Надандық

Уақыты: 13.02.2017
Оқылды: 1650

Антон Павлович
ЧЕХОВ,   
орыс жазушысы 
(1860 – 1904 ж.ж.)

Надандық / әңгіме/

1879 жылы Мәскеуге келіп, университеттің медицина факультетіне оқуға түскен Чеховтың әңгімелері бір жылдан соң әйгілі “Будильник” және “Зритель” журналдарына жариялана бастайды. 1884 жылы оқуды бітірген соң дәрігерлік қызметке тұрған Антон Павлович “Үш жыл” атты повесін жазады. Бұдан кейін ол әйгілі әңгімелері мен пьесалар жинағын жазуға күш жұмсады. Антон Чехов (лақап аты – Чехонте) орыс әдебиетінің алтын қорына енген қаламгер.

Сот тергеушісінің алдында шұбар жейде және жамаулы шалбар киген, кішкентай, өте арық ер адам тұр. Оның сақалы ұйысқан әрі қорасан дақты шұбар беті мен қалың, салбырай өскен қасынан әрең көрінетін көзі жүзін қатал қылып көрсететіндей. Басындағы көптен бері тарақ тимегендіктен ұйысып өскен қалың шашы бейнебір баскиімдей көрініп, оны бұрынғыдан да айбарлы етіп көрсетеді, дәлме-дәл бүйінің айбарындай. Жалаңаяқ тұр.
– Денис Григорьев! – дейді тергеуші. – Бері жақында, мен қоятын сұрақтарға жауап бер. Осы шілде айының жетісі күні теміржол күзетшісі Иван Семенов Акинфов таңертеңгісін желіні бойлап жүргенде, 141-ші шақырымда сені шпалды бекіткен бұранданы шығарып жатқан жеріңнен ұстап алған. Ол бұранда міне!.. Осы бұрандамен сені ұстап алғанмын дейді. Солай болды ма?
– Немне?
– Акинфов айтқандай болды ма деймін?!
– Біліппін бе, не болғанын?!
– Жақсы, сен неге бұранданы шығарасың?
– Немене?
– Сен «немнеңді» қысқарт, одан да сұраққа жауап бер: бұранданы неге шығардың?
– Керек болмаса шығармас едім ғой, – дейді күмілжіп Денис төбеге қараған күйі.
– Бұл бұранда саған неге керек болды өзі?
– Бұранда ма? Біз бұрандадан батырғы жасаймыз.
– Біз дегенің кімдер?
– Біз халық... Климов еркектері, яғни...
– Тыңдашы, бауырым, өтірік жынды бола қалмай, шыныңды айтшы. Батырғы туралы өтірік айтпай-ақ қой!
– Өтірік айтып не қылам, туғалы айтқан емеспін... – деп күбірлеген Денис көзін жыпылықтатты. – Мәртебеңізге құлдық тақсыр, батырғысыз қалай болады сонда? Қармаққа ілінген құртты не жемді тереңге алып түсетін батырғы емес пе? Өтірік айтады екем... – Денис күлмек болып ыржияды. – Салмағы болмаса жем қалқып жүрмей ме! Алабұға, шортан, лақа әрқашан өзеннің табанында, тереңде жатады, қалыңға түспеген жемді шилишпер қағып кетеді, оның өзі де өте сирек болады... Оның үстіне біздің өзенде шилишпер жоқ... Ол кеңістікті сүйетін балық.
– Шилишпер туралы маған несін айтып отырсың?
– Немне? Жаңа ғана өзіңіз сұраған жоқсыз ба?! Біздің мырзалар да дәл солай аулайды. Тіпті, кішкентай бала да суға батырғысыз қармақ салмайды. Әрине, есін білмейтін жан батырғысыз балық аулауға баруы мүмкін. Жындыға сот жоқ...
– Сонымен сен бұранданы батырғы жасау үшін шығарып алдым дейсің бе?
– Енді басқа немне? Ойыншық ойнау үшін емес шығар?!
– Бірақ батырғы үшін қорғасын, оқ... шеге сияқты нәрселерді алуға болады ғой...
– Қорғасын жолда жатпайды, сатып алу керек, ал, шеге жарамайды. Бұрандадан артығын таппайсың... Салмағы да, тесігі де бар.
– Өтірік жынды бола қалғанын қара! Тура кеше туған сияқты немесе аспаннан аяғы салбырап түскендей. Ақымақ неме-ау, бұранда шығарып алу неге апаратынын түсінесің бе? Егер күзетші байқамаса пойыз рельстен шығып, адамдар өлетін еді! Сен адам өлтірген болар едің!
– Құдай сақтай гөр, аса қымбаттым! Адам өлтіргені несі? Сонда біз құдайды танымайтын немесе зұлым сияқтымыз ба?! Құдайға шүкір, қайырлы мырзам, өз өмірімізді сүре жүріп, адам өлтірмек түгілі, сол туралы ойламаптық та... Құтқар да кешіре гөр, көктегі құдайым... Не айтып тұрсыз?!.
– Сонда сеніңше, пойыз апаты неден болады? Бір-екі бұранданы шығарып ал, міне, саған айтуға ауыз бармас апат!
Мырс еткен Денис тергеушінің көзіне күдіктене, зерттей қарайды.
– Енді... Қаншама жылдар бойы бүкіл деревня болып бұранда шығарып аламыз, құдай сақтап, апат болыпты... адамдар өліпті... Егер рельсін шешіп әкетсем немесе жолына кесе-көлденең бөрене тастасам, онда пойызың тоңқалаң асар еді, ал,.. тьфу! Бұранда дейсің...
– Түсінсеңші, бұранда рельске шпалды бекітіп тұрады!
