Ақжаулық - ана ажары

Уақыты: 26.12.2016
Оқылды: 4332

Бұқар жырау бабамыздың: «Бірінші байлық – денсаулық, екінші байлық – ақ жаулық», – деп жырға қосуында үлкен тәрбиелік мәні жатыр. Денсаулық болмаса құлшылық та,  ешқандай амал да істей алмайсың. Ол айтпаса да белгілі мәселе. Ал, екінші ақжаулық деп айтып отырғаны тікелей бүкіл әйел болмысын, жалпы әйел затын, оның тәрбиесін білдіріп отыр. Бұл жерде ақжаулық – әйел символы ретінде келтіріледі. Қазақ қашан да әйел затын құрмет тұтқан, аялаған, намысын қорғап, арын таптатпаған. Қыз балаға ерекше көңіл бөліп, ұлттық тәрбиені бойына сіңіріп өсірген. Сондықтан қазақ қыздары арлы, ұяты бар, тәрбиелі болған. Қазақ қыз баланы қырық үйден тыйған. Не себепті қырық үйден тыйған? Өйткені әрбір қыз  – ұлттың ары мен ұяты әрі анасы болған. Тарихқа көз салайықшы. Баяғы жаугершілік заманда аз қазақ ұлан-ғайыр жерді қорғап, жан-жақтан төнген жаумен соғысып, осыншама жерді алып қалды. Бұған тікелей себеп болған ол – қайсарлық пен қайтпас жігер, ұлттық намыс пен батырлық еді. Бұл қасиеттер ер азаматтың бойына аналарымыздың ақ сүтімен, аталарымыздың қанымен келген тектілік. Ал, қазір қандай күйдеміз? Әрине, бұрынғы бабаларымыздың тәрбиесімен, бүгінгінің тәлімін салыстыруға мүлде келмейді. Бірақ, сол бабаларға ұқсап баққан абзал мына заманда. Осы орайда, ғалымдардың дәлелін келтіргім келеді. Егер, қыз бала арынан айрылып, ұяты жоғалтып жатса, жігіттен намыс пен тектілік жоғалатынын келтіреді. Ал, енді ойлап қараңыздар? Қыздарымыздың тәрбиесі мен болашағына әрбіріміз бейжай қарамауымыз керек. Қыз – ұлттың ары. Егер қыздарымызды аялап, намысын қорғамасақ, онда бұның арты ұлтқа үлкен қасірет.
Тағы да айта кететін мәселе – әйелдің символы болған орамал жайы. Тарихқа көз жіберіп, Шоқан атамыз салып қалдырған ескі суреттерге қарасақ, қыз-келіншектердің барлығы дерлік жаулық таққан, әжелеріміз кимешек киген. Жарасымды, дәстүрге де шариғатқа да сай киінген. Ал, қазір шаштары жалбырап жүргенімен қоймай, киім үлгісі жартылай жалаңаштанған. Мұндайға бейжай қарап жүре берсек, ұлттық тәрбиемізден алыстап, ұрпағымыздың тамырына балта шабарымыз сөзсіз. Сол, себепті ата-бабамыз аманаттап, ғасырлар бойы жалғасып келген тәрбиенің өзегіне құрт түсіріп алмай, түсіп те кетті-ау, ұлттық иммунитетіміз бабалар жолынан өнеге алып, өркениет өрісіне өзімізге ғана тән бабалар тәлімімен жол тартсақ, келешегіміз бұдан да кемел болатыны ақиқат. 

Қалқаман
Әбдірахманұлы.
Талдықорған қаласы.