БЕРЕКЕЛІ ЖЕРІ, АЙДЫНДЫ КӨЛІ, ТУРИЗМНІҢ ТӨРІ

Уақыты: 18.02.2023
Оқылды: 878
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көрген жанның көз жауын алатын, айдынында ақ шағала қалықтаған аймақ – Алакөл. Ақ толқыны аспанға атқан айдын көлімен, бауырында аң-кұсы өрген асқаралы тауымен, ел жайлаған ен тоғайымен, төрт түлік малға құт болған шағылды құмымен ерекшеленген өңірдің кейінгі жылдары әлеуметтік әлеуеті жақсарып, экономикасы өркендеп, елдің еңсесі көтеріліп, қиын жылдары қирандыға айналған ауыл келбеті түрленіп, гүлденіп өзіне тарта бастады.

Бүгінде сол байлықтың бағасын асырып, ел ырысын еселеп отырған аудан халқының талпынысына іштей сүйсінесің. Бейсенбі күні Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданына арнайы барып, атқарылған жұмыстармен танысып, елді мекенде шешімін күткен мәселелерді бағамдап, тұрғындармен кездесіп, ұсыныс-тілегін тыңдап қайтты.
Облыс әкімі Алакөл ауданындағы сапарының алғашқы жұмыс ретін аудандағы бірқатар маңызды нысандарды аралаудан бастады. Алдымен аудан әкімі Алмас Абдиновтың бастауымен Тентек өзеніндегі су тоспасын көруге барды. Ынталы ауылының іргесінде орналасқан ауыл шаруашылығы суармалы егістік жерін сумен қамтамасыз ететін тоспа 1975 жылы пайдалануға берілген. Өз кезінде қуаттылығы 30 мың гектар егістік алқабын суаруға лайықталған нысанның тоза бастағаны анық. Өткен жылдың қазан айында «Шымкент су метрология» ЖШС көпсалалы зерттеу жұмысын жүргізіп, ақауларды анықтап: «Барлық қақпақтың резеңкесін толық ауыстыруды және су өтетін өткізгіштердің астын бетондау үшін күрделі жөндеу жұмысын жүргізу қажет етеді» деген қорытынды шығарыпты. 
«Қазсушар» РМК Алматы филиалының директоры Саят Құдайбергенов су өткізетін қақпалардың тығыздағыш резеңкесін ауыстыруға «Қазсушар» РМК Алматы филиалы өз қаражаты есебінен 23,0 млн. теңге қарастырып, конкурстық рәсімдер жүргізілетінін айтып, жөндеу жұмысын суару маусымы басталғанша аяқтайтынын жеткізді. Нысанды аралап көрген облыс әкімі алакөлдік диқандардың ала жаздайғы төккен терін ақтауға сеп болатын тоспа құрылысының жаңғырту жұмысын назардан шығармайтынын айтты.
Келесі кезекте облыс басшысы бастаған топ Үшарал қаласындағы мүмкіндігі шектеулі балаларға әлеуметтік көмек көрсететін және оңалтумен айналысатын «Жансая» оңалту орталығына ат басын бұрды. Өткен жылы облыстық бюджеттен 135 млн. теңге бөлініп, бой көтерген нысан өзінің мүмкіндігімен де, мүмкіндігі шектеулі баласы бар ата-аналардың өз кәсібімен айналысуына жағдай жасайтын көмегімен де жұрт көңілінен шығып келеді. Бастапқыда 50 орынға арналып жоспарланған орталықта бүгінде 20 бала ем алуда. 
Орталық директоры Серік Серғазинов облыс әкіміне мекеменің тыныс-тіршілігімен таныстырды. Аулада балаларға  арналған ойын алаңы, мүгедектігі бар балалар үшін түрлі жаттығу ойын кешені бар. Жатын бөлмелері жарық әрі жайлы, орталықтың монтессори, сенсорлық, физиотерапия,  емдік дене шынықтыру кабинеттері арнаулы әлеуметтік қызметтерді  сапалы көрсететін заманауи жабдықтармен жабдықталған.

