ВИРУСТАН САҚ БОЛАЙЫҚ

Уақыты: 05.09.2024
Оқылды: 397
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Вирустық гепатит – бауырды зақымдайтын және сарғаю белгісі болатын сырқат. Вирустық гепатитпен тек қана адам ауырады және барлық жағдайда да жұқпа көзі  ауру адамнан таралады. 


Вирустық «А» және «Е» гепатиттері  вируспен ластанған қол, су, тағам өнімдері арқылы жұғады. Бұл аурумен балалар жиі ауырады. Вирустық «Е» гепатитінің негізгі берілу жолы су арқылы, нәтижесінде тұрғындар арасында бір мезгілде тез таралу жағдайы орын алады. Вирустық гепатит «А» жұқпасы күз-қыс айларында, жаздың ыстық мезгілінде тұрғындардың сапасыз ауызсуын пайдалануынан туындайды.  

Парентералды вирустық гепатиттер – қан арқылы, яғни қан кұю кезінде, әртүрлі емдік – диагностикалық емшаралар кезінде тері қабаттарының зақымдалуынан, шырышты қабаттары зақымданған ағзаға сұйықтықпен жұқпа жұқтырылған құралдар арқылы, парентералды және жыныстық жолмен жұғады. 

Аталмыш вирустық «А» және «В» гепатиттерінің арнайы алдын алу үшін вакциналау жүргізіледі. 

«А» және «Е» гепатиттерінің мемлекеттік деңгейдегі алдын алу шаралары тұрғындардың сапалы ауызсумен қамтамасыз етілуіне, елді мекендердің көркейтілуіне және санитарлық тазалыққа тікелей байланысты. Жеке бас тазалығын сақтау ішек жұқпаларының пайда болуын тоқтатуға әсерін тигізеді. 
Парентералды гепатиттерінің алдын алу үшін әрбір шараны жүргізу кезінде міндетті түрде бір реттік қолданылатын құрал-жабдықтарды қолдану қажет. Донорлар әрбір қан тапсырар алдында вирустық гепатиттердің маркерлеріне қан тапсыруы қажет, оң нәтиже анықталған жағдайда донорлыққа жіберілмеуі тиіс. Отбасында вирус тасымалдаушылар күнделікті қолданатын гигиеналық заттарын, маникюр жасауға арналған құралдарды, косметикалық заттарды жеке қолдануы тиіс және жеке бас тазалығын қатаң сақтауы қажет. Кездейсоқ жыныстық қатынаста міндетті түрде мүшеқап қолданған жөн.
 Сырқаттанып қалуымыз мүмкін жұқпалар туралы көп білгенде өзімізді жақсырақ қорғай аламыз. 

Бақытгүл ОҢҒАРБЕКОВА,
Жетісу облысы СЭБД инфекциялық және паразиттік 
ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің 
бас маманы