"АУЫРДЫҚ. АЙЫҚТЫҚ. ЕНДІГІСІ - ЕКПЕ": КОРОНАВИРУСТЫ ЖЕҢГЕН ЖУРНАЛИСТ

Уақыты: 18.08.2021
Оқылды: 1066
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Өткен айдың орта шенінде тосыннан сырқаттанып, ақыр соңында емхананың ақ төсегіне таңылдық. Тексеру нәтижесі елді әбігерге салған «Сovid – 19» індеті екенін айқындап берген. Өкпе 25 пайыз зақымданыпты. Дәрігерлер жеңіл түрі деп жұмсартып айтқанымен апта бойы үйде жатып қиналған көңілім «жеңіл түрі» деген сөзді қабылдаған жоқ.

Асыл дініміз ауырмай тұрып денсаулықтың, кедейлік келмей тұрып байлықтың, ажал жетпей тұрып өмірдің қадірін білуді үндейді. Денедегі қызу бір түспей, астың дәмі мен иіс сезбей әрі дем алысымыз қиындап қиналғанда жас та болсақ денсаулықтың қадіріне жеткендей халде болдық.

Облыстық ауруханада дәрігерлерге тәуелді болып, өмірімізді абзал жандардың қолына табыстадық. Кешкесалым ауруханаға шарасыз хәлде келіп түскен бізге сол мезеттен бастап ине салып, дәрілерін беріп, қызуымызды өлшеп, тік тұрып қызмет етті. Ертесі күні таңмен таласып палатаға Меруерт Тілеуханқызы атты жас дәрігер кіріп, денсаулықты тексере бастады. Басынан аяғына дейін қымтанған дәрігердің көзі ғана күлімдеп тұр. Дауысы жағымды.

– Иә, журналист мырза, көңіл-күйіңіз қалай? Не мазалайды? – деді ол.

Шалдығу білмей шапқылар шақта жас болып тұрып қарақат көзді қызға дерттімін деудің, бойдағы күн сайын мазаны алатын құбылыстардың бәрін айтып шығу оңайға соқпады. Біртүрлі ұялады екенсің. Дегенмен тәнге бекіген белгісіз індеттің берекені алып, жанға салмақ түсіргені де жасырын емес.

– Алты күн үйде жатып, өкпені зақымдауға дейін жеткізіп алдық. Терлеп, бусанып жүрсең жазыласың дегенді естіп едік. Болмады. Ақыры сіздердің – дәрігерлердің дәргейіне дертті болып жығылдық, – дедім ақталғандай күйде. Қарақат көз де қағытпа қалжыңға сүйеп:

– Жата түспедіңіз бе?! Үйде енді бір күн қалсаңыз, өкпеңіздің көрсеткіші 80 пайызға жетіп жығылар еді, – деп жымиды. Сөздің соңында өкпе бір зақымданса, оның көрсеткіші күн емес, сағат санап өсетінін де қатқылдау түре ескертті. Оның ақыры, әрине, түсінікті жайт.

Ауруханада жатқан әрбір күні дәрігерлер асқан жауапкершілікпен бақылауына алып, төрт уақыт бұлшықеттен қан сұйылтатын дәрі жіберіп отырды. Ертелі-кеш беретін дәрісі тағы бар. Арагідік ультра сәулелі қондырғымен палата ауасын тазалап кетеді. Жалпы айтқанда, дәрігерлердің біліктілігі, жауапкершілігі жан сүйсінтеді. Сүйсініп отырып неге ауырған күні асқындырмай тұрып емханаға бармағаныңа қынжылып та қаласың.

Палатада Санат Елшібеков деген қазақ жігіті мен егде жастағы Дмитрий Ан деген кәріс азаматы қатар ем алды. Анды әзілдеп «Аң» дейміз. Өзі де сілеусінге ұқсайды. Бұл сөзімізге еш ренжіген емес, күліп қабылдайды. Дертті болса да кеудесі тік, әбжіл қимылдайды. Аң десе дегендей-ақ. Қант диабеті Анның ұзақ жылдардан мазасын алып келе жатқан дерті екен. Оған аты жаман ауру қосылған, өкпесі  50 пайыз зақымданған. Арнайы қондырғымен тыныстап жатты.

Кәріс азаматы қазақ қызына үйленіпті. Бақытты-барақатты күн кешуде. Қазақшаға судай. Кейбір әңгімесі езуге күлкі үйіреді. Бір күні Дмитрий тың әңгіме бастап, қалай сауығып, денсаулығы жарамды болады, сол күні вакцина алатынын айтты. Мен жастыққа басып, денсаулық, физикалық қуатқа сеніп екіұдай ойда үнсіз жаттым.

– Төменгі қабатта қызым жатыр, әкем де осында. Үшеуміз біріміздің соңымыздан біріміз келіп түстік. Мен де дәрігерлер рұқсатын берген күні вакцина аламын, – деді С.Елшібеков. Өзі түнімен дөңбекшіп, жайы болмай шыққан. Ертесі дәрігерге жағдайын түсіндіріп, қызуы қайтпай тұрғанын айтқан. Содан кейін осы бекімге келген-ау деп шамалағанмын. Сөйтсем, шынашақтай екі баласын қарап, мал-жайын реттеп отырған зайыбы да үйде дертті болып жатыр екен. Екі балапан ауырмаса екен деген ақ тілеу үстінде өбектеген әке жүрегі шарасыз. Тез сауығып үйге, бала-шағасына бас болуды ойлағанда әрі екпе алғандардың дертті болмайтынын, бола қалған күнде  кемі 3-4 тәулікте жарау атша жұлқынып шыға кетерін, ондай жағдай емханада орын алғанын дәрігерлерден естіген. Содан бастап палатадағы екі азамат келісіп алғандай вакцина салдырамыз деп шешкен екен.

Емханада жатқан уақытта біз де адам өмірінде медицинаның қаншалықты маңызды екенін ұғындық. Дәрігерлердің білімі мен біліктілігінің арқасында қайта қалыпқа келдік. Қиқу шықса қиырға шабатын сыңаржақ тұлпардай тарпаң мінез танытып, вакцинаға тоңтеріс пейілде жүргенбіз. Жасыратыны жоқ, көптің көпірме тұжырымдарына иланып, екпеден қашқақтадық. Алайда өзіміз дертті болғаннан соң әрі ауруханада сырқаттар саны күн санап өскенін көзбен көргеннен кейін індетті іргеден алшақтатудың жалғыз жолы – вакцина алу екенін түсіндік.

Тәулік сайын тыныс алу қиындап, жөтел де желкеден түйгендей жанға салмақ салып, денені қыздырып, мазаны алатын вирустық індет жеке басыма оңай соққан жоқ. Сондықтан да екпе алатыным ақиқат. Арда тұлғаларымызды мезгілсіз қара жердің қойнына тапсырып, туған-тумаларымыздан тосыннан айырылып қалып жатқан осынау қиын уақытта көпке айтар жалғыз тілек болса, ол – вакциналауға жақсы шырай тынытып, екпе алдырса екен деген ақ-адал ой ғана.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Алматы облысы