Ән қанатында

Уақыты: 13.02.2017
Оқылды: 1646

Қараша келсе қар жамылып, қытымыр қыстың жеткенін ең бірінші болып есімізге түсіретін осы бір аймақ, табиғаты өзгеше аппақ әлем  – шынымен де көрген жанның көзін сүйіндіріп, көңілін шалқытады. Елден бұрын ақ көрпесін қымтай оранып, тұмса табиғаттың бар сұлулығын жасыра, бүк түсіп, теріс қарап жатқан асқақ таулы өңір қыз көктем келіп, қылығын шығарғанша міз бақпайды-ау. Бұл жер сұлуы Жетісудың қойнауы құтты, топырағы киелі пұшпағының бірі Қоғалы деп аталатын аймақ. 

Қазіргі таңда Кербұлақ ауданының құрамындағы мекеннің Талдыбұлақ ауылдық округіне қарайтын Бостан ауылына жол түсіп, арнайы атбасын бұрдық. Ерте көктемнен сары күз келгенге дейін жасыл кілем өрнектеген, сұлулығы таңдай қақтырып, көз жұмдыратын шағын ғана ауылдан жиырманың үстінде ғалым шыққан. Сан салалы ғалымдарды түлеткен ауыл, ғылымның дамуына өзіндік үлес қосып жатқаны шындық. Бір қызығы небір атақты ғалымдар туған ауылдан өнер әлеміне қадам басқан адам жоқтың қасы. Дәл осы заңдылықты бұзғандай ән әлеміне Тұзбай қарияның әулетінен бір перзент шықты. Таңатар әкесі мен Гүлшат анасының көз қуанышы Медет бала жасынан өнерге ынтық болып өсті. Спортқа да бейім еді. Әншілік жолды таңдамағанда жауырыны жерге тимеген балуандар қатарында тұрар ма еді, кім білсін? Бірақ, жүрек таңдауы, көңіл ауаны ғалымдар туған ауылдан бір өнерпаздың шығуын қалады. Сол асқақ арман ауыл баласын тас көше, тас қабырғалы Талдықорғанға бір-ақ алып келді. Өзі таңдаған ән әлемі жатырқамай, жатсынбай құшақ жая қарсы алды. Студент атанып, білім алды. Дипломын қолына табыстағанда енді қайда барамын деген жоқ. Талантты ұлдың талабын тани білген сол кездегі Талдықорған қаласының әкімі Махаббат Бигелдиев өзі ашқан «Талдықорған әуендері» – халықтық, этнографиялық-фольклорлық ән-би ансамбліне әнші қылып қабылдады. Арада сынаптай сырғып, бұлақтай жылжып жылдар өтіп жатты. Медет те ән көгіне еркін қанат қаға бастады. Талды қалада ғана емес, Арқа төсіндегі ажарлы Астананың төрінде әуелете ән салды. Үнінде өзіне тән бояуы бар әнші алыс-жақын шетелдерге шыға бастады. Әсіресе, Италияда өткен ЭКСПО-ға қатысып, алты ай бойы ұлттық өнерімізді әлем жұртының назарына ұсынып, бірге барған әріптестерімен қазақ ұлысының ұлттық әуендерін насихаттап қайтты. Бұл жас әнші Медет Тұзбаевтың өнер биігіне бастаған баспалдақтарының бірі ғана. Міне, қарапайым ауылдан шығып, өнерімен шекара асып, шетелді көріп қайтқан Медеттің ауылына жақындап қалдық. Мені мұнда жетелеп келе жатқан күш «Болайын деген баланың бетінен қақпа, белін бу», деген аталар аманаты болса, екіншіден «Аға», деп өтініш айтып, алдыма келген ізетті інінің бір ауыз сөзі. «Әншілік жолды қуып, ауылымнан кеткелі он үш жыл болыпты, аға. Тура бір мүшел уақыт. Арасында келіп-кетіп тұрғаныммен өнер адамы ретінде өсірген ауылдастарыма перзенттік борышымның өтеуі болса деген оймен осы концертті ұйымдастырдым. Қазірше өскен жеріме жасаған жақсылығым осы ғана. Қалғанын болашақта көре жатармыз. Мен өскен ауылды көріп, ұстаздарыммен дидарласып, кешімнің қонағы боласыз», – деп ерекше сезімді басынан өткеріп, шалқып келе жатыр әнші інім. Тулаған жүректің дүрсілі мен көңіл толқынысын сөйлегендегі үні мен демінен байқап отырмын. Негізі, Медеттің кіндік қаны тамып, балғын балалығы өткен жер – Кербұлақ ауданына қарасты Сарыбастау ауылы. Ал атағы алысқа жеткен Бостан – ата-бабасының құтты қонысы. Бәлкім, содан болар сегізінші сыныпта осы ауылға қайта оралған отбасымен бірге келген Медет мұнда бірден сіңді. Мектепке сырттан келген бөтен бала болып емес, бірінші сыныптан осында оқып келе жатқандай араласып кетті. Соңғы қоңырау үнін де осында естіді. Талапты балаға қанат бітірген Бостан ауылына әнші бала бостан босқа келе жатқан жоқ. Өнер өлкесіне тұсауын кесіп, қанаттандырған мекенге бір топ өнерлі достарымен келе жатыр. 