Дефектолог және логопед,  массаж жасау, тұзды шахта бөлмесі және ем-шара, қызмет алушыларды қарап-тексеру, еңбекке баулу кабинеттерінде өз ісін жетік білетін мамандар балаларды оңалту мен көмек көрсетудің түрлі жұмысын атқарады. 
Орталықты толық аралап, онда ем алып жатқан мүмкіндігі шеутеулі балалардың жағдайымен танысқан облыс әкімі Бейбіт Исабаев:  
– Орталықтың қызметіне көңілім толды. Мүмкіндігі шектеулі балалар өздері еңбектенеді, сурет салады, түрлі ойын ойнайды. Алакөлдің жағалауында кезінде салынған бір ғимарат бар. Сол ғимаратты балалар жаздыгүні демалатын орынға ыңғайлап, «Жансая» оңалту орталығының балансына өткізіп беруді аудан басшысына тапсырамын, – деді.  Сондай-ақ, балалардың көңілін көтеретін түрлі ойыншықтар сыйлады.
Осындай қуанышты көңіл күймен Үшарал қаласындағы №1 орта мектепке кірген облыс әкімі білім шаңырағы күрделі жөндеуді қажет ететінін бірден байқады. 1967 жылы пайдалануға берілген нысанның тозығы жеткен. Жалпы 960 орынға арналған білім ордасында бүгінде 1560 оқушы оқып жатыр. Әбден ескіріп, тозған кабинеттер мен аңғал-саңғалы шыққан есік-терезелер осында жұмыс істейтін 150-ге жуық қызметкердің де еңсесін түсіріп біткен. Мектеп директоры Салтанат Құнанбаева мектепті күрделі жөндеуден өткізіп беруін өтінді. Облыс басшысы бұл ұсыныстың жүзеге асатынын және мектепті күрделі жөндеуден өткізу жұмысы биылға жоспарланғанын жеткізді. 
 Ал Алакөл гуманитарлық-техникалық колледжіне барған облыс әкімі 1974 жылы салынған ғимараттың кетеуі кетіп тұрғанын, ондағы техникалық базаның нашарлығын да көрді. Алайда, заман талабына сай маман даярлау жұмысын жетілдіре алмаған оқу орнын күрделі жөндеуден өткізу басы артық шығын екендігі көрініп тұр. Себебі, 500 орынға арналған ғимаратта бүгінде 260 жас нарықта сұранысы аз аспаз, шаштараз, тағы да басқа мамандықты игеруде. 
– Жыл сайын мемлекет тарапынан қыруар қаржы шығындап, жастарды мамандыққа тәрбиелейміз. Олар диплом алып шыққан соң өндірісті өркендету емес, жұмыссыздардың қатарын көбейтуде. Меніңше, осындай аумағы атшаптырым ғимаратты күрделі жөндеуден өткізуге миллиярдтап қаржы шығындағанша, сол қаржымен көлемі шағын, заманауи оқыту жабдығымен жабдықталған колледждерді қолға алған тиімді. Сіздер, күрделі жөндеуді ұсыныс етпей, осы ауданда жүзеге асатын ір жобаларға қажетті мамандықтарды оқытуды қолға алып, соның нәтижесін көрсеткендеріңіз жөн, – деді облыс әкімі.
Алакөлде балықтың сан түрі өседі. Ауданда 7 балық шаруашылығы тіркелген, 2  балық өңдейтін кәсіпорын мен 2 цех бар. Бүгінгі таңда балық аулау лимитінің төмендеуіне байланысты «Болашақ бастау» серіктестігі тек 21,1 пайызға жүктелген, өткен жылы барлығы 784 тонна өнім өндірілген. Бірақ аталған өндіріс орны балықтың сүйегінен өнім өндіретін жаңа цехты іске қосыпты. Серіктестік директоры Дәурен Алтынбаев облыс әкіміне жаңа өнімдерін таныстырды. Расында, бұрын қоқысқа лақтыра салатын балық сүйегінен бүгінде әр жастағыларға арналған түрлі азық-түлік өнімі шығарылуда. Оның ішінде бұқтырылған, қапталған, суық және ыстық азық-түліктер бар. Мұнда 58 адам тұрақты жұмыспен қамтылған, олардың орташа жалақысы 200 мың теңге айналасында. Облыс басшысы олардың жаңашылдығын жоғары бағалады және өнім көлемін ұлғайтуға кедергі келтіріп отырған балық аулау лимитін көбейтіп беруге көмектесетінін жеткізді.
