АУТИЗМНІҢ ЕМІ БАР

Уақыты: 09.04.2019
Оқылды: 3618
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елімізде аутизмі бар балалардың саны күрт көбеюде. Сырқатпен елімізде 2003 жылы 77 бала тіркелген болса, 3 жылдан кейін ондай балалар қатары 255-ке жеткен. Ал, 2010 жылға қарай 326 бала тіркелген. Бұл туралы Оқушылар сарайында Бүкіләлемдік аутизм мәселесі күніне орай «Другая жизнь» қоғамдық бірлестігі өткізген іс-шарада белгілі болды.

Аталмыш кесел жайлы ақпарат берушілердің айтуынша, сырқат тұқым қуалайды. Кеселге шалдығуға қандай жағдайлар әсер ететіні әлі күнге дейін белгісіз. Дегенмен де бұл – бала дамуындағы, оның ми жүйесіндегі ауытқушылықтың ауыр түрі. Аутизмге шал­дыққан бала өз әлемі­мен өзі болып, сыртқы құ­бы­лыс­, өзгерістерді мүлде қабыл­дамайды. Тіпті үйінде өзі үйре­ніп қалған жиһаз, тұс­қағаздарды ауыс­тырса да ашуланып, қарсылық ретін­де айғайлап, жылап, мінез көрсетеді. Аутист жандар бір нәрсемен ұзақ уақыт бойы айналысып отыра береді. Бірыңғай ойынды ойнап, бір қимылды қайталайды.
«Другая жизнь» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Кәмилә Ситасманованың сипат­тауы бо­йынша, аутист бала атын атап шақырса елең қылмайды, көз­ге тіке қарамайды. Ды­быс­қа, басқаға реакциясы болмайды,­ өзімен өзі отыра бере­ді. Басында осын­­­дай бел­гіле­ріне қарап мамандар аутизм балаға жеткілікті көңіл бөл­ме­геннен, бір үйде жалғыз өзі ұзақ уақыт бойы қалып қой­ғаннан пайда болады деген пікірді айтып жүрді. Бірақ оған гендік факторлардың әсері көп екенін соңғы зерттеулер дәлелдеп келеді. Соңғы жиырма жылда гендік зерттеудің қолда бар тәсілдерінің арқасында аутист адамдардың 20-30 пайызына генетикалық фактор әсер еткені айқындалды. Яғни, гендік бұзылыстардан аутизмге ұшыраған жандардың саны 10 есеге ұлғайған. Аутист бала ерке, тәртіпсіз сияқты пікір қалдырады. Бірақ диагнозды ерте қойып, емдесе, баланы жазып алуға болады. Аутист бала ешкіммен араласпайды, тұйық болады. Атын атап шақырғанда үндемейді. Үй ішінде бағытсыз ары-бері жүреді, жиһаздардың үстіне шығады, терезенің алдында сыртқы әлемге қарап, бірнеше сағат отыра береді. Мұндайда  назарын өзіңізге аударғыңыз келсе, бала айқайлайды, жылайды, төбелеседі, түкіреді, тырнайды. Ол өзгерісті ұнатпайды. Аутист бала өте дауласқыш, ештеңкеге өкінбейді, бәрін керісінше жасайды.

Қорыта келе, мамандар іс-шарада аутист кеселі бар балалар педагогикалық түзету көмегін көрсетуді қажет ететінін айтты. Оларды қоғамдық ортаға бейімдеп, өзінің қатарлас құрбыларымен қарым-қатынасқа жиі түсуін қадағалау керек. Әлеуметтік педагог, психолог, логопедке емдеткен жөн. Яғни, аутист дертін кешенді түзете-оқытудың маңызы зор.

Г. МҰҚАШҚЫЗЫ