ИНДОРХОККЕЙ: СПОРТТЫҚ АТАҚҚА ҚОЛ ЖЕТКІЗДІ

Уақыты: 14.10.2023
Оқылды: 861

Талдықорған – еліміздегі индорхоккейдің негізгі ошағы. Оған Азия, Әлем чемпионаттарында табысқа кенеліп, айрықша ойын көрсетіп жүрген жетісулық спортшылар дәлел. Ұлттық құраманың негізін құрайтын жетісулықтарды ел азаматтары халық алдында құттықтап, олардың тәжірибесіне, лайықты нәтижесіне қарай «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» атағын берді.

Осыған дейінгі Азия аймағындағы, Әлемдік аренадағы нәтижелерін ескере отырып Дәулет Урманов, Тілек Өзбек, Еркебұлан Дүйсебеков, Мақсат Жөкенбаев, Аман Елубаев, Ағымтай Дүйсенғазы, Алтынбек Айтқалиев, Ерасыл Асхатов, Жансерік Үсен, Ленур Вишняков, Арсен Подолякин сынды спортшылармен бапкер Ольга Урмановаға «Халықаралық дәрежедегі спорт шебері» куәлігімен төсбелгісі табысталды.

Одан бөлек облыс әкімінің орынбасары Рустам Әлидің арнайы алғыс хатымен Ермек Ташкеев, Азамат Қуатов, Мейірлан Тойбеков, Жеңіс Бейбітов, Мерей Төлепбек, Рустам Естемесов, Данияр Ерәлі, Бауыржан Жәлел мен Мұхамед Асланұлы марапатталды. Арнайы құттықтап келгендер спортшыларға зор табыс, алдағы жарыстарда айтулы жеңістерге жетуін тіледі. Сондай-ақ, облыстық хоккей федерациясы әр ойынды назардан таса қалдырмайтын Махмұд Мамытбайұлы мен Ольга Урмановаға алғыс білдіріп, еңбектерін бағалады.

Алуа ОСПАНЖАН
Фото: көрнекілікке алынды