Бірнеше нысанды аралап көргеннен кейін аймақ басшысы Зейнеп Қойшыбаева атындағы Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесіп, жалпы облыс бойынша жетістікті де, кемшілікті де саралап шықты.  Жетісу облысы өзінің табиғи жағдайына қарай, ауыл және мал шаруашылығы мен туризмді өркендетуге қолайлы аймақ.
Бейбіт Өксікбайұлының айтуынша, ағымдағы жылы  ауылшаруашылық тауар өндірушілерін қолдауға бюджеттен 23,6 млрд. теңге бөлінеді, соның             21 млрд. теңгесі демеуқаржыға бағытталады. Көктемгі дала жұмыстары үшін 10,3 мың тонна кепілдендірілген дизель отыны берілмек. Егістікке 25,1 мың тонна минералды тыңайтқыш қолданылады. Десе де, халықтың жерге деген сұранысы артып келеді. Өткен жылы облыста мемлекетке 128,5 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер қайтарылып, 327 мың гектар жайылымдық жер айналымға енгізілді. Биыл 220 мың гектар жер қайтарылады деп күтілуде. 
 Басқа салада да өркенді істердің қатары көп. Әсіресе, жол, ауызсумен қамту, газдандыру мәселесі кезең-кезеңімен атқарылуда.
– Былтыр көгілдір отынға 12 елді мекен қосылып, 28 мың адам газға қол жеткізсе, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында Талдықорған – Үшарал магистральді газ құбыры құрылысы басталмақ. Нәтижесінде, Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарындағы 124 мың тұрғыны бар 66 елді мекен көгілдір отынның қызығын көреді. Соның ішінде Алакөл ауданынан 22 елді мекен енгізілді, – деді әкім. 
Естеріңізде болса Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылы Жетісу өңіріне келген сапарында Сарыөзектен Талдықорғанға дейінгі барлық елді мекенді газға қосуды тапсырған еді. Облыс әкімі баяндамасында, алдағы уақытта 5 аудандағы 79 елді мекен газ құбырына қосылатынын жеткізді. Оның жоспары жасалып, қаржысы бөлініпті. Тек сапалы әрі уақытында бітіруді қолға алу керек. Ал аймақта жол мәселесі де өзекті. Былтыр облыстағы  52 елді мекеннің жолы жөнделіп, жұрттың ризашылығына бөленді. Сол қатарда Алакөл ауданындағы 9 елді мекеннің жолы жөнделген.  Биыл  66 елді мекеннің ішкі жолдарын реттеу жоспарланған. Сол қатарға Алакөл ауданынан 14 елді мекен еніп отыр. Жыры бітпейтін ауызсу мәселесінің де біраз түйіні тарқағаны белгілі. Былтыр облыста 2 ауыл орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілсе, биыл бұл бағыттағы жұмыс 4 ауылда жалғасады. 
