Жас та, жасамыс та жүгірді

Уақыты: 10.10.2016
Оқылды: 1872

Жуырда Талдықорған қаласы әкімдігінің ұйым­дастыруымен ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында «Алмарафон» атты марафон жарысы өтті. Қала күні мерекесіне орай ұйымдастырылған айтулы шараға жергілікті тұрғындармен бірге шаһар басшысы Бағдат     Қарасаев бастаған Талдықорған қалалық әкімдігінің қызметкерлері және бөлім, мекеме, кәсіпорын, ауылдық округ, оқу орындары, орта мектептер, спорт мекемелері мен әскери бөлімдер ұжымдарынан құралған барлығы 1500-ден аса адам қатысты. 

Шараның мақсаты – Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан – 2050» Стратегиясын жүзеге асыру, дене шынықтыру мен спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттап, ұлт денсаулығын қалыптастыру болып табылады. Айта кетейік, марафонға қатысқандар қатарында дүбірлі додаларда ел намысын асқақтатып, көк Туымызды биіктен желбіретіп жүрген спортшылар да бар. Әлемге аты танылып жүрген марафоншы, ардагерлер арасындағы Әлем чемпионы Биебай Тілемісов, Юрий Пащенко, 2008 жылғы Пекин Олимпиадасының қола жүлдегері Нұрбақыт Теңізбаев, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасының қатысушысы Шолпан Қожахметова, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қатысушысы Сұлтан Дүзелбаевтардың көпшілікпен бірге жарыс жолына шыққандығы тұрғындарды жігерлендіре түскендей.  
Марафон 2-ші шағын ау­дандағы айналма жолдан бас­талды. Тәуелсіздік көшесінің бойымен жүгірген жарыс қатысушылары орталық алаңда мәре сызығына жетті. Бұл сында ерлер арасынан І орынды Сергей Роговенко, ІІ орынды Ерасыл Мұқатай, ІІІ орынды Жансерік Қобланбеков, ІV орынды Елнұр Абылайұлы, V орынды Асхат Жангудинов алса, қыздар арасынан І орын Жадыра Орынбековаға, ІІ орын Маргарита Югайға, ІІІ орын Екатерина Югайға, ІV орын Наташа Максимоваға, V орын Арайлым Адиловаға бұйырды. Ал жарыстың «Ардагер қатысушы» номинациясына 71 жастағы ақсақал Мырзахан Қойшығұлов лайық деп танылса, «Ең жас қатысушы» атағын иеленген 7 жасар Әмірхан Ақбаян арнайы сыйлықпен марапатталды. Жеңімпаз атанғандарды Талдықорған қаласының әкімі Бағдат Қарасаев құттықтап, диплом, кубок, медаль және бағалы сыйлықтарды табыстады. 
Данияр САҒЫНДЫҚ.