ЖЕТІСУ ЖЕРІНІҢ ЖЕТІСТІГІ МЕН МЕЖЕЛЕНГЕН МІНДЕТТЕРІ. ОБЛЫС ӘКІМІ ЖУРНАЛИСТЕРГЕ СҰХБАТ БЕРДІ

Уақыты: 29.12.2022
Оқылды: 2687
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу жерінің жетістігі мен межеленген міндеттері облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың «Jetіsý», «Огни Алатау» газеттері мен «Жетісу» телеарнасының тілшілеріне берген сұхбатында жан-жақты айтылды. Бейсен Құранбек атындағы Журналистер үйіне арнайы келген аймақ басшысы өнеркәсіп, ауылшаруашылық, білім, денсаулық сақтау, спорт, туризм сынды салалардың жүзеге асуы тиіс жобаларын таныстырып, өзекті мәселелерді шешудің ауыртпалығы мен жауапкершілігін саралады.

– Бейбіт Өксікбайұлы, Жетісу облысы жаңадан құрылды. Бюджеттің кіріс бөлігін құрайтын аудандардың көпшілігі Алматы облысына қарап кетті. Жалпы облыстың мүмкіндігін, болашағын Сіз қай бағытта көресіз?

– Жетісу облысы – экономикалық әлеуеті мол аймақ. Бұл өлкенің әлеуметтік-экономикалық жағдайына келгенде, әрине, бюджеттің табыс жағы, сіздер айтып отырғандай Алматы облысына қарады. Жетісу дотациялық облыс болып табылады. Дегенмен қол қусырып отыруға болмайды. Өңіріміздің өзіндік ішкі мүмкіндіктері жоғары. Біздің облыстың басым бағытының бірі ауыл шаруашылығы болғаннан кейін, міндетті түрде осы салаға басты маңыз береміз. Сондықтан агроөнеркәсіп кешеніне бұдан былай да ерекше назар аударылады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісін, яғни ет, сүт өңдеуді қолға аламыз. Сол сияқты бізде тау-кен және металлургия өндірісі жақсы жолға қойылған. Өздеріңіз білесіздер, Кеңес заманынан бері Текелі маңында, Қаратал, Ескелді мен Кербұлақ аудандарындағы таулардың қойнауында тұнып жатқан пайдалы қазбалардың, алтын-күмістен бастап, мырыш, қорғасын, мыстың мол қоры бар. Сондықтан, осы жылы Текеліде темірді тікелей қалпына келтіретін «Электромарганец», Үштөбеде жоғары сапалы кремний өндіретін «KazSilicon» зауыттары іске қосылды. Сол секілді көптеген игілікті іс қолға алынып жатыр, оның бәрін нақтылы талдап айтып жатудың қажеті жоқ шығар. Дегенмен алдағы 2-3 жылда аймағымызда 10-15 жаңа өндірістік жобаны іске қосамыз ба деген ниетіміз бар. Тағы бір айта кететін дүние, Жетісу жері Қазақстанның Қытайға барар жолдағы Шығыс қақпасы саналады. Қорғас пен Достықтан темір және тас жолы да, мұнай мен газ құбыры да өтеді. Сондықтан сыртқы алыс-беріс, сауда, транзиттік, транспорттық, логистикалық жобаларға баса мән беріп отырмыз. Онымен қоса біздің туристік аймақтарымыз да экономикамыздың негізгі драйвері екенін ескеру керек. Алакөл, Балқаш көлдерінің жағалауын дамытамыз. Президент біздің облысқа келген сапарында спорттық-туристік саланы дамытуды тапсырды. Бұл бағытта жаңа қадамдар жасалып жатыр.

 – Ұлттың болашағы екі салаға – білім мен денсаулыққа тікелей байланысты екені белгілі. Ендеше, Жетісу облысындағы денсаулық сақтау мен білім саласында қандай жоспарлар бар?

– Елімізде былтырдан бастап, республика бойынша екі ұлттық жоба іске қосылғанын жақсы білесіздер. Оның бірі – «Жайлы мектеп», екіншісі – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы. Біріншісі бойынша алдағы 3 жылдың ішінде, яғни 2025 жылға дейін Жетісу облысының аумағында білім саласының 25 нысаны салынады. Оның қатарында мектептер, балабақшалар, мектепке дейінгі оқыту мекемелері бар. Сондай-ақ, 15 денешынықтыру-сауықтыру және 6 спорт кешенін салу, жергілікті бюджеттің есебінен блокты-модульді конструкциялардан салынатын 35-тен астам медициналық бекетті ауыл тұрғындарының пайдалануына беру жоспарланып отыр. Келер жылы Талдықорған қаласында волейболдан «Жетісу» әйелдер командасына арнап 3 спорттық база, демеушілердің қаржысына жанында 40 орынды жатақханасы бар заманауи оқыту-жаттығу базасын салу жоспарлануда. Бұл батыстағы спортшылардың жаттығуына мүмкіндік беретін кәсіпқой спорт клубтары іспетті болады. Онда 15-16 жастағы жасөспірімдер жатып, шынығады. Одан бөлек, көгалдағы хоккей, баскетбол, регби сынды спорттық ойындардың жаттығу залдары салынады. Сонымен қатар, Талдықорғандағы орталық стадионның қосымша ойын алаңы күрделі жөндеуден өткізіледі. Сөздің реті келгенде баршаңызды құттықтай кетейін, бұған дейін І лигада өнер көрсеткен «Жетісу» футбол клубы келер жылдан бастап премьер-лигада доп тебеді. Осынау жобаларға қарап өңірде спортшыларға барлық жағдай жасалып отыр деуге болады. Денсаулық сақтау саласына келер болсақ, облыс бойынша 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық бекет салынса, алғашқы дәрігерлік көмек нысандары 2025 жылы медициналық құрылғылармен толық қамтамасыз етіледі.

