Жолдастық кездесу

Уақыты: 15.06.2017
Оқылды: 1222
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғандағы «Жастар» спорт кешенінің маңында орналасқан әуе добы алаңында жағажай волейболынан ардагерлер арасында жолдастық кездесу өтті. Оған өңір басшысы Амандық Баталов пен облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар қатысты.

Облыс әкімі Амандық Баталовтың бастамасымен мемлекеттік қызметкерлер, жастар мен ардагерлер әр сейсенбі сайын спорт күнін өткізуді дәстүрге айналдырмақ. Бұл күнгі жолдастық кездесу жазғы жағажай волейболының ашылуы мен елімізде өткізіліп отырған «ЭКСПО – 2017» көрмесіне арналды. 
Қиыршық құмда өткен дода тартысқа толы болды. Ардагерлер алғашқы партиядан-ақ барын салып әдемі ойын өрнегін көрсетті. Әуе добының шеберлері бірде жойқын соққыларымен ала допты ұршықша иірсе, енді бірде қорғаушылардың желкесінен асыра салып та ұпай жинады. Асқан шеберлік пен тактиканы паш еткен спортшылар нағыз классикалық ойын үлгісін көрсетті. Әсіресе, өңір басшысының ойын өрнегі жұртшылықты тәнті етіп, көрермендердің қошеметіне бөленді. Жолдастық кездесу төрт партияға созылып, 2:2 есебімен аяқталды. Достық жеңді.
2013 жылы құрылған жағажай волейбол алаңында өткен кездесудің маңызы зор. Өйткені ардагерлердің ойыны жастарға үлгі болса, жастардың да спортқа қызығушылығы арта түспек. Осылайша бұқаралық спортты дамытуға үлкен үлес қосылатыны анық. Құм үстінде волейбол ойнау денсаулыққа өте пайдалы. Иә, жастарға салауатты өмір салтын насихаттайтын ардагерлеріміздің қатары көбейе берсін демекпіз.

Айдар ҚАЛИЕВ