Қаңтарда қымыз қамдаған

Уақыты: 23.02.2017
Оқылды: 1423

Биенің сүтін сары балға теңеп, қымыздан асқан дәм жоқ екенін айтқан Ақтамберді жыраудың сөзі бүгін ақиқатқа айналғандай. Оның айқын көрінісі – жер жаннаты Жетісудың қастерлі төрі Райымбек ауданының салтына, дініне берік жұрты қаңтарда есік ашатын дәстүрлі жылды тек қымызбен қарсы алатын дәрежеге жетті. Бұл соңғы 5-10 жылдың көлеміндегі игі өзгеріс пен  жақсылықтың нышаны сынды.

Жаз маусымында бие байлап, қымыз әзірлейтін өңір жұрты енді қаңтардағы жаңа жыл үшін деп арнайы қымыз сақтап қоятын болды. Мұндай шаңырақтар аудандағы әр ауылдан кездеседі. Мұндай игі шараға мұрындық болып жүргендердің дені Атажұртына оралған қандас бауырлар. Олар ұлттың ең қастерлі  сусынының бағасы мен барын одан әрі арттырып, мерейін тіптен  асқақтатып келеді. 
Иә, біз барған Сарыжаз ауылындағы ерлі-зайыпты Дүйсен Мұқаметжан мен Бақытгүл Жылбысқызы да (суретте) сол арғы беттен оралған қандастар. Бүгінде олардың бір ауылдың шаруасының дөңгелеуіне септесіп отырған жайы бар. 
– Біз бұрын Қапал жеріне тұрақтағанбыз. Бұл ауылға  өткен жылдың қараша айында қоныс аудардық. Келе салып қанға сіңген кәсібімізбен айналысып кеттік. Кейін жақын туыстарымыздан құлынды биелер алдық. Қазір қыс маусымында жылы қораның ішінде 3 бие байлап отырмыз. Бүгінде қымыздың әр литрінің бағасын 500 теңгеден сатудамыз. Ең бастысы, емдік қасиеті үшін күн сайын саумалын алатындар бар, – дейді Дүйсен Мұқаметжан.
Аталған отбасы екі-үш бие байлап, күн сайын 15-20 литр қымыз сатып отыр. 
Осы ретте отағасы қымыз әзірлеумен тек оның ауыртпалығын көтеріп, қадір-қасиетін білетіндердің ғана айналысатынын, бүгінде жұртшылық назарының осы кәсіпке ауа бастағанын тілге тиек етті. Әрі жаз шыға үйінің жанындағы күре жолдың шетінен 40-50 адамға арналған қымызхана ашып, сауып отырған биенің санын көбейтпек жоспарының да барлығын жеткізді. Бұл ойын ауыл әкімі Нұрлан Оралқұлов та қуана қолдаған екен. 
Тілді үйірген ақ дәмнен ауыз тиіп, ауылдағы жұрттың ақпейіліне көңіліміз тойған біз де ерлі-зайыптылардың алдағы жұмыстарына береке тілеп қайттық. 
                                                          

Қанат БІРЖАНСАЛ.
Райымбек ауданы.