– Жетісу жерінің топырағы құнарлы болғандықтан «Шаншыған шыбық бүр жарады» деген бейнелі сөз бар. Жалпы, Президент Жетісуға келген сапарында қант қызылшасы көлемін арттыру, Ақсу қант зауытын іске қосу туралы тапсырма берді. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Жетісу облысы қызылшамен көп жылдан бері айналысып келеді. Тәжірибесі мол. Еліміздегі 4 зауыттың екеуі бізде орналасқан. Биылғы жылы 182 мың тонна тәтті түбір жиналды. Шығымдылығы гектарына орташа есеппен алғанда 427 центнерді құрады. Көксу қант зауытына 163 мың тонна өнім өткізіліп, 21 мың тонна қант өндірілді. Ал Қазақстанның қантқа деген сұранысы 550 мың тонна болса, біздің тек қант қызылшасынан жинап отырған өніміміз 21 мың тонна. Осыған орай келесі жылы 4200 гектар жерімізді 8 мың гектарға, ал 2025 жылға дейін 15 мың гектарға дейін ұлғайтамыз деп отырмыз. Түсімділік гектарына 450-500 центнерден алғанның өзінде біз 40-50 мың тоннадан артық өнім ала алмаймыз. Сондықтан қант құрағына да көңіл бөліп отырмыз. Бұл биржалық тауар саналғандықтан оның бағасы ойнап тұрады. Соңғы жылдармен алып қарағанда бағасы бізге тиімді, дегенмен алда-жалда өсіп кетсе, қызығу шылық туғызбайды.

Көксу қант зауыты тәтті түбірден 21 мың тонна қант өндірсе, қант құрағынан 49 мың тонна қант алды. Ақсу қант зауытын біз қант құрағына дайындап жатырмыз. Кәсіпорын «Алажиде» қоймасын салды. Ресей мен Украинаның мамандары арнайы техникасымен келіп сынақтан өткізді. Оған қоса тағы бір айтатын дүние қант құрағынан алынатын қант өнімі 90-95 пайызды құрайды. Ал қант қызылшасынан алатын өнім 12 пайыз ғана. Осыларды ескере келе, алдағы жылы Ақсу мен Көксу қант зауыттары арқылы қант қызылшасы мен құрағынан шамамен 90-100 мың тонна қант алсақ, 2-3 жылда 180-200 мың тонна қант өндіруге толықтай мүмкіндігіміз бар деп айта аламыз. Сол секілді Мерке мен Тараздағы екі зауыт та 100 мың тоннадан өндірсе, біз мемлекет сұранысының 80 пайызын қанағаттандырамыз. Сонымен қатар қызылшаға берілетін субсидия көлемі де артты. Минералды тыңайтқыштар мен гербицид құнының 50%-ы субсидияланады. Көктемгі-күзгі егіс және жиын-терін кезінде дизель отыны жеңілдікпен берілуде. Көксу зауыты бүгінде жол шығыны үшін де төлем жасап отыр. Ауданның алыс-жақындығына қарай әр тоннасына 1 мыңнан 5 мың теңгеге дейін төлем қарастырылған. Қазір қант қызылшасына арналған ауыл шаруашылығы техникаларын субсидиялау көлемін 25%-тен 50%-ға дейін өсіру туралы бастама қарастырылуда.

– Бейбіт Өксікбайұлы бізде қазір мал басы көбейіп келеді. Малдың етін, сүтін, жалпы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуде қандай жоспарлар бар? Мал басы өскен сайын жайылымның тарылып отырғаны жасырын емес. Бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

– Облыс халқының саны 700-750 мыңның төңірегінде болса, төрт түліктің басы 2,5 миллионға жетеді. Оның ішінде ірі қара 500 мыңнан астам, жылқы 200 мыңға жуық, қой мен ешкі 1 миллион 800 мыңдай. Құстың саны 2,5 миллион. Бұл жаман көрсеткіш емес. Ең бірінші мәселе – ет пен сүттің сапасы мал тұқымын асылдандыруға тікелей байланысты. Нақты көрсеткіш қазір 15-20 пайыздан аспайды. Сондықтан мал тұқымын сүтті және етті бағытта асылдандыру алдыңғы орында тұр. Бұл – бір. Екінші мәселе – шаруа қожалықтары малдың басын көбейтіп қана қоймай ауылшаруашылық өнімдерін шығаруы керек. Сауылған сүтті зауыттарға өткізе бергеннен гөрі әркім құрт, май, ірімшік, сүзбе секілді өнімдерді өндірген тиімді. Бұл жергілікті бюджетке салық күйінде түсіп, өңір экономикасына серпін береді. Одан бөлек, мал бордақылау алаңдарын, тауарлысүт фермаларды, шұжық цехтарын іске қосып, консервіленген ет өнімдері мен сүт өнімдерін халықаралық стандарттарға сай экспортқа шығарсақ, өңірдің өркендегені емес пе?! 2020-2025 жылдар аралығында ауылшаруашылық саласына бұрын-соңды болмаған қолдау көрсетіліп отыр. Мысалы, құдық қазсаңыз – субсидия, электр желісін тартып, жарық түсірсеңіз – субсидия, мал бордақылау кешенін салғанға, асыл тұқымды мал басын әкелгенге, бір литр сүт сауғанға, ет өндіргенге субсидия беріледі. Оның сыртында шаруа қожалықтарына қажетті ауылшаруашылық техникасын лизингке алып жатыр. Облыстың инвестициялық портфелінде 2025 жылға дейін жүзеге асуы тиіс 54 жоба бар. Олардың қатарында төрт түлік малдан бөлек, балық өсіру, құс фабрикаларын салу жобалары тұр. Себебі, қазір Жетісу облысында жалғыз құс фабрикасы жұмыс істейді. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін тауарлардың қатарындағы өнім – құс етін өндіретін 2-3 зауытты 2025 жылға дейін салу жобалануда. Елімізде жүргізілген аэроғарыш мониторингісі пайдаланылмай жатқан жерлерді анықтағаны секілді Жетісу облысында 1 миллион 200 мың гектар жердің бос жатқаны белгілі болды. Соның 857 мың гектары егістік жерлер болып шықты. Осыншама жердің 150 мың гектары мемлекет меншігіне қайтарылса, 448 мың гектар жер айналымға енгізілді. Бұл бағыттағы жұмыс әлі де жалғасады.

