Зеренің шын есімі кім?

Уақыты: 30.01.2017
Оқылды: 7168

 

Зере дегенде ұлы Абайды тәрбиелеген қазақтың қарапайым әжесі көз алдымызға келеді. Әлбетте, «Абай жолын» оқыған көзі қарақты оқырман Зере ананың қадір-қасиетін жете танитыны анық. Айтпағымыз – Зере қазақ ұлтының маңдайына біткен дана ойшылы Абайды тәрбиелесе, ал хакім Абай бүкіл қазаққа имани-мәдени, адамгершілік-эстетикалық, жалпы рухани тұрғыда бағыт-бағдар беріп, тура жол көрсетті. 

Әлқисса, осыдан бірнеше жыл бұрын Қаратал ауданында алқалы жиын өтті. Осы жиынға қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департамент басшысы Серікбай Өрікбайұлы келіп, еліміздің дамуы, оны жүзеге асыратын болашақ жастар тәрбиесі жөнінде әсерлі әңгіме өрбіткен еді. Ол кісі сол кезде елдік тұрғыда ой қозғады. Биік мінберден ел болашағы, ұрпақ тәрбиесі жайлы сөз қозғалғанда ата-әже өнегесі де назардан тыс қалмаған. Әңгіме ауаны хакім Абай төңірегіне келіп ойысты. Сол кезде Серікбай Өрікбайұлы көпшілікке: «Ойшыл ақын Абайдың әжесі кім?» – деген сауал қойды. Залдағы отырған көпшілік қауым арасынан «Зере... Зере» деген дауыстар естілді. Серікбай Өрікбайұлы сәл жымиып:
– Дұрыс. Ал енді Зеренің шын есімі кім? – деп қайта сауал қойғанда ешкім ләм-мим демеді. Сұрақ жауапсыз қалған соң ол кісі: «Ал, жақсы. Зеренің шын атын айтқан адамға сыйлық беремін», – деп ынталандырып та қойды. Үлкен кісіден сый дәметуден ұялды-ау деймін, ешкім жауап қатпады. Білгендер үндемеді, білмейтіндер мектепте оқығанын еске түсіріп жатты. Менің де есіме мектептегі  ұстазым орала кеткені. Қазақ әдебиетінен сабақ беретін мұғалім ақын-жазушылардың шығармасын тәптіштеп сұрап, егер білмей қалсақ: «Кәні, кім айтады? Соған «бес» қоямын», – деп оқуға құмартып қоюшы еді. Әлбетте, тегін бестік журнал бетінде жатпайды. Сол кезде білмей қалғанымыз үшін өкініп, үйге келген соң кітапты қопарып, кітапхананың сөресін шарлап кететінбіз. Ал биік мінберден лауазым иесі ынталандырып тұрғанда білсек те айта алмадық. Айтқымыз-ақ келді. Бенжамин Франклиннің басы салынған екі көк қағаз көлеміндегі сыйлық үшін Зеренің азан шақырып қойған атын айтуға біз де ыңғайсыздандық. Расында, Зерені әр қазақ білуі тиіс емес пе? 
Иә, Бектемірқызы Зеренің азан шақырып қойған аты Тоқбала еді. Бірақ Зере есімімен танылған қазақ анасының, әжесінің шын есімін білу өз алдына, оның «қазақ қоғамындағы отбасы құндылықтарын сақтаудағы рөлі қандай?» деген сұраққа жауап іздеген жөн болар. Біз үшін Зере кім? 
Зере – ұлт әжесінің жиынтық бейнесі. Ол – ұлт анасының символы. Салт-дәстүр мен тәлім-тәрбиенің қайнар көзі. Кемеңгер Абай ақынның даналығының бастауы ғана емес, ұлтымыздың рухани төлқұжатына айналған айшықты тұлға.  
  Халық жақсыны қашанда көтермелеген. Жұрт Зерені ел анасы деңгейіне бекер көтерген жоқ. Халық жадында «Абай жолы» роман-эпопеясы арқылы Зере бейнесін – ұлт берекесі мен дәстүрі кейпінде сомдап шыққан дара жазушы Мұхтар Әуезовтің еңбегі ерен. Әлбетте, қазақта Домалақ ана, Құртқа, Ақжүніс, Гүлбаршын секілді аналарымызды әспеттеген халық – шаңырақтың уығы мықты, керегесі кең болуы үшін аса құрметтеген. Қазақ қашанда қыз баланы ерекше қадірлеген ғой.
