Сары қымыз үзілмейтін дәмхана

Уақыты: 10.11.2016
Оқылды: 2126

Ұзынағаш ауылындағы «Аңсар ауылы» қымызханасында сары қымыз бен құнары мол шұбат жыл он екі ай үзілмейді. Мұнда қонақ күтуге арналған үлкенді-кішілі үйшіктер мен жыл мезгіліне қарай әртүрлі ондаған шатыр шоғырланған. Бейнебір қалашық дерсіз. Жаздық орындары маусымның жылы мезгілінде келушілерден бір босамайды.

Ал киіз үй пішіндес етіп салынған екі үлкен зал сақылдаған сары аязда да жұмыс істейді. Әрқайсысы 80 орынға арналған шаңырақ-залдың ішіне жылу жүйесі жүргізіліп, әсем безендірілген. Мұнда қымыз бен шұбатқа қоса қазақтың ет, қуырдақ сияқты ұлттық тағамдары тартылады. Қымызхана ауласына неше түрлі қылқанжапырақты ағаштар отырғызылып, алтыбақан орнатылған. Тамақтандыру орны қыстың күні де жап-жасыл болып, көркемдігімен көз тартады. Ағаш арасындағы аң-құстың, жануарлардың мүсіндері мұнда келушілерді бейне бір табиғат аясында жүргендей күйге жетелейді. Елік, ақбөкен, арқар, бұғы, қар барысы, таутеке, қырғауыл бейнелері дәл бір шынайы тұрпатындай.
Қайрат Махановтың «Аңсар» шаруа қожалығын жүргізгеніне биыл бесінші жыл. Аудан орталығына кіреберістегі қымызханасында тұтынушыға қымыз бен шұбат ұсынып келеді. Ұлттық сусынды емге пайдаланушылар саумалды желі басынан да ішеді. Жаңадан сауылған бие сүтінің адамның ішкі ағзаларына аса пайдалы екені белгілі. «Үзбей ішіп, асқазан-ішек, өт жолы-бауыр аурулары сияқты дертіне шипасы тигендер алғыстарын білдіріп жатады», – дейді Қайраттың зайыбы Мереке. Осында дайындалған дәмі тіл үйірер қымыз бен шұбат бүгінде аудан тұрғындарына кеңінен танымал. 
Шаруа жайын сұрағанымызда кәсіпкер Қайрат ағынан жарылды. «Қожалықта 230 жылқы, 400-ге жуық түйе бар. Қазіргі кезде 70-ке жуық бие, 120-дай інген сауылады. Соның өзінде қымыз бен шұбат кейде келушілерге жетпей қалғанда «әттеген-ай» деймін. Олар арнайы іздеп келді ғой. Сондықтан келесі жылы, бұйыртса, сауын бие санын жүзге, інгенді 200-ге жеткізсем деймін. Халыққа керек екен, неге сол үшін еңбек етпеске? Экологиялық жағынан таза, денсаулыққа пайдалы ас-су ішсе, олардың көңілдерінен шығып, алғыс алғанның өзі бір мәртебе. Кәсіпкерлік қызмет болғаннан кейін, әрине, табыс табу – басты мақсат. Онсыз қандай ізгі амал болса да қол жеткізе алмайсың. Шүкір, көздегеніміз бірден болмаса да бірте-бірте орындалып келеді. Шаруашылықты әлі де кеңейту ойда бар. Түйе Ақшиде болғандықтан 120 шақырым жерден шұбат тасымалдаймыз. Мұның өзі шығынды арттыра түседі. Сондықтан інгенді қымызханаға жақын жерден сауу ісін ұйымдастыруды қолға алған едім. Бұйыртса, ол да жүзеге асатын түрі бар. Ол үшін Еңбекші ауылы маңынан жер алдым», – дейді іскер жан.
Қожалықта 50-ден астам адам жұмыспен қамтылыпты. Мұнда ең төменгі жалақы 60 мың теңге болса, істеген еңбегіне қарай 250 мың теңгеге дейін табыс табатындар бар. Жаздың күндері малға қарап, жемшөп дайындау, ас әзірлеп, қонақ күту сияқты жұмыстарға тартылатындар қатары артады. Ұлттық тағамымызды ұлықтап, ауылды көркейтуге үлес қосып отырған кәсіпкердің еңбегі берекелі болғай.
Жамбыл ауданы.