МЕДАЛЬ СЫҢҒЫРЫ ЕСТІЛДІ

Уақыты: 25.09.2023
Оқылды: 584

Сары құрылықтағы төрт жылдықтың басты додасы Қытайдың Ханчжоу қаласында бастау алып, спортшыларымыз жарыс жолында сыналып жатыр. Бәсі жоғары бәсекеде ел намысын қорғағандардың алды жүлдеге ие болып, келесі жылы Парижде өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алды.

Әуелі жарыстың ашылу салтанаты ерекше сән-салтанатпен өріліп, түрлі отшашумен жалғасты. Бұл жөнінде Азия ойындарынан ақпарат тарату үшін арнайы барған жетісулық аға журналист Несіп Жүнісбайұлы «...Қытайдың Ханчжоуында басталған XIX Aзия Ойындары ғажап көріністермен көз алдымызда қалды. Тіпті бұл салтанатты ашылуды сонау 2008 жылы осы елдің астанасы Бейжіңде болған Олимпиадалық  Ойындардың ашылу салтанатымен салыстырсақ та болады. Дәлірек айтсақ, соның жалғасы деуге тұратындай. Бүгінде ілгері кеткен дүниедегі жарықты пайдалану әдістерінің шыңына жеткен қытайлықтар стадион-сахнада екі сағаттан асатын теңдессіз спектакль жасады. Мұндай кешенді жарыс шартына сай шеруге шыққан спортшылар арасында Қазақстан тобы саны жағынан шамамен 2-5 орындарда болған шығар. Бұл әзірге спортшылар қарасына байланысты нәтижеміз. Енді алда соны сапаға айналдырып,спорттық нәтиже жағынан сол орындарда болу міндеті тұр!», – деп жазды.

Ағамыз дәл осындай сында молынан барған спортшыларымыздың соншалықты жүлдеге ие болып, ел мерейін өсірсе деген де тілегін жасырмады. Көп алдында қазақтың көк туын бокстан ел құрамасының капитаны Асланбек Шымбергенов пен жеңіл атлетикадан әлем чемпионатының қола жүлдегері Надежда Дубовицкая алып шықты. «Үлкен лотос» стадионында болған құрылымы ерекше сценарий бойынша өрбіген ресми ашылу салтанаты да тарих қойнауына енді. Көргендер айтып жүретіндей, естігендер тамсанатындай болды. Қытайдағы басты жарыста Қазақстан спорттың 30 түрінен 524 спортшы алып барды. Бұл Азиадада бокс, садақ ату, қазіргі бессайыс, жүзу, брейкинг, көгалдағы хоккей, теннис және жеңіл ателтика сынды спорттың 8 түрінен келесі жылы өтетін Олимпиада ойындаына жолдама үлестіріледі.

Жарыстың ресми бірінші күнінде ел спортшылары екі жүлде алды және екі жолдамаға ие болды. Бірінші болып жолдама алған – бессайыстан сынға түскен Елена Потапенко. Ол шешуші кезеңге дейін жалпы есепте 8-ші келе жатты. Мылтық атуда сәтті өнер көрсетіп, жалпы қорытынды бойынша 1340 ұпай жинап, 5-орын алды. Одан бөлек тағы бір жолдамаға бессайыстан сынға түскен Георгий Борода-Дудочкинге тиесілі. Атлет финалдық кезеңде 10-орын алды. Ереже бойынша үздік бестікке кірген мемлекет жолдамаға иелік етеді. Алайда Георгий 10-шы болғанымен Жапония, Оңтүстік Корея және Қытайдың спортшыларынан қалды. Бұл елден тек бір ғана адам лицензия алатынын ескеріп, Қазақстан мен Тайланд атлетіне бір-бір жолдама берді.

Алғашқы күні-ақ тарихи сәттің куәсі болдық. Дзюдодан 48 келіде Абиба Әбужақынова күміс медаль алды. Ол финалда 3 дүркін әлем чемпионы, 2018 жылғы Азия ойындарының жеңімпазы жапониялық Нацумо Цунодадан жеңілді. Абиба биыл ақпанда Португалияда өткен гран-приде топ жарған тұңғыш қазақ қызы есебінде белгілі. Тағы бір дзюдошымыз Мағжан Шамшадин 60 келіде күресіп, қолаға ие болды. Үшінші орын үшін болған белдесуде тәжік Мехрзод Суфиті жеңген еді.

Дәл қазір Азиадада боксшылар, су спорты, дзюдо шеберлері сынға түсіп жатыр.

Серік Қантай