Баяндамадан білгеніміздей, әлеуметтік салаға да қыруар қаржы бөлініп отыр. Биыл білім беру саласына 162,8 млрд. теңге бөлініп, мұғалімдердің жалақысын толық өтеумен бірге 6 мектеп салынып, 58 мектеп жаңғыртудан өтті. Ағымдағы жылы жергілікті бюджет есебінен тағы 6 мектепті іске қосамыз. Сондай-ақ 3 мектептің құрылысы басталады.  Жалпы, 2025 жылға дейін 23 жаңа мектеп салу көзделген, оның ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде 10 мектеп тұрғызылады. Сол қатардағы Алакөл ауданы, Достық ауылында және Панфилов ауданы, Жаркент қаласындағы екі мектеп құрылысы биыл басталады.  Ал денсаулық сақтау саласында былтыр 7 нысанның құрылысы басталып, 2 нысан пайдалануға берілген.  Биыл қалған 5-уі қолданысқа енгізіледі.  Сонымен қатар, былтыр жергілікті бюджет есебінен 12 блокты-модульді медициналық пункт салынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 15 дәрігерлік амбулатория, 39 фельдшерлік-акушерлік және 5 медициналық пункт бой көтереді. Ал  жергілікті бюджет есебінен 2025 жылға дейін 57 модульдік медициналық кешен, оның ішінде 2  «жедел жәрдем» стансысы салынады. 
– Бұл сандарды неге көрсетіп отырмын? Себебі, 2023-2025 жылдар аралығында тек Жетісу облысына ғана емес, жалпы Қазақстанның ауылдарына бұрын-соңды болмаған үлкен қаражат бөлініп отыр. Әсіресе, ауылды жердегі білім, ғылым, денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталып отыр. Біздің ендігі мақсатымыз – бөлінген қаражатты мақсатқа сай жұмсап, ысырап қылмай, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кететін тамыр-таныстыққа жол бермей, заңды бұзбай, елдің игілігіне айналдыру, – деді облыс әкімі Бейбіт Өксікбайұлы.

Шешімін тапқан сұрақтар

Естеріңізде болса, өткен жылдың қыркүйек айында облыс әкімі Бейбіт Исабаев Алакөл ауданына арнайы іссапармен барып, тұрғындармен емен-жарқын пікірлесіп, жұрт көкейінде жүрген  біраз мәселені көңіліне түйіп қайтқан болатын. Сол жолы аудан тұрғындарынан жалпы 17 өтініш, сұрақ, ұсыныс түскенін білеміз. Міне, содан бергі 4-5 айдың ішінде сол сұрақтың 9-ы нақты шешімін тауып, жылдар бойы көптің көңілін күпті еткен мәселелер өз арнасын тапқан.  
Айталық, Үшарал қаласы тұрғындарының сұрауы бойынша  «Тарлан» спорт кешенінің жанындағы республикалық трассаға бағдаршам орнатылып, әр тұрғынның үйіне дейін жарықтандырылған тротуар төселді. Сонымен қатар, осы аумақта маршруттық автобус қызмет көрсете бастады. Қала тұрғындарын жылумен қамтамасыз ету мақсатында орталық жылыту қазандығының күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, 4 жаңа жылыту қазандығы орнатылды. Оған облыстық бюджеттен 92,8 млн. теңге бөлінді. Десе де, жаңа тұрғын үйлердің бой көтеруіне байланысты Үшарал қаласындағы орталық қазандықты қайта жаңарту қажет. Ол үшін осы жылға республикалық бюджеттен 2 млрд. теңге қарастырылған. Мемлекеттік сатып алу байқауы жарияланды. Жаңғырту жұмысы келесі жылы бітеді деп күтілуде.  Сондай-ақ, Қабанбай ауылындағы Мәдениет үйінің тозығы жеткен бір қазандығы ауыстырылып жатыр. Екіншісі алдағы уақытта ауыстырылмақ. Бескөл ауылындағы балалар спорт алаңының құрылыс жұмысына,  Бескөл стансысындағы Достық көшесін жарықтандыруға  жергілікті бюджеттен жалпы құны 32 млн. теңге бөлініп, осы жылдың маусым айында іске қосылады. Ал Тентек өзеніндегі бөгетті ағымдағы жөндеу жұмысына «Қазсушар» кәсіпорны қаражатының есебінен 23 млн. теңге қарастырылып, конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Жөндеу жұмыстары биыл жасалады.  
Өткен жылғы кездесуде ауданның жекелеген ауылында әлеуметтік дүкеннің жоқтығы, нан бағасының қымбаттығы да сөз болып еді. Осыған орай,  аудандағы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында «Үйгентас», «Тоймарт», «Қазақстан», «Искорка» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясымен келісімшартқа отырған. Қосымша 11 әлеуметтік бұрышта «Тоймарт» сауда орталығының наубайханасында пісірілген бірінші сортты нан 115 теңгеден сатылуда. 
Жұрт тілегі орындалған осы игілікті істер алдағы уақытта да облыс, аудан әкімдерінің тұрақты бақылауында болады.

Облыстағы жетістіктер мен табысты саралап шыққан облыс басшысы келесі кезекте Алакөл ауданының жағдайына ойысты. Жалпы, Алакөл – аймақтағы ауыл шаруашылығы саласы бойынша көш басында тұрған өңір. Егіс алқаптары  85 мың гектар көлемінде межеленген немесе облыста 4-ші орында, оның ішінде майлы дақылдарды егуде 1-ші орында келеді. Өкінішке қарай, кейінгі жылдары ауданда қант қызылшасы себілген жоқ. Биыл осы дақылды 500 гектар жерге егу жоспарланып отыр. Ақсу ауданындағы қант зауытының іске қосылатынын және аудан жерінің құнарлылығын  ескерсек, қант қызылшасы алқаптарын одан әрі ұлғайтуға толық мүмкіндік бар. 
– Сондықтан, аудан әкіміне қант қызылшасы бойынша егіс жоспарын қайта қарап, қызылша егетін шаруашылықтардың жұмысын ұйымдастырып,  оларды тұқыммен, тыңайтқышпен, техникамен қамтамасыз етуін тапсырамын, – деді облыс басшысы. 
Әкім баяндамасында ауыл шаруашылығын өркендетуге кедергі болып отырған тұстары да тыс қалмады. Әрине, ауылшаруашылық жерлерін өркендету үшін бірінші қадамда сумен қамтудағы түйткілді шешіп алу керек. Өткен жылы осы мақсатта талай жұмыс атқарылғанымен, 2015-2016 жылдары Ислам Даму банкі арқылы ауданның суару желілерін реконструкциялау жобасы қаражаттың жоқтығына байланысты іске аспаған. Бүгінде жобалық құжаттамаға тиісті түзетулер енгізілуде. Келесі жылы бұл жұмыс басталады деген ойдамыз.
Ауданда мал шаруашылығы да өркендеп келеді. Дегенмен, Айналмалы қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты екі бірдей сүт қабылдау пункті жұмысын тоқтатқан. Бұл өңірде сүтті мал шаруашылығын дамытудың кенжелеп тұрғанын айғақтайды. Мал бордақылау алаңдарының жұмысы да қарқын ала түскені байқалады. Бірақ, ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу саласы кенжелеп тұр. Картоп пен көкөністерді сақтау нысанын ашу жұмыстары әлі қолға алынбаған. Айталық, жылдық қуаты 16 мың тонналық «Қайыңды» ет өңдеу комбинатының қайта өңдеу желісі өткен жылы істен шығуына байланысты өндіріс деңгейі төмендеп кеткен. Жайылымдарды басқарудың жоспары бекітілмеген.
– Сондықтан аудан әкімдігі сүт, ет, майлы дақылдарды қайта өндеу мәселесін қолға алуы қажет, – деген тапсырма жүктеді облыс әкімі.
Бүгінде игерілмей жатқан жерді мемлекет меншігіне қайтару ісі қарқынды жүруде. Осыған орай, өткен жылы Алакөл ауданындағы  25 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылса, алдағы уақытта 27 мың гектар жерді қайтару жоспарланған. Алайда, шаруашылықпен айналысу үшін жер таппай шапқылап жүрген алакөлдіктердің қатары да аз емес. Оған, облыс әкімінің жеке қабылдауына жазылғандардың арасында «Айдос» ШҚ басшысы Айдос Балабаев пен «Мұхит» ШҚ басшысы Қайрат Қанағатовтың жер мәселесі бойынша жүгінгені мысал бола алады.  Себебі, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында жер беру конкурсы бір рет қана өткізілген, онда бар-жоғы 255 гектар жер берілген. 
