ЖЕТІГЕНДЕ АВТОБУС ЖҮРГІЗУШІСІН ҰРҒАН ЕКІ АДАМ ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Уақыты: 26.12.2020
Оқылды: 1061
Бөлім: ҰЛТ ҰЯТЫ

Жетігенде тапа-тал түсте қоғамдық көлік жүргізушісіне шабуыл жасағандар ұсталды.

Екі жас жігіт Іле ауданына қарасты Жетіген ауылында автобус жүргізушісін соққыға жыққан. Бұл факт Іле аудандық полиция басқармасында тіркелді. «Тексеру барысында жүргізуші мен жолаушы арасында жанжал туындағаны анықталды. Оның соңы төбелеске ұласқан. Осыдан кейін жолаушы ұлына қоңырау шалып, оны шақырған. Оқиға орнына досымен келген ұлы автобус жүргізушісін соққының астына алған. Күдіктілер қамалды. Олар Талғар ауданы, Нұра ауылының тұрғындары - жолаушының 28 жастағы ұлы мен оның 21 жастағы досы болып шықты»,– делінген аудандық полицияның "Қазақпаратқа" берген хабарламасында.

Сот-медициналық сараптаманың қорытындысына сәйкес, қоғамдық көлік жүргізушісінің денсаулығына зиян келген. Материалдар ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 73-1 бабы бойынша сотқа шешім қабылдау үшін жіберілді. Ұсталғандар автобус жүргізушісінен кешірім сұраған.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"