Наурыз

Уақыты: 04.03.2017
Оқылды: 1781

Шаңырақтың босағасын аттаған әрбір жанға  берекелі де мерекелі ақ дастарқан жаюды әлем елдері бізден үйренсін. Қонақ десе бар тәттісі мен дәмдісін сақтап қоятын халқымыздың кең пейілі бабадан жалғасқан асыл аманат секілді. 

Қазақ үйіне келген адамға дастарқан жайып, қонақжайлық танытпаған адамды «қазанын қара суға малып отырғандай» деп сынайтын болған. Әсіресе, Ұлыстың Ұлы күнінде, ақ түйенің қарны жарылып, самарқанның көк тасы еріген күні жайылған ас та төк дастарқан ең әуелі тектілігімізді, дарқан даламыздың кеңдігін, ниетіміздің тазалығын білдірсе керек. 
Үлкендеріміз: «Қонақ асы – қазақтың бөлінбеген еншісі», – деп қасиетті күні бар дәмдісін шығарып, ағайын-туыстың басын қосып, дастарқан жайып, жақсы тілектер айтуды дәстүрге айналдырған. Көңіл табуға келгендегі шеберлігіміз бен дос жинаудағы құмарлығымыз біздің ұлы қасиетімізді одан ары аспандатып жіберетіні анық. 
Ағайын арасындағы бірлікті бәрінен биік қойып, араздасқандардың алакөзге айналмауын қалаған, ара ағайын жүгін көтеруді адамдық парызы санаған, данагөй жанашыры даукестің өзін қарсы жақ дұшпанының үйіне ертіп келіп, ақ дастарқан басына жайғасып, екеуінің ортасына отырып қабырғалы сөзін салмақтап айтып, ренжіскендердің ашуын ақылға жеңдірткен қазақпыз біз. Ал «алдына келсе, атасының да құнын кешетіні» қазақ үшін қағида, бұлжымас заң. Осындай күрмеуі қиын мәселенің барлығы да киелі де қасиетті дастарқан басында шешілгенінің өзі үлкен өнеге. Осыдан кейін дастарқанды қалай киелі демейміз?
Ал енді Ұлыстың Ұлы күнінде қазақтың әрбір шаңырағында ұсынылатын дәм жайында әңгіме қозғайық. Бұл күні ағайын-туыс, көрші-қолаң, құда-жегжат, дос-бауыр, таныс-біліс барлығы құшағын кеңге жайып, ақжарма тілектерін айтып, Наурыздан Наурызға аман-есен жеткеніне шүкір етіп, біріне-бірі жақсы сөздерін арнап, мерекелік дәмнен ауыз тиеді. 
Қашанда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде төрт түлік малдың өнімі ерекше орын алған. Сол себепті де халқымыз сүт өнімінен жасалған асты көптеп тұтынғанын бәріміз білеміз. Дәл осы күні қасиетті қазақ даласындай кең дастарқан жайылып, құрт, ірімшік, бауырсақ, жент, сары май қойылады, қаймақты шай құйылады. Бұл – ел арасындағы туыстық пен ынтымақты нығайта түсудің бірден-бір нанымды жолы. Бұл тек жайылған шүберек немесе оған қойған ас-ауқат қана емес, бұл адамның пейілі, ішкі жан-дүниесі, мейірім-шапағаты. 
Халқымызда тамаққа байланысты қалыптасқан тамаша салт-дәстүрлер көп. Жазушы-этнограф Сейіт Кенжеахметұлының «Қазақтың дархан дастарқаны» кітабында сондай тамаша салттың бірі – аққұла туралы жазылған. Соның тарихына қысқаша тоқтала кетсек, артық болмас. Ұмыт болып бара жатқан осындай салтты жаңғыртсаңыз болады. Олай болса, аққұла салтының тарихымен таныс болыңыз. Бұл ертеде егін егетін елдің бұлжымас дәстүрі болған. Бұрын әр егінші өзіне қажетті бидайын егіп болғаннан кейін әдейі қалдырылған жерге тағы да бөлек дән себетін болған. Ол «аққұла» деп аталған. Бұл «құдай несібесі» немесе «құдай сыбағасы» деген мағынаны білдіреді. Аққұла өсіп, жиналғаннан кейін жетім-жесірлерге, жағдайы төмен отбасыларға және дін жолындағы адамдарға үлестірілген. Бұл елдік дәстүрден қазақ халқының әр шаруашылық иелері тек өзінің ғана емес, жағдайы төмен кедей-кепшіктерді де ұмытпағанын, зор адамгершілік міндеттер атқарғанын көруге болады. Осыдан біз халқымыздың дастарқанына дәм етіп қоятын ас атасы нанның, одан қалды талқанның көпке қуаныш сыйлайтынын аңғарамыз. «Нан болса, ән болады» деген сөздің де текке ел аузына ілікпегенін де айта кеткеніміз жөн. Олай болса, осы күні ғана емес жыл он екі айда дастарқанымыз молшылық пен берекеге толы болсын демекпіз.

Еңлік КЕНЕБАЕВА