Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ҚАЗАН АЙЫНАН БАСТАП МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ВАКЦИНА ҚАБЫЛДАЙДЫ

Уақыты: 03.09.2021
Оқылды: 1422
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Журналистер үйіндегі «Jetisy media» ақпараттық алаңында кезекті брифинг өткізілді. Онда қазан айынан бастап 12 жастан асқан балаларға еуропалық "Pfizer" вакцинасын салу жоспарланып отырғандығы жайлы Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Ләйлә ПЕРНЕБАЙҚЫЗЫ айтты. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі мәлімдеді.

Алматы облысында осы уақытқа дейін барлығы 1018 бала ковидпен сырқаттанған. Кеселге шалдыққан 208 бала ауруханада емделген. Оның 54-і жасқа толмаған нәресте. 57-сі бес жасқа дейін, 68-і 14 жасқа дейінгі ұл-қыз.

Балаларда енжарлық, дене қызуының көтерілуі, тәбеттің болмауы, бас, іш ауруы, тұмау, тамақ, тыныс жолдары ауырса дереу дәрігер шақырту керек. Сабақ басталған соңғы үш күнде-ақ ұстаздар мен оқушылардан коронавирус анықталып жатыр.

Облыста барлығы 782 жалпы білім беретін мектеп бар. Онда 448 220 оқушы білім алуды бастады. Бүгінде балалардың 383 225-і штаттық режимде, қалған  64 995-і аралас форматта білім алуда.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Айжан Адамбекованың  айтуынша, барлық мектеп дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілген. Тазалық жұмысы бұрынғыдан жиі жүргізіледі. Бұл мақсаттарға қыркүйек, желтоқсан айлары үшін бюджеттен қосымша 435 млн.теңге бөлінген. Сабақ арасындағы үзілісте бастауыш сыныптар мен жоғары сынып оқушылары бір-бірінен алшақтатылады. Кабинеттік оқыту жүйесі қолданылмайды. Балалар «Бір сынып – бір кабинет» принципімен оқытылады. Денешынықтыру сабақтары ашық алаңдар мен ауасы тазартылып тұратын залдарда өткізіледі. Көпшілік іс-шаралар тоқтатылады.

Баспасөз мәслихатында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гаухар Каткенова мектеп, жоғары оқу орны және орта білім беру орындарында тазалық қатаң қадағалануда екенін айтты. Білім беру ұйымдары дезинфекциялау, жуу құралдары, санитайзер, дезинфекциялық кілемше, бактерицидті лампа, тепловизорлармен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Білім беру ұйымдарының барлығына «Ashyq» қосымшасы енгізілген. Мектеп асханаларында 61 желдеткіш, ауа алмастырғыш бар.

Брифингте балаларға жол жүру билетін беру, автобустарды дезинфекциялау, балаларды сабақтан ертерек, яғни, қоғамдық көліктер жүретін уақытта қайтару жайы айтылды.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы