Қазақ туын көтерді

Уақыты: 05.09.2016
Оқылды: 1953

Тарихтың бетін парақтасаң, есімін алтын әріппен жазған қыздарды жиі кездестіреміз. Солардың шырқау шыңында Тұмар ханшайым тұр емес пе? Қыран мінез қыздардың бойынан қандай да бір ұшқынды байқай қалсақ, Тұмардың ұрпағы, өжет, қайсар деп жақсылыққа теңеп жатамыз. Иә, бұл біздің бойымызға біткен асыл қасиетіміздің бірі. Жақсылыққа жорып, кімді болса да адалдыққа тәрбиелейтін әдетіміз.

Одан бері шығыстың қос шынары атан­ған Мәншүк пен Әлияны қалай ұмытасың? Қарсы келген дұшпанды жайратып салып, Отан үшін қаймықпай күрескен қыздардың ерлігі ел аузынан түскен емес. Түспейтіні де анық. Солай болып қала да береді. Әлімс­ақ­тан батырлықтың ақ найзасын шаншыған қос батыр ел үмітін абыроймен ақтап, өздерінің жауынгер, болаттай берік, алмас қылыштай өткір елдің ұрпағы екенін қан майданда дәлелдеді. Одан бері тәуелсіздік жолында құр­бан болған Ләззат пен Сабираның ерлігін ешкім де ұмытқан емес. Қар жастанып, мұз төсенген қос қыздың жаққан алауы әлі өшкен жоқ. Мұзға жаққан алауды сол кездегі сола­қай саясаттың екпіні қанша үрлесе де өшіре алмады. Керісінше, одан ары лаулатып алды. Сондағы тұтанған қызыл жалын бүгінгі жастардың бойтұмарына айналды. Қызуына жылынып қуат алған жас ұрпақ әпкелері салған қасқа жолмен жүріп келеді. Алшаң басып, бейбіт күннің беделін асырып, бере­ке­сімен ел мәртебесін асқақтатуда.

Өткен тарихты неге қозғады десеңіз, нақты әңгімеге көшейін. Өткенді еске алмай, болашаққа қарау мүмкін емес. Ендеше кешегі Тұмардан қалған қайсарлық қайта алаулады. Мұхит асып, ел үмітін арқалап аттанған үш қызымыз қиындыққа қайыспай қарсы тұрып, қола жүлдені елге әкелді.

Мен атаған арулар майдан даласында ер­лік жасаған болса, енді айтайын деп отырған үш қыз бейбітшілік майданында айдарынан жел ескен қыран қыздар. Ол Рио Олим­пиа­дасынан толайым табыспен оралған балуан Эль­мира Сыздықова, ауыр атлет Жазира Жап­пар­құл және боксшы Дариға Шәкімова. Ең бірінші Жазирадан бастайық. Зіл батпанды басына көтеріп, жанкүйерге қарап езу тартып жымиғаны ел есінен кетпес көрініске ай­налды. Ауыртпалықты білдір­мейтін, қинал­ған­ды көрсетпейтін, көз жасын қарсыласқа байқат­пай­­тын өр мінез тек біздің қарын­дас­тардың ғана қолынан келеді. Ал­тын­ға қолы жетпеді дегені болмаса, күміспен күптелген Жазира­ның ерлігі кімге болса да үлгі. Олай дейтінім, ол Олимпиада ойын­дарында жүлде салған тұңғыш қазақ. Бұған дейін қазақ қыздарының арасынан Олим­пиадада жүлде алған Алаш қызы болған жоқ. Сіресіп қатып қал­ған сеңді бүгін Жазира бұзды. Сол мұз тау­ды басына көтеріп таста­ғанда сіресіп тұрған сеңнің күл-талқаны шыққандай болды. Көз алдымызда жарқырап күн шыққандай, та­рылып барып, тыныс алғандай күй кештік. Қос қолын кө­тер­ген Жазираны көргенде, міне, Алаштың таңы атты дедік. Төбеміз көкке бір елі жетпей қалды. Бөркімізді аспанға атып, қуанып келеміз. Бұған дейін де сан мәрте әлем алдында елдің туын жық­паған болатын. Ал бұл жолғы сайыстың бәсі бөлек, мәртебесі жоғары. Қайтсем алтын аламын деген өжеттігі кімге болса да үлгі еді. Әттеген-айы, саф алтынды қол­ға түсіре алма­дық. Бірақ, өкінетін ештеңе жоқ. Күмісінің сал­мағы да біз үшін алтынмен пара-пар. Зіл батпанға қатынасы қатаң бол­ға­ны­мен былайғы күнде жадырап жүретін Жа­зи­ра еліне де­ген сүйіспеншілігін тамаша дә­лел­деді. «Қа­зақ­тың күміс қызы едім, алтын қызы атансам деген ойым іске аспады», – деп езуіне күлкі үйір­ген Жазираның бойынан ұлттық рух пен на­мысты байқадық. Тіпті «Мен тек қазақ ті­лінде ғана сөйлеймін», – дегенінің өзі ұл­ты­на де­ген сүйіспеншілігі емес пе? Ендеше, Қа­­зақ­тың күміс қызын қалай мақтасақ та лайықты.