– Мемлекет басшысы: «Жер – ауылдағы жермен жұмыс істейтін азаматтарға берілуі керек» деген тапсырма бергенін білесіздер. Сондықтан мемлекет меншігіне қайтарылған жерді тұрғындардың игілігіне беру үшін конкурстарды заңды және әділ түрде ұйымдастыруды аудан басшыларына тапсырамын, – деді облыс басшысы.

Атқарылар іс те аз емес

Халқымызда: «Арман бар да, дәрмен жоқ» деген нақыл сөз бар. Әрине, қолға алған әрбір жұмыстың шешілетін уақыты, оның заңдық талаптары, қаржы қайнары, тағы да басқа шарттары болады. Оны жүзеге асыру  үшін де уақыт керек. Яғни, өткен жылы алакөлдіктерден түскен 8 сұрақтың орындалуына әкімшілік тапсырма беріліп, жоба-жоспары жасалып, қаржысы қарастырылып қойғанымен, атқарылуына белгілі бір уақыт керек. Демек, бұл сұрақтар төңірегінде жалғасты жұмыс жүргізілуде. 
Айталық, Қабанбай ауылынан жас мамандарға 10 жеке тұрғын үй сатып алуға жергілікті бюджеттен биыл шамамен 150 млн. теңге бөлінеді. Жайпақ ауылында жаңа 150 орынды Мәдениет үйінің құрылысы бойынша  жобалық құжаттарды дайындауға қажетті  33,4 млн. теңге биылғы бюджетті нақтылау кезінде қарастырылады. Жаманты өзенінің бойына су қоймасын салу мәселесі техникалық-экономикалық негіздемесі жасалғаннан кейін зерделенеді. Оған  21,8 млн. теңгеге бюджеттік өтінім жасалған.  Екпінді ауылының ауызсу құбырын қайта жаңғыртуға және құрылысына 9,4 млн. теңгеге  жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс-монтаждау жұмысына қажетті 459,2  млн. теңге республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаралады. 
Былтырғы кездесуде жол мен көпір салу туралы да сұрақтар түскен. Осыған орай, Ж. Балапанов ауылындағы 6,2 шақырым ауылішілік жолдың құрылысы мен Қабанбай ауылының тұсындағы су өткізу шлюзін орнату жұмысын республикалық маңызы бар жолдың құрылысы аясында жасау «Қазавтожол» мекемесіне тапсырылды.  Тұрғындар «Достық» стансысының теміржол желісі арқылы жаяу жүргіншілерге арналған жерүсті көпірін салу қажеттігін айтқан болатын. Оның  құрылысына қатысты әзірленген құны 866,6 млн. теңге жобалық-сметалық құжаттаманы қазір Қазақстан теміржолынан аудан теңгеріміне өткізу жұмысы жүріп жатыр. Ақши ауылының көлденең жатқан жолын күрделі жөндеуге жобалау-сметалық құжаттарын әзірлеуге қажетті 36, 7 млн. теңге бөлу  мәселесі  облыстың биылғы бюджетін нақтылау кезінде қаралады. 
«Жұрт тілегі орындалды» деген міне, осы. Бұл Мемлекет басшысының «Еститін мемлекет құру» бағытының нәтижесі десе де болады. Расында, біраз жылдан бері қордаланып қалған сұрақтарды бірден шешіп тастау да қиын. Жоғарыда айтқандай, оның дені қаржы мен уақытты талап етеді. Десе де, өткен жолғы тұрғындар тарапынан ұсынылған толғақты мәселелердің қысқа уақыт аралығында оң шешімін тапқаны алдағы жобалардың да жүзеге асатынынан дерек береді. «Сабыр түбі – сары алтын» деген нақыл бар. Облыс басшысы барлық ұсыныс-тілектің кезең-кезеңімен жүзеге асып жатқанын нақты дәлел-дәйекпен осылай көрсетті.  

