылайша, көліктегі полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары, полковник Ербол Бекенов лауазымдық өкілеттілігін асыра пайдаланғаны үшін 3 жыл, 6 айға бас бостандығынан айырылды.

Аса ірі мөлшерде бөтен мүлікті ұрлауды ұйымдастырған «ТЭК-Қазақстан» ЖШС-нің Қостанай және Достық станциялары отын қоймаларының басшылары Қасенов Болатхан және Әлжанов Серік 8 жылға, Достық станциясының оператор-жанармай құюшылары Әлімбеков Еркін, Құдабаев Ғалым, Қалибеков Мейіржан, Қаиров Нұртай, Ибрагимов Алмас 7 жылға бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалды. Сонымен қатар, Серік Әлжанов лауазымды тұлғаға өзінің заңсыз қызметін қорғағаны үшін айтарлықтай мөлшерде пара бергені үшін кінәлі деп танылды.

Бұдан басқа, Алакөл ауданының автожанармай құю станциясының иесі Мақсұт Торайғыров түпнұсқалығын растайтын құжаттарсыз бөтеннің мүлкін аса ірі мөлшерде ұрлауға және мұнай өнімдерін тасымалдауға, сатып алуға, өткізуге көмектескені үшін 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 

Барлық сотталған тұлғалар Алакөл аудандық сотының залында қамауға алынды.

Е.Бекенов өмір бойы мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқара алмайтын болды. Қалғандары мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаумен, сатып алумен, өткізумен, сақтаумен айналысатын ұйымдарда ұйымдастырушылық-өкімдік және әкімшілік-шаруашылық функцияларды орындауға байланысты лауазымдарды 10 жыл мерзімге атқару құқығынан айырылды.

Айта кетейік, ҚР ІІМ КПД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Е.Бекенов «ТЭК-Қазақстан» ЖШС қызметкерлерінің заңсыз қызметіне қамқорлық жасады деген күдікке іліккен еді. Ал соңғылары 2018 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығында алдын ала келісу арқылы адамдар тобында «ТЭК-Қазақстан» ЖШС «Достық» станциясының отын қоймасында сақталған аса ірі мөлшерде дизель отынын жалпы сомасы 354 млн.теңгеге ұрлады, кейіннен оны М.Торайғыровқа тиесілі Алакөл ауданының автожанармай құю станцияларында сатқан.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет - ғаламтордан