Айналып кетейін, ауыл-елдің пейілі керемет қой шіркін. Ауылға кіре берістен округ әкімі Марат Метербайұлы қарсы алды. Әкім мырзаның бұл әрекетін «Алыстан алты жасар бала келсе, алпыстағы шал келіп сәлем берер», – деген аталы сөзден аттамағаны деп ұқтық. Ауыл азаматтары мен мектеп басшылары білім шаңырағының алдынан күтіп алып, Медетпен бірге келген жас өрендердің табанын жерге тигізбей, құрмет көрсетіп, ішке алып кірді. Арасында қырықтан асып, қырма сақал болып қалған маған да аз құрмет жасалған жоқ. Баласындай болса да өнерін сыйлап, Медетпен бірге келген сыйлы қонақтарға еншісі бөлінбеген қазекемнің бір шәугім шайын ұсынды. Ішкенімізді айтқаным емес, қонақ десе алдында құрдай жорғалайтын ауыл адамдарының пейілін қалай ескермеске. Дастархан төрінде бата берген Маркс Омарқұлов ақсақал: «Міне, елім деген азамат осылай болсын. Жас болса да, үлкен өнеге көрсетіп, өскен ауылына ат басын бұрып, қолынан келген өнерімен көңілімізді көтеріп тастауға келіп отыр. Ал осы ауылдан шыққан жиырманың үстіндегі ғалымдардың қайсысы арнайы ат басын бұрып жатыр. Бала болсаң да, Медет айналайын, саған алғысым шексіз», – деп көңіл төріндегі сөзін жеткізді. Азамат ауыл ажары болғандықтан елден шыққан мықтылардың келмегеніне өкпесі шығар. Ғалымның жолы бөлек, бағыты басқа. Келе алмауының себебі де бар шығар дегенімізбен, ауылдағы ағайынның күтетінін несіне жасырайық. Аспандағы Айды әпермесе де, бір келіп кеткенінің өзін мәртебе көретін ауыл жұрты ара-тұра жолға қарап қоятыны рас енді. Атасының батасын алып, көңіл көкжиегін кеңіткен Медеттің болашағы жарқын бола берсін дейік. Нұргүл Артықбаева басқаратын Науқанбай Әлмұханбетов атындағы мектеп ең әуелі ауылдың алты ауызын дайындапты. Мектеп оқушылары ұсынған бағдарлама байтақ еліміздің тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналды. Бастауыш сынып оқушылары Отан, жер туралы тақылдата тақпақ айтса, жоғарғы сынып оқушылары өрелі өлең оқып, арасын әуезді ән әдемі бимен көмкеріп, Медетке жол берді. Ауылына алғаш әнші ретінде келіп тұрған Медет Таңатарұлы толқыды, тебіренді, шалқыды. Екі сағаттан аса уақыт өткен кештің тізгінін өзі алып, сөз арасында ауылына деген перзенттік сағынышын да жеткізіп жатты. Ал Медетке қолдау көрсетіп барған әріптестері, «Талдықорған әуендері» халықтық-ән-би ансамблінің өнерпаздары – халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Нұржан Ахметбеков бастаған Абылай Қожақов, Жансая Спанова, бишілер Айдана Доскелдина, Анел Байбұқашева, Албина Жұмакереева, Рауаш Рүстем, «Хантәңірі» тобының әншілері Мәди Мұсафиров, Бауыржан Кенжебаев және Алматыдан арнайы келген әнші досы Самат Жанғазин мен Талдықорған қаласындағы Қ. Байсейітов атындағы саз колледжінің ұстазы, Ұлттық консерваторияның түлегі, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты, танымал күйші Рүстем Наурыз кештің ажарын ашып, көрігін қыздырды. Соңында сөз алған округ әкімі Марат Қашқынбаев пен мектеп директоры Нұргүл Қабылдақызы Медет Таңатарұлы мен өнерпаз қонақтарға ақжарма тілектерін жеткізіп, алғыс айтты. Осы шараның өтуіне ұйытқы болған азаматтың бірі мектеп мұғалімі, Медеттің сыныптас досы Ермек Қанатұлының да еңбегін ерекше атаған жөн шығар. Осылайша ақ көрпеге оранған аймақтан біз де шалқыған шабыт, көтеріңкі көңілмен қайттық. 


Жұматай Оспанұлы.