Жазираның жарқын жолын жалғаған Эльми­­раның ерлігі де ауыз толтырып айтар­лықтай. Бозкілемге жаңа шыққан алғадай қыз сасып қалды ма, қарсыласына есе жіберіп алғанда сан соғып қалдық, өкініш жүрегімізді тіліп өтті. Бірақ ол жанарымен жер шұқымады. Қайраттанып, Жаратқаннан тағы бір мүм­кіндікті сұрағандай езуі жы­быр­лап, кілем­нен түсіп кетті. Абырой болғанда Эльмираның сұрағаны болды. Жұбаныш белдесуі келді. Бұл жолы Эльмира тіптен бө­лек. Сұсты, қайратты, қарсыласының жігерін құм ететіндей күш-қуатты бойына жиып шыққандай. Төрешінің белгісі берілген бетте арыстандай айбат шегіп, қарсыласының жағасына жармасты. Алыс­ты, қалайда жеңе­мін деп тер төкті. Қар­сыласын қос қолдап бел­ден қапсыра құ­шақтап, боз­кі­лем­ге атып ұр­ды. Осылайша керекті ұпайды еншісіне жазды. Бізге де керегі сол еді. Енді жаймен жүріп, уақытты созса болғаны деп отырдық. Жоқ, Эльмира қайта ұмтылды, біріншіде кеткен есені сенен қайтарам деді ме, бұл жолы аяққа өтті. Құрыш білек қарулы қыздың қолына түскен қарсыласы қашып құтыла алмады. Мықтап тұрып тұ­зақтады, ары-бері ырғап, бозкілемге құлатып алды. Асауға салған тұсаудай қолдары айқасып жатыр. Қылбырау салып бұ­ра­ған­дай айналып кеп бергені көз алды­мызда. Бес айналып, он ұпай­ды қанжы­ғасына байлады. Төреші де ысқырық шалып, жеңісті Эль­ми­раның қолы­на ұстаты. Міне, жігер, міне, на­мыс, міне, ше­берлік. Енді бір кедергіден қар­ғысаң қола жүл­де қолда тұр деп біз де жан­ұшырдық. Айт­қандай-ақ соңғы шешуші кездесуге тағы шықты. Бұл жолғы қар­сыласы оңай емес, әлемде жүлде салған қыз. Бірақ оның атағы­нан қорыққан Эльмираны біз байқамадық. Жай отындай жарқ етіп, жұлдыздай жар­қы­рады. Алайда қарсыласы икемге келетін емес. Қанша әдіс жасаса да құлайтын түрі жоқ. Бойында намыс оты лаулаған Алаш қызы қойсын ба, бар күшін бойына жинап, мойын­нан ұстап бірақ-ақ лақтырды. Жам­бас­қа оң­тайлы келген қар­сы­ла­сының аяғын көктен кел­тірді. Лақ­ты­рып қана қоймай, ас­ты­на ба­сып жатып алды. Біз де уақыт санап, жан­­ұшы­рып барамыз. Қап­талда бапкері Қай­рат Сағадиев жанын шү­­бе­рекке түйіп отыр. Уақыт, уақыт деп ай­ғай­ға бас­ты. Төреші де асығатын емес, асық­пай ке­ліп, жотасымен жатқан балуанның жауы­ры­ны­на көз тастады. Бозкілемге жабы­сып қал­ғанын анық көріп, таза жеңіс деген белгімен бес саусағын аспанға атты. «Сүйін­ші, Алаш қызы Олим­пиа­даның қола жүлде­сі­не қол жеткізді», – деген комментатордың дауы­сы саңқ ете қалды. Бұл біздің көптен күткен жеңісіміз еді. Эльмира қолына Көк байрақты ұстап алып, Рионың кілемін айнала жүгірді. Жел­біретті әлемге, Рионың аспанына Қазақ атын алтын әріппен жазды. Жұптасқан қос қызы­мыз ел намысын биіктетті.