– Бейбіт Өксікбайұлы, сіздің дипломаттық қызметтегі тәжірибеңіздің молдығы әртүрлі елдердің елшілерімен тығыз қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Әсіресе, шетелдік инвесторларды облысқа шақыруға таптырмас көмекші болар еді. Осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуда? Нақты жобалар бар ма?

– Әрине, бар. Біздің облыстың екі ауданы, Алакөл және Панфилов ауданы көршілес Қытай Халық Республикасымен шектеседі. Сондықтан екі арадағы сауда-экономикалық әріптестікке баса назар аударылады. «Қорғас» және «Достық» кеден бекеттері ҚХР-ды Қазақстан арқылы Батыс елдеріне шығаратын жолдың бастауына жатады. Шынында соңғы 2-3 айдың ішінде біз Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық ауданынан шыққан компаниялармен тығыз қарым-қатынас орната бастадық. «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағында «Қазақстан – Қытай халықаралық өндірістік қаласы» деп аталатын технопарк салу жоспары бар. Оның жалпы инвестициялық құны 1 триллион теңгеге болжанып отыр. Пандемияға байланысты бұл жоба тоқтатылған болатын. Осыған орай күзде Алматыдағы ҚХР консулымен келісім жүргізілді. Екі рет онлайн форматта кездесу өткізіп, екі апта бұрын екіжақты әріптестік туралы меморандумға қол қойдық. Осы жақында ғана облыс орталығына Шыңжаң Ұйғыр Автономиялық ауданынан арнайы делегация келіп, екі аймақтың әріптестігін арттыратын келісімдер жасалды. Бүгінгідей әлемдік геосаяси жағдай шиеленіскен тұста көршілес Қытай елімен сауда-экономикалық байланысты нығайту аса маңызды қадам. Осы жобалар жүзеге асқан жағдайда «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы сауда аймағында 30-дан астам кәсіпкерлік нысаны достық рәуіште жұмыс істейтін болады. Олардың арасында құны 500 миллиард теңге болатын жобалар бар. 2026 жылдың соңына дейін жалпы құны 450 миллиард теңге болатын 20 шақты жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Осының өзі Батыс елдерімен арадағы барыс-келісті арттырып, сауда айналымын жақсарта түседі. Енді «Достық» кеден бекетіне тоқталар болсақ, «Достық – Алашанькоу» шекаралық өткізу бекетіне жақын жерден көпсалалы жүк өткізу терминалы салынғанын айтар едім. Одан жылына 2 миллион тонна жүк немесе 180-200 мың контейнер өткізіледі. Жобаның құны 8,1 миллиард теңге болатын ІІ кезеңі аяқталды. Одан бөлек «Достық» тексеріп-өткізу бекетінде «Авто Хаб» деп аталатын тағы бір ерекше жоба қолға алынуда. Тамақтану орны, шағын маркеті бар қонақүй кешенінде арнайы күзетілетін 300 жүк көлігіне арналған тұрақ жұмыс істейді. Сондайақ, жалпы жүк айналымы жылына 1,2 миллион тоннаға тең болатын сақтау орындарын дамыту жоспарланған. Қазірдің өзінде «Достық» транзит терминалының І кезеңіне 5,2 миллиард теңгенің инвестициясы құйылып, жекеменшік «DOSTYK GATE» индустриалды аймағын құру көзделіп отыр. Оған компания өз есебінен қосымша 15-20 миллиард теңге инвестиция құюды жоспарлауда. 1 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік беретін құрылысқа Жетісу облысында өндірілетін қиыршық тас, бетон, металл, цемент сынды материалдар қолданылып, өңір экономикасының өркендеуіне үлес қосады. Металлургия және тау-кен байыту өндірісі бағытына тоқталсақ, Қаратал ауданында орналасқан «Kazsilicon» зауытын айтуға болады. Жылына 6 мың тонна жоғары маркалы кремний шығаратын өндіріс орнында қазір 350-ден астам жергілікті тұрғын жұмыс істейді. Зауыт өнімі Еуропа елдеріне, Жапонияға, Ресейге, Қырғызстанға экспортталады. Одан бөлек, Текеліде «Электромарганец» ЖШС темір өндіретін зауытын іске қостық. Жылына 20 мың тонна өнім өндіретін зауытқа 4,4 миллиард теңге инвестиция құйылып, 150 жұмыс орны ашылды. Ал Кербұлақ ауданындағы Көксай тау-кен байыту комбинатының орнында геологиялық барлау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Алдын ала жасалған болжам бойынша кен орнында 40 миллион тонна мыс қоры бар. «ҚазақМыс» және «Русский мед» компаниялары бірлесіп, 700 миллиард теңгеден астам инвестиция құятын кен орнында 1500 жұмыс орны ашылады. Осы жобалардың бәрі де нақты жоспарымен қуантады.

 – «Достық – Мойынты» учаскесінде салынатын екінші жол құрылысының біршама бөлігі Жетісу облысынан өтеді. Онда қазақстандық компаниялардың үлесі қандай болмақ? Осы жобаға қатысуға өңірдің кәсіпорындары қаншалықты дайын?