– Оны біз түсінеміз... Сол үшін бәрін шығарып алмаймыз ғой... қалдырамыз... Ақылсыз іс жасамаймыз... түсінеміз...
Аузын кере есінеген Денис шоқынып қояды.
– Былтыр дәл осы жерде пойыз рельстен шығып кетті, – дейді тергеуші. – Неге өйткені, енді түсінікті болды...
– Не дейсіз?
– Енді түсінікті болды деймін, былтыр пойыздың рельстен шығып кетуінің себебі... Мен түсіндім!
– Сол үшін сіздер білімдісіздер, түсіну үшін, қымбаттымыз біздің... Кімге түсінік беруін құдай жақсы біледі... Міне, сіз бәрін түсіндіңіз, ал күзетші болса түсінік атаулыдан жұрдай мұжық ретінде жағаға жармасып, осында сүйреп келді... Алдымен түсініп ал, сосын сүйре! Қалай айтсаң да, мұжық, мұжыққа тән шолақ ойлау... Дәл осыған былай қосып жазыңыз, құрметтім, ол мені екі рет тісімнен және кеудемнен соқты.
– Сені тінтіген кезде тағы бір бұранда тауыпты... Оны сен қай жерден және қашан шығарып алдың?
– Сіз әлгі қызыл сандықтың түбінде жатқан бұранданы айтасыз ғой?!
– Қайда жатқанын білмеймін, бірақ ол сенен табылған. Оны қашан шығарып алып жүрсің?
– Оны мен шығарған жоқпын, оны маған Игнашка, қисық Семеннің баласы берді. Бұл әлгі қызыл сандықтың астында жатқаны, ал, ауладағы шанадан табылғанын біз Митрофан екеуміз бірге шығарғанбыз.
– Ол қай Митрофан?
– Митрофан Петров екеуміз... Танымайсыз ба? Ауылда тор жасап, мырзаларға сататын жалғыз Митрофан. Оған мұндай бұранда көп керек. Әрбір торға, есептесек, он шақтысы кетеді...
– Бері қара... айыптаулар туралы 1081 бапта былай делінген: «Теміржолға кез келген ниетпен нұқсан келтірілген жағдайда, транспорт қауіпті күйге түсетіндей болса, кінәлі ондай әрекеттің соңы бақытсыздыққа ұрындыратынын білген жағдайда»... Түсінемісің? Білген жағдайда! Ал сенің бұранданы шығарып алудың соңы неге апаратынын білмеуің мүмкін емес... ол каторгалық жұмысқа кесіледі.
– Әрине, сіз жақсы білесіз... Біз секілді оқымаған білімсіздер. нені білсін?
– Бәрін де білесің! Өйтіп, өтірік айтып, аңқауланба!
– Неге өтірік айтамын? Егер сенбесеңіз, ауылдан сұраңыз... Батырғысыз үкішабақты ғана аулайды, онда да мөңкешабақ түсуі мүмкін, бірақ оғанда батырғы керек.
– Сен одан да шилишпер туралы айтсаңшы! – деген тергеушіні күлкі қысты.
– Шилишпер бізде жоқ... Батырғысыз қармақты ағын судың бетімен көбелек іліп жүздіреміз, оған тұқы тұқымдас түседі, оның өзі өте сирек.
– Болды, сөйлеме...
Тыныштық орнады. Екі аяғына кезекпен салмақ салған Денис үстелдің жасыл шұғасына көз жіберіп, көзін жыпылықтатты. Тура қарсы алдында шұға емес, күн сәулесі тұрғандай жыпылықтайды. Жазуын жеделдеткен тергеуші бас көтерер емес.
– Мен кете берейін бе? – деп сұрады Денис аздаған үнсіздіктен соң.
– Жоқ. Мен сені қамауға алып, түрмеге жіберуім керек.
Көзін жыпылықтатуды кенет тоқтатқан Денис қалың қасын керіп, шенеунікке сұраулы жүзбен қарады.
– Яғни, қалай түрмеге? Мәртебеңізге құлдық, тақсыр! Менің қолым тимейді, жәрмеңкеге барайын деп едім. Егордан үш сомға май алу керек дегендей...
– Үндеме, кедергі келтіресің!
– Түрмеге... Отыратындай нәрсе болса бір жөн... былайынша... жақсы өмір сүресің... Не үшін? Ұрлық жасамасам, тіпті, төбелес шығармасам... Егерде салықтың берешегіне күдігіңіз болса мәртебелім, топ басының сөзіне сенбеңіз... Одан да сіз салықтың міндетті мүшесі саналатын мырзадан сұраңыз... Оның мойнында айқыш жоқ, ал топ басының...
– Жап аузыңды!
– Онсыз да үндемеймін... – міңгірлей сөйлеген Денис тоқтамады. – Ал топ басының есепті жалған жасайтынына ант бере аламын... Біз үш ағайындымыз: Кузьма Григорьев, одан кейін Егор Григорьев және мен, Денис Григорьев...
– Сен маған кедергі келтіріп отырсың... Ей, Семен! – деп айғайлаған тергеуші сөзінің соңын бұйрыққа айналдыра салды. – Әкет мынаны!
– Біз үш ағайындымыз, – деді күбірлеген дауыспен Денис қарулы екі жауынгер оны қолтықтаған күйі камерадан шығарып бара жатқанда. – Ешкім бауыры үшін жауап бермес болар... Кузьма салық төлемейді, Денис жауапқа тартылады... Әділқазы! Марқұм генерал мырза өліп қалды, әйтпегенде, сендерге көрсетер еді, қазыларға... Қолынан келетіндей әділетпен қарамай ма, бостан босқа соттамай... Дүрелесе де әділетті, жасаған қылмысым үшін дүрелесе болар еді, былайынша...


Аударған Мәди АЛЖАНБАЙ.