Ал үшінші күні шаршы алаңға шыққан Дариғаның ерлігін қалай айтса да болады. Қолына былғары қолғап киіп, жұды­рық­тас­қан ұлдардың өнеріне көзіміз үйреніп кеткені белгілі. Ал қыз баланың жұдырық сілтегені қалай болады деген ой да жоқ емес. Иә, бұған дейін Олимп шыңына Қазақ елінің бір қызы жеңіс туын шаншыған еді. Бірақ, елдің қызы болғанымен Дариғадай есімі бөлек жан емес. Тұңғыш болып жазылатын есім енді туған­дай. Сонымен шаршы алаңға шыққан Дариға кубалық қызбен жұдырықтасатын болды. Бұған дейін бір қарсыласын жолынан ығыс­тырған Дариға жүлдеге жақын қалды. Шір­кін, осыны жеңсе, алтынға таласамыз. Ұтыл­сақ қола жүлде қоржында. Бұған дейін бокс­та қазақ қыздарынан ел қоржынын есе­леген ешкім жоқ. Сондықтан болар, Дари­ғаға деген сенім минут сайын еселеніп ке­ле­ді. Ал бас­талды. Нағыз шайқас, жан алып, жан берісіп жа­тыр. Дариға да қорғана жүріп, соққысын да­рытуда. Қарсыласы бойшаң, әлемді үш мәрте бағындырған атағы тағы бар. Әбден ысылған әккі спорт­шы. Біздің қыз да оңай шағылатын жаңғақ емес. Ретін тауып, ашық қал­ған тұсты көз­дейді. Өзіне де бір-екі соққы өтіп кетті. Оған қайсарланған Дариға қарсы шабуылға көшті. Бірінші раундта қасына жолат­па­ғанымен төрешілер жеңісті Куба қызына берді. Екінші раундта тіптен шиыр­шық атты. Қос бүйірден екі соққы жасап, тұм­сықты бір-екі сүйкеп өтті. Жарадың деп біз отырдық. Барған сайын күшін үдетіп, атойлап келеді. Куба қызы қазақ қызының ауыр соққысының дәмін татып қалды. Қай­мы­ғып қалды деуге келмейді. Талайды көр­ген боксшы қорғануға көшті. Тасқамалды бұзу Дариғаға оңай соқпады. Ашық тұсты дәл­деп соғып тағы да еншісіне ұпай жазды. Ақыры екінші раунд та бітті. Төреші таразы басын бізге бұрды. Есеп тең.

Енді шешуші кезең, қос қызда жан қал­ма­ды. Әркім өз әлінше соққы жұмсап, жеңіс­ке ұмтылды. Біздің қыз да қалысар емес. Алғашқы раундтағыдай емес, үшін­шіде тіп­тен қайраттанып кеткендей. Ше­лек­теп тер төгіп, соңғы минутқа дейін шай­қас­ты тоқ­тат­пады. Әттеген-ай, дәлдік жетіс­педі. Жеңіс Ку­ба қызының уысында кетті.

Бірақ, өкінетін ештеңе жоқ. Шаршы алаңда шар болаттай шыңдалып, Рио төрінде қолаға қол созған тұңғыш қазақ қызы Дариға Шәкімова деген атаққа қол жеткізді. Бұл елдің қуанышы, үміті, сенімі ақталды деген сөз. Қоланы уысына түсірген Дариғаның бұл жеңісімді Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаймын дегені жанды жады­рат­ты. Мәң­гілік Елдің ұланы екенін ол осылайша Рио төрінде жаңғыртты. Қазақ­тың туы мұхиттың ар жағынан үш мәрте көтерілсе, күміс пен қолаға қол жеткізген қыздарымыздың ерлігі Мәң­гілік Елдің тарихы, мызғымас құн­ды­лығы болып қала беретіні сөзсіз.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