БІРЛІК МЫҚТЫ БОЛСА, ТІРЛІК ТҮЗЕЛЕДІ

Уақыты: 18.02.2023
Оқылды: 946
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Мемлекет басшысының тапсырмасы: ІС пен НӘТИЖЕ

Алтайдан Атырауға, Алатаудан Оралға дейінгі ұшса құстың қанаты талатын, шапса аттың тұяғы тозатын, жерінің асты да, үсті де байлыққа толы, аумағы жағынан дүние жүзіндегі мемлекеттер арасынан 9-орын алатын, геосаяси, Еуразия континентін байланыстыратын стратегиялық мәні мен мағынасы ерекше Қазақстан мемлекетіміздің Тәуелсіздік алғаннан бергі кезеңіндегі бағындырған белестерін түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. Қателіктер болған шығар. Даму жолында түрлі жағдайлардың кездесуіне таңғала алмайсың. 
Планетарлық масштабпен алсақ, қас қағым сәт сияқты көрінетін 30 жылдан астам уақытта мемлекетіміздің аяғынан тұрғанын ешкім жоққа шығара алмайды. Шекарамызды шегендеп, Ата Заңымызды қабылдап, әскерімізді құрып, мемлекеттік рәміздерімізді анықтап, азуын айға білеген Ресей, Қытай және тағы да басқа алыс-жақындағы елдермен дипломатиялық қарым-қатынас орнатылды. Басқа елдер санасатын дәрежеге жеттік. Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке ендік. Мемлекеттік тілімізді, ділімізді, ұлттық құндылықтарымызды жас ұрпақтың бойына сіңіруде батыл қадамдар жасалды, үлкен жұмыстар атқарылды.