– Жоғарыда айтып өткенімдей, еліміздің экономикалық саясатының басым бөлігінің бірін транзит, жол-көлік логистикасы құрайды. Бүгінде Ресейде болып жатқан жағдай, орыс елінің батыс халықтарымен, мұхиттың арғы бетіндегі елдермен болған саяси көзқарастардың шиеленісуі сауда-экономикалық қатынастардың қалыптасқан моделін бұзды. Сондықтан бұрынғы Қара теңіз бен Новосибирск порты арқылы Еуропаға баратын транзиттік дәліз Қытайға қарай бет бұрды. Батыс Қытай мен Батыс Еуропаны Ресей арқылы жалғайтын қатынастың қан тамыры әлсіреді. Оның орнына транс Каспий бағыты жолға қойылып отыр. Осыларды ескере келе «Достық – Мойынты» теміржол желісінің екінші жолы құрылысының облыс экономикасына тигізетін ықпалы зор болады. Жалпы ұзындығы 836 шақырым болатын теміржолдың 320 шақырымы Жетісу облысының аумағынан өтеді. Жоба 2022-2025 жылдары іске асырылады. Оған тартылатын инвестицияның 38%-ы, яғни 218 млрд. теңгесі Жетісу облысына тиесілі болмақ. Жобаның құрылысы кезінде 1 600, іске қосылғанда 340 адам еңбекпен қамтылады. Оған негізінен жергілікті жердің тұрғындары тартылады. Ең бастысы, құрылысқа қажетті құны 109 млрд. теңге болатын материалдар, атап айтқанда металл конструкциялары, инертті материалдар, құм мен қиыршық тас, шпалдар, темірбетон бұйымдары жергілікті жерден, яғни Жетісу облысының өндіріс орындары шығарған өнімдерден пайдаланылады, қазақстандық үлес 85% болады деп межеленіп отыр. Бұл жобаға қатысуға біздегі «Темірбетон» зауыты, «Айсұлу» тігін фабрикасы сияқты кәсіпорындардың мүмкінгі жетеді. Жобаға іріктеуде бәсекеге қабілеттілігі, тиісті талаптарға сай болуы ескеріліп, барлығы заң аясында жүргізіледі.

– Президент Жетісуда тау туризмін дамытудың мүмкіндігі мол екенін айтты. Облыста шаңғы-биатлон кешенін салуға қолайлы аймақ таңдалды ма? Жалпы Жетісу жерінде туризмді дамытудың қандай кешенді шаралары атқарылып жатыр?

– Туризм – облысымыздың экономикасына оң әсер ететін саланың бірі. Бұл бағытты екіге бөліп қарастырамыз. Біріншісі, Балқаш, Алакөл бассейні. Аталған сала бойынша Алакөлдегі әуежайдың жұмысын жандандырдық. Алматы – Өскемен күре жолы толығымен аяқталуға жақын. Көлбайдағы бір ғана көпір қалды. Келесі жылы жол белгілері орнатылып, жұмыс толығымен аяқталады. Сонымен қатар Балқаш – Лепсі жолы толығымен жөнделді. Екіншіден, туризмді дамыту үшін жарық, кәріз жүйелері талапқа сай болуы керек. Онсыз туризм алға баспайды. Толқын соққан жағалауларды бекіту де кезек күттірмейді. Біз мұның бәрін ретке келтіріп жатырмыз. Осы жылы Алакөлде 1,5 млн. адам демалса, алдағы маусымда бұл көрсеткіш ұлғаяды деген сенімдеміз. Ал Балқаш жағалауын дамытудың бас жоспары жасалып, оны да көрнекті демалыс орнына айналдырамыз. Сонымен қатар сіз айтқан тау туризмін дамыту бағытында да игілікті істер қолға алына бастады. Комитет өкілдері облысқа арнайы келіп, аймақтарды аралап көрді. Біз ақылдаса келе, шаңғы-биатлон кешенінің құрылысына Ескелді ауданының аумағындағы Текесу деген жер қолайлы деген ортақ шешімге келдік. Қазір лайықты жер телімдері қарастырылып жатыр. Сонымен қатар сол аймақта қазір жалпы аумағы 1200 гектар болатын «Tekesu Outdoor Center» тау-шаңғы курортының құрылысына дайындық басталды. Алдағы уақытта медициналық орталық, мейрамхана, қонақүй кешені, тауға көтеріп шығаратын аспажол салу жоспарланған.

 – Өзіңіз айтып өткен «Талдықорған – Өскемен» автокөлік жолының құрылысы біразға созылды. Облыс аумағын басып өтетін учаскелердің жұмысы неге баяу жүріп жатыр?

 – Өздеріңізге мәлім, «Талдықорған – Қалбатау – Өскемен» республикалық маңызы бар автомобиль жолын қайта жаңғырту жұмыстары 2019 жылдан басталды. Баяу жүрген жұмыстың себебін айтар болсақ, ұзын-сонар толғамға басарымыз да анық. Басты себебі, Қытайдың «CITIC Construction Co, Ltd» деген ұлттық компаниясы бас мердігері мен біздің Үкіметтің «Қазавтожолдың» ортасында келісімшарт болған. Сол шарттың кейбір баптары бойынша бұлар келісе алмай, оның үстіне пандемия болып жұмыс тоқтап қалған еді. Естеріңізде болса биылғы жылы ең бірінші жұмыс сапарымды Алакөлден бастап, «CITIC Construction Co, Ltd» компаниясымен Үшаралдың әуежайында үлкен жиын өткізген едім. Телеарнадан қызу талқы жасадық. Одан кейін Үкіметпен, «Қазавтожолмен» сөйлесіп, мәселені келістік. Соның нәтижесінде жұмыс жүрді. Қазіргі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстарының 90%-ы орындалды. Бүгінгі таңда ел аузында жүрген «Үшарал тангосы» деген биді жүргізушілер бастан кешпейді. Тегіс жолда Талдықорғаннан шыққан жолаушы зымырап отырып айдынды Алакөлге 3,5 сағатта жетіп барады. Бұл ретте Көктұма мен Достыққа дейінгі жолды да айта кету керек. Бұл жолдың да 75-80 пайызы бітті. 2022 жылдың соңында жалпы аталған жолдардың төменгі асфальт жамылғысының жүру бөлігін толығымен аяқтап, іске қосу жоспарланған. Қалған жол бойын абаттандыру жұмыстары келесі жылы да жалғасады. Сонымен қатар Ақсу, Сарқан аудандарының халқына шыдамдылық танытқандары үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Енді аз шыдасақ, шаңның астында қалып, селкілдеп отыратын жолдан түбегейлі құтылып, халықаралық стандартқа сай, тақтайдай тегіс жолдың игілігін бірге көретін боламыз.

