ТАЛДЫҚОРҒАНДА ЖАСӨСПІРІМДЕР АРАСЫНДА БОКСТАН ОБЛЫС БІРІНШІЛІГІ ӨТТІ

Уақыты: 28.01.2023
Оқылды: 1413
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Талдықорғандағы "Жастар" спорт сарайында 2008-2009 жылы туған жасөспірімдер арасында бокстан Жетісу облысының біріншілігі өз мәресіне жетті.

Жарысқа облыстың әр өңірінен іріктеліп келген екі жүзге жуық жас спортшы қатысты. Әрине, рингке шыққан балалардың жас мөлшерлері он бес жастан аспайды. Соған қарамастан, олардың арасында спорттың осы түрін жетік меңгергендер де аз емес. Бұл Жетісу облысында бокстың қарқынды дамып келе жатқандығын көрсетеді. Әрі екі-үш жылдан кейін, түрлі ірі жарыстарда облысымыздың, еліміздің намысын қорғайтын мықтылар да, осылардың арасында екендігіне еш күмән жоқ. Сонымен, жарыстың қортындысы бойынша Жетісу облысының бокс бойынша ОРМБЖСМ командасы бас жүлдеге ие болды. Екінші орынға талдықорғандық жасөспірімдер командасы иеленсе, жүлделі үшінші орынға Лепсі спорт интернатының командасы шықты.

Лепсі спорт-интернатының оқушысы Әмір Жанадилов "Үздік боксшыға" тағайындалған жүлдені жеңіп алды. Талдықорғандық Жандос Құнанбаев "Үздік жаттықтырушы" атанды. Сайыстың әділ өтуіне үлес қосқан, талдықорғандық төреші Мұрат Айырмасов "Үздік төреші" деп танылды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер енді республика көлемінде өтетін жарысқа дайындала бастайды.
           

 Алуа ОСПАНЖАН,
Жетісу облысы