Кәсіпкерлік саласын дамыту үшін мемлекет меншігіндегі коммерциялық жер телімін сауда-саттық арқылы үлестіру жұмысы  ұйымдастырылмаған. Сол қатарда Алакөл жағалауындағы Ақши демалыс аймағындағы пайдаланылмай жатқан 19 коммерциялық жер телімін мемлекет меншігіне қайтару жұмысы жүргізілмеген.
– Бүгінде жер мәселесі Жетісуда ғана емес,Қазақстанның өзге өңірлерінде де ушығып тұр. Жерді қайтарып алу, сату үшін де оны басқару жоспары бекітілуі керек. Сосын оны ауыл шаруашылығы мақсатына айналдыру жоспары жасалуы керек. Мемлекетке қайтарылған жер де, конкурспен берілген жер телімі ақпараты әкімдік сайтында анық көрсетіліп тұруы керек. Міне, сонда ғана ел арасының берекесін сақтауға болады, – деді облыс басшысы. 
Өткен жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 15,1 пайызға төмендеп, аудан облыста 7-ші орынға табан тіреді. Алдағы уақытта «Қазақстан теміржолының» ірі жобасы «Достық – Мойынты» теміржол желісінің құрылысы басталады. Бұл аудан экономикасын өркендетуге өз септігін тигізеді. Бұл асфальтбетон және қиыршық тас зауыттарының өндіріс көлемін ұлғайтып, ауыл тұрғындарын көптеп жұмыспен қамтуға септігін тигізеді. 
– Бұл жоба орташа есеппен 4 жылда бітеді. Осы жоба аясында жұмыспен қамту мәселесі шешіліп, өңірге тіршілік нәрі келеді, – деді аймақ басшысы. 
Дегенмен, Алакөл ауданы инвестиция тарту жағынан облыста 2-орында тұр. Биыл 4 инвестициялық жобаны іске асырып, 20 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сол қатарда мультимодульді теміржол көліктік-логистикалық орталығының құрылысы, «Достық» стансысының көпфункционалды жүк тиеу терминалының құрылысы, логистикалық парк салу жобаларын атауға болады. Олар аудан экономикасына қан жүгіртеді. 
– Өткен жылы Алакөлге 1,5 миллион адам келіп демалған. Туристер легі өсіп келеді, сондықтан біз жағалауды абаттандырып, жол құрылысын дұрыстауымыз керек. Лепсі мен Балқаштың жолы келесі жылы, ал Талдықорған – Үшарал және Үшарал – Достық автожолы биылғы шомылу маусымы басталғанша толығымен бітеді. Қысқасы, келесі жылы облыстық маңызы бар жолдар толық бітеді. Ауыл-                                                                                                            ішілік жол жөндеу жоспар бойынша жүргізіле береді.  Алакөл көлінің қоршау бөгетін салған  мердігермен жасалынған шарт бұзылып, тоқтатылды.  Бірінші кезекте бөгетті салу және жағалауды нығайту жұмысы бойынша жоба құжаттары жаңартылып, құрылыс жұмысы осы жылы жалғасады. Ал абаттандыру келесі жылы жүргізіледі, – деді облыс әкімі. 
Алакөл ауданында 56 елді мекеннің 46-ы орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген. Бүгінгі таңда сумен жабдықтау желілерін қайта құру және салу бойынша жалпы құны 144 млн. теңгеге 10 жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Оның төртеуі жыл соңында іске қосылады. Білім беру саласында өткен жылы Теректі орта мектебіне 1,1 млрд. теңгеге күрделі жөндеу жүргізілді.  Сонымен қатар осы жылдың мамыр айында Ақши ауылындағы «Жалын» лагерінің қайта жаңғырту жұмысы аяқталады.  Жалпы аудан бойынша 9 мектеп бейімделген ғимараттарда орналасқан 1700 оқушы орны тапшылығы бар.Осы мәселені шешу үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы шеңберінде ауданда 2025 жылға дейін 1200 орынды екі мектеп салынып, Үшарал қаласының №1 орта мектебіне және «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Ақжар ауылындағы орта мектеп күрделі жөндеуден өтпек. Қабанбай ауылында биыл 150 орынды балалар шығармашылық орталығы Мәдениет үйінің жанынан ашылады, білім саласының инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жоспарлы түрде жалғасады. 
