Алматы облысының қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық газеті

ДЖИУ-ДЖИТСУ: АЛАКӨЛДІК ТӨРТ ЖІГІТ УКРАИНАДАН ЖҮЛДЕМЕН ОРАЛДЫ

Уақыты: 27.08.2021
Оқылды: 1174
Бөлім: АЛАМАН

Украинаның Киев қаласында джиу-джитсудан «Combat Ju – Jutsu World Championship Kyiv – 2021» атты әлем чемпионаты өтті. Байрақты бәсекеде ел намысын қорғаған алакөлдік өрендер топ жарып, абыройымызды асқақтатты.

Осыған орай, Алакөл ауданы әкімінің орынбасары М.Төлеужанов әлем чемпионатында жеңіске жеткен Айбол Жарболұлы, Ілияс Құмарұлы, Елдос Жандосұлы және жаттықтырушылары Арнұр Нұрланұлын құттықтап, жеке қабылдады.

Шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары: «Жас болса да елдің намысын арқалап жүрген спортшыларымызға алдағы уақытта Олимпиада биігін бағындырып, ауданымыздың даңқын әлемге паш етіп, қайратты спортшылары атануларына шын жүректен тілектеспін», – деп ізгі лебізін білдіріп, арнайы сый-сияпатын табыс етті.

Бірнеше алпауыт мемлекеттердің басын қосқан дүбірлі додада аудан спортшылары еліміздің Көк байрағын биікте желбіретіп, үздіктер қатарынан көріне білді. Бұл жеңіс тек Алакөлдің ғана емес, еліміздің жетістігі.

Қасиет АРЫСТАН,

Алакөл ауданы әкімінің баспасөз хатшысы

Алматы облысы