– Бейбіт Өксікбайұлы, жергілікті халықпен кездесулердің көпшілігінде газға қосудың бағасы ұдайы айтылды. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесі қандай? Және облыс бойынша газдандыру жұмыстары қалай жүруде? Әсіресе, Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентін көгілдір отынға қосу жұмыстары туралы білгім келеді?

– Өте өзекті сұрақ. Облыстағы газдандыру жұмыстарына белгілі 1-2 компаниядан өзгелерінің қатыстырылмауының көптеген себебі болуы мүмкін. Дегенмен, табиғи газға қосудың бағасын шектеулі топқа тиесілі компаниялар өздері қойды. Соның кесірінен Талдықорған қаласында газға қосудың бағасы пешті қоспағанның өзінде 500-600 мың теңгені құрады. Ақылға сыймайтын баға. Облыс орталығында өткен халықпен кездесуде маған қойылған сауалдың басым бөлігін баспана мәселесі құраса, 25 сұрақ газдандыруға қатысты болды. Сонда жиналысқа қатысқан «ҚазТрансГазАймақ» компаниясының өкілін орнынан тұрғызып, газға қосудың бағасын түсіндіріп беруін сұрадым. Ол кісі түрлі сылтау айтып, бағаның қымбаттап кеткенін алға тарта берді. Сосын газға қосудың нақты бағасын өзіміз есептеп көрдік. Сөйтсек, пешке дейін құбыр тартудың құны 155-175 мың теңгенің төңірегінде шығады екен. Осыған орай әлгі компанияға нақты талап қойып отырмыз. Біздің ұсынысымызды қабылдамаса онда өзіміз компания құрып, газға қосудың бағасын реттейміз. Яғни, бәсекелестік орта қалыптасуы керек. Осыған орай бұған дейін Ескелді, Қаратал, Көксу аудандарында бағаны түсірмей ұстаған монополистерге қарсы он шақты компанияны қарсы қойдық. Соның ықпалымен 1 айдың ішінде нақты құны белгілі болып, баға реттеліп шыға келді. Міне, осы тәсілді Талдықорған қаласына қолдансақ деп отырмыз. Облыстағы 358 елді мекеннің 192-і газдандыруға жатады. Соның ішінде 20 ауыл газға қосылып, 283 мың адам көгілдір отынның қызуын сезінуде. Облыс орталығы Талдықорғанда 54,3 мың адам қосылды. Жалпы газға қосылмаудың екі себебі бар. Оның біріншісі – бағаның қымбаттығы болса, екіншісі – 3-4 тонна көмірдің бағасы 60-70 мың теңге тұратынында. Бір маусымға жетерлік көмірі бар адам немқұрайдылықпен газға қосылуды тежей береді. Ал Сарыөзек кентіне келер болсақ, Кербұлақ ауданының орталығы баса назар аударуды талап етеді. Облыс әкімі ретінде алғаш барғанымда тұрғындардың ренішке толы сөздері қайран қалдырды. Шынында жергілікті халықтың талабы орынды. Ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстарының ондаған жылға созылуы ұятты нәрсе. Осы жылдардың ішінде ауданды талай әкім басқарды. Сөйтіп, алғашқы кездесуде не айтарымды білмей кеттім. Келген соң мамандармен кеңесіп, қажетті қаржысын таптық. Қысқасы Сарыөзектегі ауызсу мен газға қосудың көптеген себебі анықталды. Сосын қоңыр күзде ауызсумен қамтамасыз етудің жолдарын таптық. Енді елді мекеннің ішіндегі су жүйесін ауыстыру жұмыстары қалды. Келер жылы соны толық бітірсек, жергілікті халықтың алдында жүзіміз жарық болмақ. Ал Сарыөзек кентіне табиғи газ жеткізетін автоматты газ бөлу стансысы бірқатар кемшіліктің кедергісімен іске қосылмағаны белгілі болды. Сондай кедергілер жойылып, табиғи газ стансыға жеткізілді. Жақын күндері аудан орталығындағы алғашқы 40-50 үй көгілдір отынның жылуын сезінеді. Сөйтіп, 2 жыл бойы қозғалыссыз тұрған мәселені 4-5 айдың ішінде жүзеге асырғанымызға қуанамын.

 – Халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мәселесі қалай шешімін тауып отыр? Жыл соңында қандай түйін жасауға болады және қандай жоспарлар бар?