Ауылдарда медициналық қызмет сапасын жақсартуға баса көңіл бөлінген. Осы орайда,7 млн. теңгеге блокты-модульдік медициналық пункттер орнатылса, биыл Қамысқала ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салуға, Қарлығаш, Байзерек және Ынталы ауылдарында блокты-модульдік медициналық пункттерді орнатуға жергілікті бюджеттен жеткілікті қаражат бөлінді. Биыл құрылысы бітеді. Сондай-ақ алдағы екі жылда Қайнар, Жанама, Сапақ, Үшбұлақ, Қызылқайың, Ақжар ауылдарында 6 фельдшерлік-акушерлік пункт және Екпінді, Жайпақ, Бескөл ауылдарында 3 дәрігерлік амбулатория салынады. Ауданда 18 дәрігердің тапшылығы бар демесек, денсаулық сақтау саласындағы қолдау жеткілікті. 
Облыс басшысы өз баяндамасында аудандағы жетістіктер мен кемшіліктерді толықтай саралап шығып, облыстық мекеме басшылары мен аудан әкімдеріне тиісті тапсырмалар берді. Сондай-ақ, «Берілген тапсырмалардың орындалған, орындалмағанын жарты жылдан кейін тексеріп қайтамын», – деп уәде етті. 
Облыс әкімінің баяндамасынан кейін 30-ға жуық тұрғынның өтініш-тілегі тыңдалды. Сол қатарда су тапшылығы, мектептерді күрделі жөндеу, ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жердің тапшылығы, денсаулық сақтау саласындағы кемшіліктер, тағы да басқа саладағы келеңсіздіктер назардан тыс қалған жоқ. Соның ішінде ең көп сұрақ тұрғын үй кезегіне қатысты түсті. Шынын  айтсақ, бұл сұрақ облыс әкімінің  былтырғы  іссапары кезінде де, азаматтарды жеке қабылдауында да көп айтылған.  
Десе де, ауданда  тұрғын үй кезегінде  2021 жылы 1234, 2022 жылы 1409, биыл 1511 адам тіркелген. Өткен жылы Үшарал қаласында жалға берілетін 60 пәтерлі тұрғын үй, осы жылдың қаңтар айында құрылысы 2021 жылы басталған  20 пәтерлік екі үй пайдалануға берілсе де мәселені шеше алмаған. Биыл тағы да Үшарал қаласында 60 пәтерлі жалға берілетін үйдің құрылысы жоспарлы түрде жүргізілуде. Сонымен қатар, құрылыс құны 1,1 млрд. теңге болатын 20 пәтерлі үш үйдің жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, инженерлік желілер жүргізілген. Құрылыс-монтаждау жұмысына қажет қаражат республикалық бюджетті нақтылау кезінде қаралмақ. Бірақ бұл да талай адамның баспанаға деген үмітін ақтай алмауы мүмкін. Сондықтан облыс әкімі тұрғындармен кездесуде облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаевқа және тиісті басқарма басшыларына:
– Тез арада Үшарал қаласынан 60 пәтерлі екі үйдің құрылысын жоспарлап, тиісті қаржысын қарастырып, биыл 120 пәтерді үй кезегінде тұрғандарға берейік. Мүмкіндік болса, бұл істі келесі жылы да жалғастырып, тұрғындарды баспанамен қамту мәселесін жуық жылдарда шешейік, – деп тапсырма берді. 
Ел көңіліндегі көп түйткілді қозғаумен басталған кездесу осындай қуанышты жаңалықпен аяқталды.

Қажет АНДАС