ОТЫҢ ӨШПЕСІН

Уақыты: 06.02.2017
Оқылды: 1747

“Құс жолында” екі жастың үйлену тойы болып жатыр. Сөзден сарай тұрғызып жүрген асаба жігіт екі жастың құрметіне арнап пісірілген тортты ортаға әкеле жатқанын хабарлады. Кең залдың жарығы түгел өшірілді. Мейрамхана даяшысы қалыңдық пен күйеужігіттің бойымен бірдей етіп пісірілген, бірнеше жерден шаншылған шырағданы бар тортты сән-салтанатпен жеткізді.

Екі жас қолтықтасқан күйі алып тәттіге жақындап келіп той салтының жазылмаған заңымен отшашуды бір мезетте дем алмастан үрлеп өшірді. Зал ду соғылған шапалақтарға көмілді, сол сәтте жарық та берілді. Екі жас бір-біріне мейірлене қарап, өздеріне қадалған сан мың көзден имене ұялып, тортты қос қолдап бөліп жатты. “Бірге таңдаған жолымыз, ендігі бірлескен өміріміз осы торттай дәмді болғай!” – деп екеуі де, жанашыр жақындары да іштей тілеп тұрған шығар. Бәрі жарасымды. Әдемі. БІРАҚ...

ОТ бар жерде – жан бар. От – тірліктің негізі. Қазақ бабам отқа қарап түкірмейді. Отқа, шалаға су құймайды. Отқа су құйса, үй ішін күл басады, күл басса, нас басады. «От иесі қашады. Оттай ыстық жалын суиды. Құштарлық сөнеді», - деп те ырымдаған екен.

Айтпақшы, бірге немесе жетіге толып жатқан балаларымыздың туған күндерінде де тортқа бір немесе жеті балауыз шамды шаншып қойып, оны барынша сән-салтанатты жағдайда үрлеп сөндіру де таңсық емес бүгінде.

ОТ – үйдің жарылқаушысы, шамшырағы. Қазақ жаңа түскен келінге алғаш табалдырықтан аттағанда үлкен үйдегі отқа сәлем бергізеді. Одан соң от басына төселген жұмсақ теріге отырғызады, оттай жайнап, терідей жұмсақ бол деген ырым-тілек екен. Келін отқа сәлем бергенде: «От-ана, Май-ана, жарылқа!» – деп тілек тілейді. Өзге әйелдер отқа май құйып, алақандарын қыздырып алып келіннің бетін сипайды, бұл жүзі жылы, дидары ыстық болсын дегені.

Осындай ырымдарды ескерсек, торттың үстіне жағылған шырақтарды үрлеп сөндіру қаншалықты дұрыс деген ой келді маған...

Нұржамал Әлішеваның  әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды /facebook/.