 – Иә, баспанамен қамтамасыз ету мәселесі ең алдыңғы орында тұр. Әсіресе, Талдықорған қаласының тұрғындары үшін аса өзекті. Бүгінгі күні облыс орталығында үйдің кезегіне 14 мыңнан астам тұрғын тіркелген. Қала тұрғындарының наразылығы мен ренішін республикалық бірыңғай «Кезекте» базасын іске қосу тудырды. Енді осыны түсіндіре кетейін. Биыл жыл басында Талдықорғанда республикалық бірыңғай «Кезекте» базасы іске қосылды. Маған түсіндірген мамандардың айтуынша, еліміздің барлық өңірі бұл базаға 2016-2017 жылдары өткен. Тек біздің аймақ қана кезекке тұрудың ескі жүйесін пайдаланған. Яғни, 2022 жылға дейін халық үй кезегінің 19 санатына жатқызылса, жаңа база бойынша адамдар 6 санатқа бөлінген. Соның әсерімен кезек саны бірнеше есеге өсіп шыға келді. Әрине, содан келіп түсінбеушілік туындады. Ең сорақысы үйдің кезегінде тұрған 1700 адам түсіп қалған. Оның түрлі себебі бар. Қолдан жасалуы да, «Қаралы қаңтар» кезінде әдейі құртылуы да мүмкін. Тағы бір айта кететін нәрсе – соңғы кездері сіздердің әріптестеріңіз әлеуметтік желілерде тұрғын үй берудің заңдылығын әділетті көтеріп келеді. Одан бөлек, менің атыма жазылған өтініштер мен хаттардың 70 пайызы баспанамен қамтамасыз ету туралы. Қоғамдық қабылдаудағы мәселелерді қоспағанның өзінде осындай көрсеткіш алға шығып тұр. Тіпті, қала тұрғындарымен болған кездесуде әрбір үш сұрақтың екеуі пәтер жайын қозғайды. Осыған орай қоғам белсенділері, журналистер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысқан арнайы комиссия құрылып, үй қорын түгендеу жұмыстарын жүргізді. Сонда 2013–2021 жылдар аралығында 1026 пәтер ешқандай құжатсыз берілгені анықталды. 8 жылдың ішінде пәтер алғандардың қатарында мемлекеттік қызметкерлер, құқық қорғау органдарының мамандары басым болып шықты. Шындығында салынған үйлерді мүгедектер, жетім балалар, көпбалалы аналар, онкологиялық ауруы бар науқастар сияқты халықтың аз қамтылған топтары алуы керек еді. Осыған орай қала әкімі мен прокуратура әрбір деректі мұқият тексеріп жатыр. Дегенмен, кезінде ешқандай құжатсыз баспана алғандарды пәтерінен қуып шығып жатқан жоқ. Себебі, адам өмір бойы кезекте тұрып, пәтерге қол жеткізгенде зейнеткерлікке шығуы мүмкін. Сол секілді жағдайлар өте көп. Сондықтан қала әкімі мен прокурорға пәтерлерді заңдастырып берудің жолын қоса қарастыруды тапсырдым. Ал мемлекеттік қызметкер жұмысын ауыстырып, басқа жаққа кетсе, үйді қаланың коммуналдық меншігіне өткізіп беруі тиіс. Осындай жолмен қазірдің өзінде 48 пәтер қайтарылса, 147 пәтерге Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мамандары тексеру жүргізуде. Егер пәтер әлеуметтік аз қамтылған топқа жататын азаматтарға берілсе, құжаттарын сот арқылы алады. Әрине, өмір болған соң түрлі жағдай кездеседі. Соның әрқайсысына әділеттілікпен қарауымыз керек. Жалпы облыс бойынша халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмысы тұрақты жүріп келеді. Жыл сайын әр ауданда көпқабатты үйлер пайдалануға беріліп тұрады. Мысалы, биыл Текелі қаласында, Кербұлақ, Алакөл, Ескелді, Қаратал аудандарында 45 және 60 пәтерлі үйлер тұрғындардың игілігіне берілді. Одан бөлек, «Самұрық Қазына» Ұлттық қорының көмегімен Талдықорғанда көпқабатты 11 үй, Жаркент пен Сарыөзекте 50 коттедж салу жоспары бар. Үйдің кезегіне тұрушыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін келесі жылы облыс орталығының оңтүстік-батыс ауданында 1292 пәтерлік 35 үй бюджет қаржысына салынады. Сондай-ақ, жекелеген инвесторлардың қолдауымен 600 пәтер салынуы тиіс. Осылайша 2023 жылы 1892 пәтер беріледі. Тағы бір айта кететін нәрсе – облыс орталығынан үй салуға арналған жер телімін алғысы келетіндердің кезегі ұлғайып, 40 мың адамға жеткен. 2018 жылдан бері бірде-бір жер телімі берілмепті. Оған жер телімдерін дайындаудың жүйелі жұмысы кедергі келтірген. Яғни, су жеткізіліп, электр жарығы тартылып, кәріз жүйесі жүргізілген жерге ғана үй салынуы керек. Әйтпесе, күнде шу, күнде айғай шығады. Осыған орай келесі жылы инженерлік-коммуналдық жүйелері тартылған 500 жер телімі беріледі. Ал халықтың игілігі үшін жұмысы жап-жақсы басталған «Береке» коттеджді қалашығының тұрғындарынан көптеген шағым түсуде. 2018 жылы жоспарланған 620 коттеджің 373-і ғана пайдалануға берілген. Олардың өзінде көптеген кемшілік бар. 204 коттедждің құрылысы аяқталмаған. Инвесторларға берілген 43 жер телімі сол күйінде бос жатыр. Қазір прокуратура коттедждердің сапасы мен бюджет қаржысын жымқыру бойынша тексеру жүргізіп жатыр. Заңсыздық анықталған жағдайда жауапты тұлғалар заң алдында жауап беруі тиіс.

– Қазір байқасақ, Жетісу облысында блокты-модульді конструкциялар құрылыста жиі қолданыла бастады. Мектеп, спорт кешендері сияқты бірқатар нысандар да модульді конструкциялар арқылы салынып жатыр. Жалпы осы блокты-модульді конструкциялардың сапасы әлеуметтік нысандар үшін қаншалықты қолайлы?

