Ғаламтордағы ғайбат

Уақыты: 21.11.2016
Оқылды: 2770

Ғайбат – біреудің сыртынан айтылған сөз. Ол өзіңнің жаныңды ауыртып қоймай, өзгеге де жамандық әкелетіні хақ. Жалпы шариғатымызда, кешегі бабаларымыздың қалдырған  өсиеттерінде өсек, өтірік, ғайбат пен үстірт пікірге сақ болуды ескертеді. Алайда бүгінгі қоғамда әлеуметтік желілерде желдей ескен пікірлердің, ғайбат сөздердің көбейіп келе жатқанын көріп налитының анық.

Таяқтың екі ұшы болатыны сияқты әлеуметтік желінің де жақсылығы мен жамандығы бар. Бірақ бүгінгі ұрпақ ғаламторда ғайбат айтуға бейім. Оған дәлел – ғаламторды ашып қарасаңыз небір мақтап жазған дүниелердің аяғы сол адамның сыртынан өрбіген қаншама өсек пен ғайбат сөздерге әкеліп соқтыратындығы,біреуді жамандап жазса, жабыла қостайтындығы. Таныс па, бейтаныс па, ол жағы маңызды емес, әйтеуір жамандаса болғаны. Сонда халқымыздың көнеден қалған сөз мәдениеті, әдет-ғұрпы, мейірімділігі, еліне деген жанашырлығы жоғалып бара жатқаны ма? Ең сорақысы, дағдыға айналған өсек пен өтірікке толы пікірлерді жас та, жасамыс та оқиды. Жұрттың кемшілігін жазып, өскелең ұрпаққа қандай үлгі, нендей тәлім-тәрбие беріп жүрміз? 
Жамандығын жасырып, жақсылығын асыратын, үлкенге құрмет, кішіге ізет қылатын халықтың ұрпағы едік. Әйтсе де, осы заманда өзгенің кемшілігін әлеуметтік желіге салып, ғайбат пікірлер жазып, өзіне ұпай жинайтындар көбейіп келеді. Байырғы дәуір адамгершілікке лайықты еді, бүгінгі қоғам «лайкты» болып барады. Әсіресе,  тойларда жиналған жұртты сөгу сәнге айналды.   
Қазақ – тойшыл халық. Дегенмен де сол тойда билеп жүрген қарттарды ұялы телефонға түсіріп, дауыс жинайтындар да бар. Олар жайлы жазған пікірлерін оқысаңыздар жаныңа түрпідей тиетіні хақ. «Бұрынғының аузы дуалы қарттары қандай еді, әр жиынды батамен бастап, батамен аяқтайтын. Бүгінгінің қарттары тойда секеңдеп билеп жүр» – деп өзін ұлтжанды көрсетіп басқаны сөгетіндер көбейіп келеді. Кең арнамыз тарылып, аласұрған заманда артық қимыл жасаудың өзі қиынға соғып тұр. Өзгенің сыртынан өсек айтып, күнә жасап жүргендер қаншама? 
Қарап отырсаңыз біріне-бірі ғайбат сөз айтқандар – қазақтың қарадомалақ балалары мен қыз-келіншектері. Сүреңсіз пікірлерді көріп, өзгелер отқа май құйып, жанжал туындатып жататынын да байқаймыз. Бұл онсыз да жоғымызды түгендеп, ынтымағымызды жарастырсақ деген еліміздің бірлігіне сызат түсіріп отырғаны айқын. Шариғатымызда: «Біреудің сыртынан өсек айту, бауырыңның етін жегенмен бірдей» дейді. Өзімізді-өзіміз даттағанша, көнелер салған иманды жолды жалғауға тырысайық. Өйткені, тілдің күнәсі – ең ауыр күнәлардың бірі.
Халқымыздың көне шежірелері мен ескі кітаптарында Лұқман Хакімнен малдың ең тәтті жерін алып кел десе, қойды сойып, тілін әкеліпті. Ал енді ең ащы жерін алып кел десе, тағы да тілін алып келіпті. Ол кісі: «Сіз неге қайта-қайта бір нәрсені әкеле бердіңіз?»– дегенде: «Жақсылық та, жамандық та тілден, тіл байқап сөйлемесе тас жарады, тас жармаса бас жарады», – деп жауап беріпті. Осыған орай дана халқымыз: «Басқа пәле тілден»  деп текке айтпаса керек. Бірде бір ғұлама: «Мына дүниенің өсегі тозаң сияқты. Жан дүниеңнің айнасын жауып қалады. Сен ақыл- есіңді жина да үндемей жүруді әдетке айналдыр», – дейді. Иә, өсек айтатын тілімізді тыйғанымыз абзал. Сондықтан ғаламторда отырып өсек айтудан сақтанайық. 
Әлеуметтік желінің мақсаты ақпарат алып, хат-хабар алмасып тұру екені хақ. Бірақ бүгінгі қоғамда оның пайдалы жағынан пайдасыздығы басым болып тұр. Әр заттың өз шегі болады. Әлеуметтік желіні де дұрыс пайдалана білу қажет. Кемшіліктерді жариялау біздің салтымызға жат дүние. Еліміздің санасын улайтын, жұртты адастыратын өсек, ғайбаттан арылып, одан іргемізді аулақ салғанымыз жөн. Тіл – біздің басты байлығымыз. Тіл түзелсе, имандылығымыз да, елдігіміз де түзелмек.

Айдар Қалиев