МИНИСТР ДӘРІГЕРЛЕРГЕ: "ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІГЕ ТІРКЕЛІҢІЗДЕР"

Уақыты: 17.04.2019
Оқылды: 1889
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Елжан БІРТАНОВ халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуды көздейтін мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы мен медициналық мекемелерді арнайы технологиялармен қамту, дәрігерлердің білімін арттыру және жалақысын көтеру, цифрландыру барысын қадағалау жөніндегі жұмысын Ескелді ауданынан бастады.

Министр медицина мекемесінің есігінен кірісімен тұрғындардың дәрігер кезегіне жазылу жүйесіне көңіл аударды. Ескелді ауданының денсаулық сақтау саласы компьютерлік жүйемен жұмыс істеуге облыста ең бірінші болып өткен. Дәрігерлердің айтуынша, жеке адамдар немесе медициналық мекемелер маманға E-gov порталы арқылы тіркеледі екен. Сондай-ақ, ауруханаға келіп, тіркеумен айналысатын мамандардың қызметіне жүгіне алады. Жүйемен танысқан Денсаулық сақтау саласының басшысы E-gov арқылы дәрігерге тіркелу жасы үлкен адамдарға қиын соғатынын айтты. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімдер мен жауапты қызметтегі адамдарға халықпен қарым-қатынасты жақсартуды тапсырғаны баршаға белгілі. Елжан Біртанов осы тапсырманы денсаулық сақтау саласының жауапты мамандарының естеріне салды.

– Әлеуметтік желі арқылы өз парақшаларыңызды ашыңыздар. Дәрігерлер, учаскелік дәрігерлер, тұрғындармен мобильдік байланыс орнатыңыздар. Жұмыстарыңыз ашық түрде жүргізілсін, – деді Елжан Амантайұлы.

Министр учаскелік дәрігерлердің жұмысымен танысты. Жас дәрігер Ольга Попова өзінің жұмыс кестесі жайлы айтып берді. "Жарты күн Қарабұлақ кентінде тұрғындарды қабылдаймын. Қалған уақытымда Сырымбет ауылының халқына қызмет көрсетемін. Айлығым - 97 мың теңге", – деп жауап берді Ольга Александровна министр қойған сұраққа. Министр:

- Сіз екі жерде істейсіз. Айлығыңыз 180 мың болуы керек. Біз бас дәрігерлерге тиісті құқық бергелі ақшаны қайда жіберетіндерін өздері шешеді. Бірақ айлықтарыңыз болашақта қадағаланады. Аудандық аурухананың бас дәрігері Роза Ибраева, артық жүктемемен жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің айлығын көтеріңіздер. Осындай жағдайдан кейін дәрігер келмейтіні белгілі. Мысалы, Батыс Қазақстан облысында дәрігерлердің айлығы 300 мыңның көлемінде. Ал сіздерде дәрігер жетіспейді. Алматы, Семей қалалары қастарыңызда. Айлығын дұрыс бермегендіктен дәрігерлер жан-жаққа кетіп жатыр, – деп Ескелді аудандық  ауруханасының басшылығына сын айтты.

Денсаулық сақтау саласының басшысы аурухананың операция блогы мен хирургия бөлімін аралады. Операция  жасайтын төсектің ескілігі мен лапароскопия қондырғысының жоқтығы министрдің ренішін тудырды. Сондай-ақ, «Жедел жәрдем» көлігінің талапқа сай еместігіне реніш білдірді. Көліктердің сыртқы бояуларының өзі әртүрлі. Халықаралық талапқа сай емес.

Министр Қарабұлақ кентіндегі дәрігерлермен кездесуінде мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына барлық жағдайдың жасалатыны, әлеуметтік-медициналық сақтандыру кезінде салаға тағы 20 пайыз қаржы бөлінетіндігі, дәрігерлердің  тұрғындарға талапқа сай көмек көрсетуі керектігі жайында айтты. Басқосуда алғашқы медициналық көмек, учаскелік дәрігерлердің міндеті, халықаралық деңгейге сай қызмет көрсетуге ерекше көңіл бөлінетіндігі сөз болды.

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бұдан кейін Текелі қаласының орталық емханасына барды. Онда перзентхана, жедел жағдайда көмек көрсету бөлімінің жұмыстарымен танысты. Мұнда да дәрігер тапшылығы сезілді. Министр дәрігерлерді тарту үшін олардың  әлеуметтік  жағдайына көңіл бөліп, тұрғын үймен қамту керектігін айтты. Емдеу мекемесіндегі цифрландыру, тұрғындарға алғашқы медициналық көмек көрсету мәселелеріне көңіл аударды.

Денсаулық сақтау мекемелерін аралаған Елжан Амантайұлы күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарының жүріп жатқандығына және дәрігерлердің маман жетіспеушілігіне қарамай артық жүктемемен қызмет көрсететін ақ халатты абзал жандарға ризашылық білдірді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Ескелді ауданы

Текелі қаласы