Дегенмен, уақыт бір орнында тұрмайды. Заман ағымына сай президенттік билікті трансформациялау қолға алынып, 2019 жылдың 19 наурызынан бастап ел өмірінде жаңа үрдіс пайда болып, өмір мектебінен сүрінбей абыроймен өткен, бірнеше тіл білетін, мемлекеттің ішкі жүйесін басқаруда ысылған, дүниежүзілік деңгейдегі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Содан бергі кезеңде мемлекетті басқару ісінде оң өзгерістер орын алды. 
Күшті Президент, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет қағидасы пайда болды. 2022 жылы республика көлемінде Ата Заңымызға өзгерістер енгізу бойынша референдум өтсе, 20 қарашада халық қалауымен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 7 жыл мерзімге Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланды. Республика деңгейінде демократияның жаңа институты Қазақстан халықтық Құрылтайы, облыста, аудандарда қоғамдық кеңестер құрылып, халықтың мұң-мұқтажын билікпен бірлесе отырып талқылап шешуде біршама табыстарға қол жеткіздік.
 Мемлекетті басқарудағы супер президенттік жүйеден, президенттік жүйеге ауысу, Конституциялық сот жүйесі, құқықтық органдар реформасы, адам құқығын қорғауда кәсіптік-сервистік полиция бөлімдерін құру, парламентте, мәжіліс, мәслихат, әр деңгейдегі әкімдер сайлауы, жастар мәселесі, кадр саясаты, жемқорлықтың тамырына түбегейлі балта шабу, ғылым, медицина, оқу- ағарту саласы, студенттер мәселесі, жатақхана, ғалымдар мен жас кәсіпкерлерге қолдау жасау, тұрғын үй, өнеркәсіпті дамыту, тағы да басқа мәселелер бойынша жүктелген міндеттердің орындала бастағаны халықтың көңіліне сенім ұялатты. Ақылмен, парасаттылық, білімділік, сабырлылық, аса жоғары дипломатиялық шеберлікпен елді басқару да, адам бойындағы атадан балаға, тектілікпен бірге берілетін асыл қасиет екені менмұндалап тұрғандай.
 Жер бетінде жиі болып жатқан зілзала, су тасқыны, қуаңшылық, өндіріс орындарының зиянды қалдықтармен, шығарындылармен қоршаған ортаны бүлдіруі жаһандық катастрофаға әкеп тірейді. Осыған орай қазіргі кезде әлемді алаңдататын азық-түлік қауіпсіздігі, экологияға назар аудару барынша күшейді. Өз елін өзі азық-түлікпен қамтамасыз ете алмаған елдің болашағы бұлыңғыр. Келешектегі басты проблема да азық-түлік қауіпсіздігінің қорына қатысты болары анық. Кімнің экспортқа шығаратын азықтық заттары жеткілікті болса, сол елдің беделі арта түспек.
 Қазақстан Республикасы – индустриалды- аграрлы мемлекет. Халықтың 43 %-ы ауылдық жерде тұрады және олардың 80%-ы қазақтар. Ұлттық құндылықтарымыздың мәйегі, салт-сана, әдет- ғұрып, тіліміздің шұрайы, дініміздің, діліміздің, ұлттық өнеріміздің ордасы да осы ауыл. Ұлтының марқасқа тұлғаларының барлығына жуығы ауылдан шыққан. Тоқырау кезінде бір жүйеде жұмыс істеп тұрған салада өндірістік ырғақ бұзылды, шаруашылықтарды жекешелендірудің кесірінен ауыл азаматтары жұмыс іздеп аудан орталықтарына, үлкен қалалар мен қала маңына көше бастады. Урбанизация қарқын алды. Ауылдарда мал басы, егіс көлемі азайды. Соңғы жылдары мемлекеттік қамқорлықтың арқасында біршама түзелгендей. Ендігі мақсат – осы бағытта нақты нәтижелерге қол жеткізу. Президентіміз референдумда, президенттік тұғырнамасында, халыққа Жолдауында, өңірлерде жұртпен жүздесулерінде ауыл мәселесін естен шығарған емес. Әр аймақтың ерекшелігіне қарай, алдағы жылдарда ауыл-аймақты өркендетуге басымдық беріледі. Соған сай әр өңірге жеке-жеке дамыту тұжырымдамасын әзірлеу тапсырылды.1миллионнан астам ауыл тұрғынын қамтитын ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға 1 триллион теңге қаражат бөлу, лизингтік техникаларды алудың қолжетімділігі үшін жеңілдіктер қарастырылады. Сондай-ақ, кәсіпкерлікті бастаған жастарға 2,5%-дық несие беру қолға алынады. 
 Монополиясыздандыруды іс жүзіне асыру, шағын және орта бизнесті дамыту, шаруа қожалықтарына жағдай жасау арқылы асыл тұқымды, тауарлы мал басына, жемшөп қорын дайындайтындарға, малын асылдандырғандарға барынша көмек жасау да ойластырылған. Суару жүйелерін жөндеуге мемлекеттен қаражат беру, үнемдеп суару құрылғыларын алғандарға сатып алуға шығарған қаражатын 50%-ға дейін субсидиялау да қарастырылған.
Біздің елде кенжелеп қалған туризмді дамыту – шағын және орта бизнесті дамытудың негізгі қозғаушысы. Моңғолия елінде мемлекет бюджеті кіріс бөлігінің 50%-ы туризмнен түседі екен. Біздің елдің жер жағдайы ландшафты Моңғолиядан кем емес, артық болмаса. Сондықтан осы салада да бағдарламалар жүзеге асырылмақ. 
Ауылдың жағдайын жақсарту, шалғайдағы елді мекендердегі тұрмыс-тірлікті қаламен барынша теңестіру де бүгінгі заман талабы. Осы тұрғыда жұмыс істеу уақыт сұранысы екенін естен шығармаған абзал. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, алға қойылған мақсат белгілі, тек іске сәт демекпіз. «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деген халық даналығына сүйене отырып, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып» ел болашағы үшін береке-бірлікте қарекет етейік. 

Тынышбай Досымбеков, 
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы