НҰРБАҚЫТ ТЕҢІЗБАЕВ СПОРТ КҮНІНЕ ОРАЙ ҮЗДІКТЕРДІ МАРАПАТТАДЫ

Уақыты: 15.08.2021
Оқылды: 1517

Тамыз айының үшінші жексенбісі елімізде Спорт күні деп белгіленген болатын. Осыған орай Талдықорғандағы көгалдағы хоккей алаңында жиын өтті. Жиында Алматы облысы тұрғындарының 30 пайызы тұрақты спортпен шұғылданатыны айтылды. Бұл туралы "Жетісу" газетінің тілшісі хабарлады.

Басқосу ашық алаңда, барлық санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылды.

Шарада Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев сөз алып, спортшылар мен бапкерлерді мерекемен құттықтады.

– Біз жыл сайын дәстүрлі түрде спортшыларға құрмет көрсетіп, кәсіби Спорт күні мерекесін атап өтіп келеміз. Биыл да үздіктерді марапаттауды жөн көрдік. Жалпы, облыс бойынша 200-ден астам қызметкер марапат алады. Бұл шара аудандарда да жалғасын табады, – дей келе облыстың жетістіктеріне тоқталды.

Жер жаннаты Жетісу жерінде спортпен жүйелі түрде 667 428 адам шұғылданады. Бұл облыс тұрғындарының 30 пайыздан астамын құрайды. Жыл басынан бері аймағымыздан 12 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 99 спорт шебері, 271 спорт шеберлігіне үміткер және 119 бірінші дәрежелі спортшы шыққан. Олар халықаралық және республикалық жарыстарда бақ сынап, 2085 медаль (677 алтын, 600 күміс, 778 қола) жеңіп алыпты. 

Ел намысын қорғайтын өрендеріміз үшін барлық жағдай жасалуда. Атап айтсақ, облыста дене шынықтыру және спортпен айналысу үшін 3718 бірлік спорттық құрылым бар. 13 дене шынықтыру-сауықтыру кешені қолданыста. Сонымен қатар, ағымдағы жылы Талдықорған қаласында орталық жабық жүзу бассейні ашылды. Қазіргі уақытта 4 ДШСК-нің құрылысы жүргізілуде.

Осыдан кейін Нұрбақыт Молдахметұлы облыс әкімінің, дене шынықтыру және спорт басқармасының Құрмет грамотасын, «Спорт саласының үздігі», «Үздік жаттықтырушы», «Үздік спорт қызметкері», «Спортты дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісін ардагерлер мен спорт саласында қажырлы еңбек еткен жандарға табыстады.

Жиын соңында мүгедектерге арналған облыстық мамандандырылған спорт мектебінің директоры Ерлан Бақтыбаев сөз алып, облысымызда спорттың қарыштап дамып келе жатқанын айтып, ізгі тілегін білдірді. Сонымен қатар, 24 тамыз бен 5 қыркүйек аралығында Токио қаласында өтетін Паралимпиада ойындарына облыс спортшылары парапауэрлифтингтен Раушан Қойшыбаева, Рахметжан Хамаев және Гүлбану Абдыхалықова қатысатынын айтты.

Өз кезегінде сөз алған спорт ардагері Әсия Шалабаева жиналған жұртшылықты мерекелерімен құттықтап, жыл сайын спорт қызметкерлерімен қатар ардагерлерді де марапаттан тыс қалдырмайтын облыс әкіміне алғысын білдірді.

Айдар ҚАЛИЕВ

Алматы облысы