Жанат Бақыттың оюлары

Уақыты: 15.12.2016
Оқылды: 1848

Ұлттық құндылықты дәріптеп, ел ертеңі үшін аянбай еңбек етушілердің қатарында қыз-келіншектер де жоқ емес. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербейтін аналар әр бастамаға зор жауапкершілікпен қарап, биік белестен көрінуді мақсат тұтады. Сондай аруларымыздың бірі – көгілдір экран арқылы бұқара халыққа танылған тележүргізуші, бір үйдің түтінін түзу шығарып отырған асыл жар, аяулы ана, іскер әйел Жанат БАҚЫТ.

Ұлттық нақыштағы үлгілерді нарыққа шығару идеясының тууына эфирге киіп шыққан оюлы киімдерге деген сұраныстың көптігі себеп болған. Сөйтіп, Жанат ханымды: «Неге біз ұлттық нақыштағы киімді 22 наурызда ғана киюіміз керек?» – деген ой мазалайды. Осы төңіректегі түрлі сауалға жауап іздей келе, бір-ақ күнде жеке дүкен ашамын деген шешімге келеді. Кез келген  кәсіп  ол – тәуекел. Тәуекел етіп, сол күні-ақ жалға құны арзан дүкен тауып, оған сырлау, ақтау секілді жөндеу жұмыстарын түгелдей өз қолымен жасап, жиһазын үйінен тасып орнатады. «Бала-шағаның, отағасының күтімі, үй шаруасы, жұмыс, кәсіп – мұның барлығына жалғыз әйел үлгеру керек», – дейді кейіпкеріміз.
– «Үлгерем!» – деген әйел барлығына үлгереді. Ең бастысы, жалқаулыққа берілмеу керек. Түске дейін ұйықтап жататын болса, не отбасына қарап, не жұмыс істеп үлгермесе, не кәсіп ашып жарытпаса оған деген құрмет азаяды. «Бәріне үлгеремін» деген әйел таңғы сағат алтыда тұруы, кеш жатуы керек, – деп сөз арасында өз ұстанымын да байқата білді ол. 
Ұлттық құндылық тәрбиеден бастау алып, күнделікті өмірде насихатталып тұруы шарт. Өйткені  өзгеден бізді ерекшелеп тұратын да осы ұлттық нақыш, ұлттық  менталитет. Батыстық ашық-шашық киім үлгілерін киіп, сол елдің актерлеріне еліктеп өскенше, жастарымыз осындай әпке, жеңгелерінің бастамасын қолдаса, әлдеқайда дұрыс шешім болары хақ.
Біз әнші Роза Әлқожаның да қазақша  оюлармен  өрнектелген орамал сататын дүкені барын білеміз. Міне, мұндай бастамалардың  бәрі  ең  бірінші  жеке кәсіп ашып, табысқа кенелсем деген ойдан тумаған. Ұмыт қалып бара жатқан көнені жаңғыртсам, болашақ ұрпаққа қазақ оюларын танытсам деген жанашырлық сезімнен келген ой болуы керек. Жаһандану кезеңінде осындай жаңашылдыққа куә болудың өзі бақыт.
Жанат Бақыт әңгіме барасында жаңадан өзі секілді бір істі қолға алсам дейтін жас кыз-келіншектерге кеңес беруді де ұмытқан жоқ.
– Жата берсең ешкім саған асын бөліп бермейді. Мысалы, үйде отырып-ақ тоқыма тоқысаң да, моншақ тізсең де, кез-келген нәрсені үйреніп, желі арқылы жарнамалап сатсаң да болады. Әлеуметтік желі дамыған заман ғой. Сөйтіп, тиыннан теңге құралады. Тырмысқан, күрескен адамға, ниеті түзу болса Құдай да береді. Алайда, жұмыс істеп жүріп, үй шаруасын да ұмыт қалдырмаған жөн. Кейбір келіншектер түнде келеді, таңда кетеді. Үйде береке болмайды. Бала-шағаның қарындары аш, үстілері кір-қожалақ, күтімсіз. Мұндайда ұрыс-керіс көп болады. Себебі, оны ер адам жақтырмайды. Олар үйі үнемі жинаулы, асы дайын тұрғанын қалайды. Сондықтан, әйел адам оған да үлгеруі керек.  Жүгіріп келіп үйін тазалап, тамағын жасап, арасында балаларды балабақшадан алып, сабағын оқытып, кәсіппен де айналысып жүрсе бәріне үлгереді. Бесікті де, әлемді де тербеген әйелміз ғой, тек алға, – деді сөзін түйіндей келе. 

Айтпағымыз, осындай іскер әйелдер кеңесіне құлақ түріп, бүгін үйде отырған сіз де ертең табысты жеке кәсіпкер болып шыға келмесіңізге кім кепіл?! Үйреніп, үлгі алып, ең бастысы, әрбір бастаманы ұлттық құндылықты насихаттауға бағыттауды естен шығармасақ екен. Қорыта айтқанда, сүйікті іспен айналысу – сұлулықтың бір сыры. Себебі, өз ісін сүйетін, әрдайым белсенділік танытып жүретін еңбекқор әйелдің қашанда жас көрінетіндігі дәлелді қажет етпейтін шындық.