– Сіз сауал ретінде қойған блокты-модульді конструкциялар сэндвич-панельдерден құралады. Естеріңізде болса пандемия кезінде Алматыда жедел түрде аурухана тұрғызылды. Ол да аталған заттан қаланды. Канада, Америка, Финляндия, Швеция елдерін алып қараңыздар, бәрі де осы сэндвич-панель қолданады. Түрі мен түсі бөлек болғанымен негізгі элементі бір. Екі-үш айдың ішінде құралатын мұның үш артықшылығы бар. Біріншіден – қысқа уақытта жасалады. Екіншіден – бағасы 140-170 миллионның ортасында. Үшіншіден – сіз 80-100 шаршы метрлік ауылдағы медициналық пункт салу үшін оған техникалық-экономикалық негіздеме, жобалық-сметалық құжаттама жасайсыз, байқау ұйымдастырасыз, сосын барып Үкіметтің сараптамасынан өткізесіз. Сонда аталған құрлысты салу үшін 1 жылды келісіммен жоғалтасыз. Ал бұл жерде оның бірде-бірі қажет емес. Оған қоса аталған көлемдегі құрылысты кірпішпен салау үшін кемі 400-500 млн. теңге керек болса, блокты-модульді конструкциялар одан үш есе арзан шығады. Мұндай ғимараттар сапа жағынан 40-50 жылға дейін мінсіз қызмет көрсете алады. Олардың құрылғылары қоршаған ортаның барлық жағымсыз факторларына, соның ішінде ауа райының қалыпты құбылыстарына төзімді. Бүгінде ел игілігіне берілген Ескелді, Көксу, Ақсу аудандарындағы аталмыш ғимаратты көрдіңіздер ғой. Енді біз тек қана медициналық пункттерді ғана емес, ауылды жерлердегі Мәдениет үйлерін, 50-70 адамға арналған спорт кешендерін, мал дәрігерлік пункттерді аталған құрылыс нысаны бойынша саламыз. Сонда біз 2025 жылға дейін 40-тан астам осындай блокты-модульді медициналық, оның сыртында аталған мәдени нысандарды сала аламыз. Бұл өте пайдалы әрі керекті дүние. Сондықтан бұдан қашпауымыз керек.

 – Еліміз бойынша қатты тұрмыстық қалдықты өңдеу өзекті мәселенің бірі. Оның қатарындағы заңсыз қоқыс тастау, тұрмыстық қалдықты өңдеу өндірісінің жоқтығы көпшілікті алаңдатады. Осы бағытта қандай жоспар бар?

– Сұрағыңызға қарасам Үштөбеге шыға берістегі қоқыс алаңын мысалға алғыңыз келетіндей. Бұл мәселеге бірнеше тараптан қарау керек. Біріншісі – тұрмыстық қалдықты өңдеудің заманауи зауытын салу үшін қоқыстан темір, тас, ағаш секілді қатты қалдықты іріктеу жүргізу керек. Екіншісі – қанша қалдықты өртегеннен ауа ластанады? Үшіншісі – артында қалған органикалық қалдықты қалай өңдейміз? Үштөбеге баратын жолдың бойында биіктігі 4 метрлік, ұзындығы 3,5 километрлік полигон пайда болған. Соның өзіне кәсіпорын салуға инвесторлар келгісі келмейді. Себебі, салған қаржысын ақтамайды. Оған қажетті қоқыс күнделікті шықпайды. Осыған байланысты қоқыс өңдеумен айналысатын компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Алдағы жылдары тұрмыстық қалдықты өңдейтін, қаланың экологиясын тазартуға септігін тигізетін мекеме жұмыс істейтініне сенім мол. Сенім ақталып, жол бойында қоқыс алаңын тазартып, тұрмыстық қалдықты қажетке жарататын затқа айналдырған зауыттың жұмысына қуанып отырайық. Сол үшін жобалар ойластырылып жатыр.

 – Кез келген қазақ азаматының табан тірер жері, тиянақ табар тұсы – Абайдың даналығы. Отты жырларындағы парасатты пайымдар. Бүгінде Талдықорған қаласынан хакімнің ескеркіші еңсе көтереді деп ерекше ықыласпен күтіп жүрміз. Данышпан ескерткішін Жетісу төрінен қашан көреміз?

– Ескерткіштің еңсе тіктер мезетіне де аз уақыт қалды. Осыдан екі апта бұрын Алматыға барғанымда арнайы ат басын бұрдым. Цехта құйылып жатыр. Көрсе көңіл қуанатындай еңселі ескерткіш. Өткен қазан айында Мәдениет және спорт министрлігінің жанындағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссия отырысында Абай Құнанбайұлы ескерткішінің пысықталған жобасы қаралып, мақұлданды. Оны жақсы білесіздер. Аздап министрлік тарапынан сын-ескертпелер болған екен, ол ескеріліп, қалыпты жұмыс жасалуда. Шамамен бітуге таяды десек те болады. Дегенмен, біз асықтырып жатқан жоқпыз. Қоғамдық кеңеспен, ақсақалдармен қаланың қай жеріне қоямыз, қашан орнатамыз деп ақылдастық. Мүмкін күн жылығанда, әз Наурыз қарсаңында қоярмыз деген ұсыныс-тілекті талқыладық. Жалпы ескерткіштің ұзындығы 9 метр. Еңселі, үлкен ескерткіш менің көңілімнен шыққанын да айта кетейін.

 – Талдықорған қаласының тұрғындарын толғандырған мәселенің бірі – облыстық әкімдіктің ғимаратына жүргізілген күрделі жөндеу десек болады. Жөндеу жұмыстары қараша айында бітеді деп хабарланған еді. Бірақ құрылыс жұмыстары әлі жүріп жатыр. Осыған не айтасыз?

 – Жалғыз нәрсе айтамын. Қазір желтоқсан айының соңы болды. Мердігер мекеме үлгермеді. Оның себебін қазіргідей жағдайдағы құрылыс материалдарының қымбаттап кетуімен байланыстырады. Ең бастысы нақты жоспар бар. Сол жоспарға сәйкес мердігер компания келесі айдың соңына дейін құрылыс жұмыстарын бітіріп беруді уәде етуде. Соған байланысты жаңа ғимаратқа қашан көшіп кіретініміз белгілі болады. Шынын айтқанда, қазір отырған жеріміз де жаман емес. Жұмыс істеуге қажетті мүмкіндігіміз бар. Қалғанының бәрі уақытымен келеді.

