БҮГІН - СПОРТ КҮНІ: АУЫЛДЫҢ ЖЕҢІМПАЗ ФУТБОЛШЫЛАРЫ ЖАЙЛЫ БІРЕР СӨЗ

Уақыты: 15.08.2021
Оқылды: 1112

Әлем бойынша футбол ойынына қызықпайтын жанкүйер жоқ. Дүниенің төрт бұрышын өзіне таңдандырған ала доп додасы спорттың бекзада өнері десек артық айтпағанымыз.

Дәл осы тұста Қазақстанның командасы әлемдік сынға өте алмағанымен жасыл алаңға қолдау көрсетуге баратын жанкүйерлердің қарасы көп және ала допты ермек ететін қара домалақтардың қатары сиреген емес. Әсіресе, ауылды жердің түрлі командалары өнер көрсетіп, ауылын қуантуда. Аудандық, облыстық бәсекеде жасыл алаңның үстінде ойқастаған ауыл футболшыларының ойыны тым ерек. Дәл осындай футболшылардың бірі ­­– Еркін ауылының командасы.

Бүгінгі таңда Талдықорған қаласында әуесқойлар арасында жарыс өте көп. Қала чемпионаты, коммерциялық турнир, жеке мерейтойларға арналған футбол жарыстары жетіп артылады. Міне, осы ойындарда Еркін ауылының командасы үздіктердің қатарынан көрініп жүр. Ауыл балаларынан құралған команданы бүгінде Талдықорған қаласының жанкүйерлері жақсы біледі. Кәсіби ойыншылардан құралған команданың өзі Еркін командасынан қаймығып қалатыны жасырын емес. Міне, ауыл жастарынан жасақталған футболшылар дәл қазір қала чемпионатында жақсы өнер көрсетіп жүр. Ал команданың мұндай ірі жарысқа қатысуы үшін оларға үлкен қолдау керек. Ең бірінші футбол формасы, жарысқа қатысу жарнасы, ойынға арналған құрал-жабдықтар және жаттығу жұмысы.

Нұрлан Алмаз жаттықтыратын Еркін командасына Талдықорған қаласы мәслихатының хатшысы Темірболат Ахажанов, қалалық мәслихаттың депутаттары Нұрмұқан Биғайланов, Әнуар Бөкенов әрдайым қолдау білдіріп отырады. Үнемі игілікті істің басында жүретін қалалық депутаттар бұл жолы да сырт қалмады. Әрдайым салауатты өмір салтын ұстанып, жастарға қол ұшын созуды басты міндеттері санаған ел ағалары командаға үлкен көмек жасауда. Олардың оқу-жаттығу жиынына бірге қатысып, жастардың ұсыныс-тілектерін тыңдап, материалды-моральді тұрғыда демеушілік істеуде. Осындай көмектің арқасында Еркін ауылының командасы ойынға еркін араласып, жақсы нәтижеге қол жеткізіп жүр.

Таланттар ауылдан шығады демекші, бұл команданың ізбасарлары да бар. Ағаларының ойынына қарап, жас жеткіншектер де жеке команда құрып, алдағы уақытта негізгі команданың қосалқы құрамы ретінде өнер көрсетпек. Жастарға тазалық пен саламаттылықты көрсетіп, демеуші болып жүрген депутаттардың бұл ісі үлгі тұтарлық. Бұл бір күндік емес, үнемі жалғасын тауып тұратын игілікті іс екені анық. Еркін ауылының футбол командасы қолдау білдіріп отырған депутат ағаларына дән риза.

Ришад ТҰРҒАНБАЙ

Алматы облысы