ЖҰРТ ҚУАНТҚАН ЖЕТІСТІК

Уақыты: 25.08.2017
Оқылды: 1095

Аспан асты, жер үстін дүбірлеткен додалар бір сәт үзіліп көрген емес. Бір жұлдыз сөнсе, мыңы жамырай жарқ ете қалатынындай, бір құрлықта салтанатпен тамам болған бәсекенің алауы өзге мемлекетте тұтанып жатады. Дамылсыз дүбірлі сайыстарда топ жарған саңлақтарды даралап көрсетер, сүйіншілер спорт журналистерінде де тыным алар мезгіл жоқ. Осындай мазасыз һәм қызықты салада өз сүрлеуін сала білген арда азаматтардың қатарында әріптесіміз Ришад Тұрғанбаевтың бары даусыз. Ол жылдар тізбегіндегі жарқын жеңістерді қаламына арқау етіп, қазақ спорт журналистикасының тарихына өзіндік үлесін қосып келеді. Алаш айбынын асырған чемпиондардың жеңісімен жанкүйер жұртты, ойлы оқыр­манды сүйіншілесе, талапты жастарды сөз құдіретімен қанаттандырудан, көк байрақты желбіретер спортшы болуына рухани дем беруден кенде қалған емес. Отандасы топ жарса құдды өзі жеңімпаз атанғандай шаттанып, жеңіліс тапса бірге қамығар, өз саласы мен бойдағы дарынына адал болған Ришад Тұрғанбаев жуырда Астана төрінде өмірлік ұстазы санаған Сейдахмет Бердіқұл атындағы сыйлықтың лауреаты атанып, төсбелгіні кеудесіне тағып қайтты. Қазақ спорт журналистикасының атасы саналған С. Бердіқұлды еске алуға арналған шағын футболдан өткен республикалық турнир соңында салтанатты түрде марапатталған әріптесіміздің бұл жетістігі – күллі жетісулықтарға ортақ. Ендеше, жаратылысынан жаны жайсаң, білімі ұшан, қаламы қарымды журналистің сан жеңістің жаршысы болатыны даусыз. Алдағы алар асуының бұдан да  асқақ болатыны күмәнсіз!

«Жетісу» газетінің ұжымы.