Төрт түліктің төресі

Уақыты: 27.02.2017
Оқылды: 1651

Бабаларымыз бұрыннан төрт түлік ішінде жылқы малын өсіруге айрықша ден қойған. Оны қастерлеп, жеті қазынаның бірі деп таныды. Дертке шипа еті мен қымызын да жоғары бағалап, ұланғайыр қазақ даласын да ат үстінде жүріп қорғаған. Күтіп-баптап, тұқымын асылдандырып отыруды да парыз санапты. Мұндай үрдіс қазір де қайта жанданып, жалғасып келеді. 

Қалай десек те бұл түлік түрін бағуға екінің бірінің батылы жете бермейді. Себебі, ол оңай шаруа емес. Жылқышылық кәсіпті тек күш-қайраты мол, ерік-жігері күшті жігіттер ғана атқара алады. Осындай жігіттердің бірі Мұқыры ауылында тұратын ағайынды Мақсат пен Олжас. Әбдірахмановтар отбасы Қамбарата түлігін бағып-қағуды осыдан біраз жыл бұрын қолға алыпты. Бүгінде соның қызығын көріп, ешкімнен кем түспей бала-шағаларын асырап отырған жайлары бар. Қазіргі кезде жылқы малын бордақылаумен айналысады. Ол шаруаны өз қаражаттары есебінен жүзеге асыруда. Біз бұған арнайы барғанда көз жеткіздік. Ағайынды жігіттер бір үйде тұрады. 
Екеуі де оқу орнын бітірген. Мақсат Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық аграрлық университетін тамамдаса, Олжас зооветтехникумның түлегі. Мамандығы мал дәрігері. Қазіргі кезде Мұқыры ауылындағы мал ұрықтандыру пунктінде жұмыс істейді. Мүйізді ірі қара тұқымын асылдандырғысы келетін ауыл тұрғындарының малын қолмен ұрықтандырып береді. Жалпы, ағайынды жігіттердің отбасылық бизнеспен шұғылданып жүргендеріне бес жылдай уақыт болыпты. Үй ауласында, яғни, дәл есік алдында заманға лайықты қоражай салынған. Әсіресе, тазалыққа ерекше мән беріліпті. Ішінде бірнеше жылқы бордақыланып жатыр. 
Байланған түлік бірнеше аптадан соң союға жарайды. Бабына келіп семіргендері сол жердегі арнайы орында бауыздалып, еті сатылымға шығарылады. Мал союға арналған құрал-саймандары да сақадай-сай тұр. Шөп те сол маңда тау болып үйіліп жатыр. Жылқы етіне жергілікті тұрғындардан да тапсырыс түседі. Сондай-ақ, оларда «Азамат» деп аталатын шаруа қожалықтары, егістік алқаптары бар. Жаз бойы сол жерде еңбек етіп, малға қажет жемшөпті дайындап алады. Майбұршақ пен қызылша да өсіріледі. Ауылшаруашылығы жұмыстарын жүргізетін техникалардан да таршылық көріп отырған жоқ. Бір тракторды лизингке сатып алыпты.
Ағайындылардың алға қойған жоба-жоспарлары да бар. Енді  олар мал басын көбейтіп, кәсіптерін одан әрі өрістетуді ойлап отыр. Көктем айынан бастап мүйізді ірі қара бағуды қолға алмақ. Ферма ашып, сауын сиыр ұстауды мақсат тұтуда. Қалай десек те жас жігіттердің бұл тірлігі көңіл қуантады. Себебі, олар жұмысты қаладан емес, өз ауылдарынан тауып, кәсібінің нәсібін көріп отыр. Мұндай қам-қарекет ауыл жастары үшін үлкен өнеге. Осылайша ауылдың алтын бесік екеніне, оны дамыту арқылы тәуір табысқа жетіп, кіріс көзін молайтуға болатынын көріп қайттық.


А. БАЙЖҰМАҚЫЗЫ.
Көксу ауданы.