"Қайта қарау көзделуде": Тамара Дүйсенова тағы бір жобаның әзірленіп жатқанын айтты

Уақыты: 04.09.2024
Оқылды: 423
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстанда кепілдендірілген базалық және сақтандыру пакеттерінен тұратын бірыңғай медициналық көмек туралы заң жобасы әзірленуде. 

Бұл туралы өткен Үкімет отырысында Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова жеткізді. 

«Біріншіден, кепілдендірілген базалық және сақтандыру пакеттерінен тұратын медициналық көмектің бірыңғай пакетін қарастыратын заң жобасы әзірленеді. Ол өз кезегінде жүйені толық қаржыландыруды талап етеді. Сондықтан жобада қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында ресми түрде жұмыссыз болып тіркелген азаматтар үшін жарнаны жергілікті бюджет есебінен төлеу, сондай-ақ, жарнаны есептеудегі табыстың жоғары шегі және төлемдердің ставкаларын қайта қарау көзделуде», - деді Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында.

Аталған заң жобасы Үкіметке осы айдың соңына дейін енгізіледі.

«Екіншіден, жүйені толық цифрландыру бойынша тиісті Жол картасын жүзеге асыруды жалғастырамыз. Оның аясында жыл соңына дейін медициналық сақтандыру қорын цифрландыру аяқталады. Ал келер жылдың соңына дейін бірыңғай ұлттық ақпараттық жүйені енгізу жоспарланып отыр», - дейді ол.

Фото: Freepik