 – Бейбіт Өксікбайұлы, қазір әлемде геосаяси жағдай ұшығып тұр. Жаһандану заманында әлемдік қауымдастықтың мүшесі ретінде Қазақстан да мұндай жағдайдан шет қалмайды. Жалпы, еліміз мемлекеттік дамудың осындай күрделі кезеңін басынан өткеріп жатыр. Сіздің ойыңызша қазіргі кезде біздің елдің ішкі өзекті мәселелері қандай, кешегі «Қаңтар қасіретінен» тиісінше сабақ алдық па?

 – Дұрыс айтасыз, қазіргі әлемдік геосаяси жағдай, әлемдік сауда қатынастары, әлемдік тәртіп пен екі жақты санкциялар жағдайында өте күрделі саяси, экономикалық процестер орын алуда. Қазақстан мұның бәрінен шет қалмайды. Сондықтан, шын мәнінде біз бүгін, бәлкім, мұның мағынасын толық түсініп отырмаған шығармыз. Қазақстан жаңа дәуірдегі жаңа мемлекеттілігінің өте бір күрделі кезеңін бастан кешіріп немесе күрделі кезеңіне аяқ басып отыр. Қаңтар оқиғасын айттыңыз?! «Қаралы қаңтар» – тәуелсіздік жылдарындағы бұрын-соңды біз кездеспеген өте үлкен сынақ болды. Бір нәрсені ғана ұмытпауымыз керек, «Тәуелсіздік» деген бағалы байлықтан әп-сәтте айырылып қалуға болатынын ұғындық. Кішкентай ғана, боларболмас нәрседен. Жалақы, тұрғын үй жағдайы, тұрмыстық мәселе, халықтың, әсіресе жастардың мәселесіне байланысты өзінің келіспеушілігін, наразылығын білдірейін деген ақ-адал ниетін басбұзарлар, қылмыстық топтар оңтайлы пайдаланып кетті. Әйтпесе наразылығын білдірейін деген ел, әсіресе жастар әкімшілікті қиратайын, бүлікке барайын, қан төгейін деген жоқ қой. Радикалды топтардың, біздің қауіпсіздік комитетінің, басқа құқық қорғау салаларындағы кейбір басшалардың опасыздығынан, билікке келудің жымысқы жолын іздегендердің салдарынан жоғарыда айтқан ұлы байлықтан айырыла жаздадық. Отыз жылдық сүрлеуі бар, бай-қуатты ел боламыз деп жатқанда «жау жоқ деме, жар астында» дегендей, әлгіндей оқиғаға тап болдық. Біздің саяси көзқарасымыз, жеке пікір емес, азаматтық ұстанымымыз әртүрлі болуы мүмкін. Парламентке келу үшін оппозиционер болу керек, партиялар бірін-бірі сынау қажет, әкім, министр, үкіметтің кемшілігін айтуы тиіс. Парламентке келіп Үкімет құра ма, министр болып басқару ісіне араласа ма, олардың мақсаты сол ғой енді. Бұл дұрыс нәрсе! Бірақ, Тәуелсіздік, егемендік, мемлекеттілік деген қасиетті ұғымдар бар. Бұлар ешқашан бәске тігілмеуі керек. Америка сынды елдерді алып қараңыздаршы. Сайлауалды компаниясында бір-бірін жау көреді. 3 ай дебаттарға шығып, дауласып отырады. Жеңілді ме, келесі сайлауға дейін сау болыңыздар дейді де, сонымен бірлесіп жұмыс істейді. Бұл саяси мәдениеттің қалыптасуы. Сондықтан өздеріңіз айтпақшы бұл үлкен сабақ. Тәуелсіздік, мемлекеттік деген таразының басына қойылмайтын ұлы нығмет. Ешқашан қыл үстінде қалмауы керек. Әлі кітаптар жазылар, зерттеушілер айтар, бірақ сол алмағайып сәтте Президентіміздің табандылығының арқасында тұтастығымыз сақталды. Қиын сәтте бәріміз үшін шешім қабылдады. Жымысқы ойлар орындалып кеткенде сіз бен біз өстіп отырар ма едік деп ойлаудың өзі қорқынышты. Ал енді Қазақстанның өзекті мәселелері деген не? Бізге есею керек. Қоғамға да, билікке де керегі сол. Ащының-тәттінің, бардың-жоқтың, асылдың-жасықтың, жақсының-жаманның нарқы мен парқын айыратындай бізге зияткерлік деңгей керек. Қазақтың саны 70 пайыз болды деп мақтанып жатырмыз, ал сапалық жағынан сол көрсеткішке лайық болып отырмыз ба?! Ғылым, техника, жаңа технология, біліктілік жағынан басқа халықтарға бәскелестік таныта аламыз ба? Осыны ойлауымыз керек! Көсегеміз көгеріп, бақуатты ел болғанды, экономикамыз түзелген, мемлекеттік билік халқының сөзін сөйлейтін, саяси институттарымыз тұрақты, әрбір қазақ пен қазақстандық елімізді мақтан тұтатындай күнді көрсек деп біз де армандаймыз. Бірақ өз-өзімізді жамандап, тұқырта бергеннен де ештеңе шықпайды. Халық пен қоғамның жаманы болмайды. Барлығы басқару жүйесіне, басқару стиліне байланысты. Басшысы дұрыс болса, қоғам да түзеледі. Ал ондай қоғам мен халықтың ортасында түсіністік болады. Түсіністік нәтижеге, дамуға бастайды. Сондықтан береке-бірлігіміз ажырамасын! Келе жатқан Жаңа жылымыз құтты болсын! Жақсылық пен амандық тілеймін. Жаңа жылда халқымыз аңсаған, армандаған игі мақсат-мүдделеріміз орындала берсін!

 

 Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жазып алғандар Мәди АЛЖАНБАЙ,
Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