Біз қазіргі жас келіндерге үлгі болатын сол асыл аналарымызды қалай дәріптеп жүрміз? Себебі, Зере дегенде көз алдымызға киіз үй ішінде қазақтың ұршығын иіріп, жүн түткен, немересін баққан әже елестейді. Ақжаулықты ананың айтқан ертегісі, өсиеті ғана емес, түр-тұлғасы, бір қарасының өзі неге татиды?! 
Былтыр Семейде үлкен шара өтті. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университеті мен кешегі Ақтамберді батыр мен Ақтайлақ бидің тағылымы қалған Жарма ауданының әкімдігі бірігіп, «Ұлы Даланың ұлы аналары» атты бұрын-соңды болмаған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді. Ғылыми жиын жұмысына Астана мен Алматыдан, облыс орталықтарынан елге белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар қатысқан еді. Сонда қай ананың есімі ұлықталды дейсіз ғой? Айтайық.
Семей қаласының жұртшылығы университетте «Құнанбай» көркем фильмінің режиссері Досқан Жолжақсыновпен және Жамбыл облыстық драма театрының әртісі Нұрсипат Салықовамен кездесті. Жұрт көркем туындыға қатысты небір қызық сұрақтар қойды, әсіресе Зере әже бейнесі тақырып өзегіне айналды. Жұрт  қазақтың әжесі болып кеткен Зеренің образы сәтті шыққанына риза болды. Ең кереметі, шара соңында Жарма ауданының орталығы Қалбатауда Зере әжеге арналған ескерткіштің ашылуы еді. Міне, аналарын құрметтеген халық осындай болса керек. Қалбатауда Зере әже ескерткішін ашу салтанаты да елдік деңгейде өтті десек, қателесе қоймаспыз. 
«Апыр-ай десейші, Зере әжем Қалбатауды бір көтеріп тастад-ау», – деп кемсеңдеген қарияны көргенде бүкіл халық тебіренді. Бір кейуана «Зерені бұрын кітаптан оқып, кинодан көруші едік, енді қасымызда тұрғандай күй кештік-ау» деп жылап сала берді. 
Ескерткіште зер салған адам білуге құмар, өзі зерек, ойы ұшқыр Абай немересін алдына алып отырған Зере әжені  көрер еді. Абыз әже мен немеренің отырысы, көзқарасы шынайы көрінеді. Образы ашылған. Ескерткіш авторлары – әкелі-балалы Ертіс пен Еркебұлан Тәти. Абай ауданының тумаларын Семей өңірі жақсы таниды. Ең қуанарлығы,  бейнесін көрсету арқылы олар бала күнінен ортасын, ақсақалдардың әңгімесін құлағына құйып өскен бала Абайды тәрбиелеген әже бейнесін сәтті сомдап, айтар ойын анық жеткізген.

Иә, Зере әже ұлт дәстүрінің алтын арқауы боларлық тұлға. Қалбатаудағы Зере әже ескерткіші – ұлттың ұлылығын айқындайтын, текті тәрбиенің шамшырағы болары анық. Біз осындай аналарды ұлықтау арқылы ел тарихын қадірлейміз. Дәл осындай ескерткіш әр облыс орталығында болса, құба-құп. Біз бұдан ұтпасақ, еш ұтылмаймыз. Көшеден әрі-бері өткен үлкен-кіші: «Мынау Зере әже ғой. Алдына салып тәрбие берген бала Абай ғой», – деп әдебиетіміз бен тарихымызды, қалпы бұзылмаған салт-дәстүрімізді еске түсіре бастайды. Мұндай ғибрат алар ескерткіштер елдік тәрбиенің жалғасы екеніне еш дау жоқ.


Асхат Өмірбаев.