ӨНДІРІС ОРЫНДАРЫНДАҒЫ ӨРКЕНДІ ІСТЕР

Уақыты: 18.02.2023
Оқылды: 875
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

ҚР Ауылшаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев жазиралы Жаркент өңіріне келіп, аудандағы бірқатар ірі өндіріс орындарын аралап, ауылшаруашылық өнімдерін өсіру мен өңдеу жұмыстарының барысымен танысты. 

Министрді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Жақанбаев, облыстық ауылшаруашылық басқармасының басшысы Нұрдәулет Кененбаев және Панфилов ауданының әкімі Марат Сағымбек қарсы алып, алдымен Айдарлы ауылдық округіне қарасты «Sky Agro» ЖШС-нің қызанақ өсіретін жылыжайын көрсетті.
Лауазымды тұлғаларға жұмыс барысымен серіктестік директоры Илмаз Кемаль таныстырды. Жылыжай 2016 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Оның жалпы жобалық құны 7,2 миллиард теңгені құрайды. Негізінен томат өнімін өндіретін кәсіпорын жылына 750 тонна қызанақ өндіріп сатады. Серіктестік Алматы қаласы мен Алматы және Жетісу облысының тұрғындарын жыл бойы қызанақпен қамтамасыз етеді.
Бұдан кейін министр «Көктал Агро» ЖШС тауарлы-сүт фермасының жұмысымен танысты. Мың гектардан астам жерге жүгері, көпжылдық шөп өсіретін шаруашылықтың жемшөп базасы мығым. Сондықтан да серіктестік 2,5 миллиард теңгеге мың бастан астам сауын сиыр ұстай алатын кешенді қора салып, 2019 жылы тауарлы-сүт фермасын іске қосты. Серіктестік малын жыл бойғы жемшөппен өздері қамтамасыз етіп отыр. Министрге фермадағы ілкімді істерді ЖШС жетекшісі Жәнібек Оқанов көрсетіп, серіктестік жұмысының мән-жайын айтып берді. 
Жаркент қаласында полипропиленнен жылына 48 миллион қап шығаратын зауыт құрылысы 2012 жылы пайдалануға берілген. Зауыттың жұмыс істеу жүйесі бірнеше цехтан тұрады. Мұнда бастапқыда мұнай қалдығынан алынатын 21030-16 маркадағы полипропиленнен қыздырып еріту арқылы жіп иіріледі. Келесі кезекте ол жіп тоқылып, жалпақ материалға айналып, одан сұранысқа қарай сыйымдылығы 25-тен бастап, 150 келілік қаптар тігіледі. Қазір зауытта 552 адам ауысымдық жүйемен жұмыс істеп жүр. 
– Зауыт өнімдеріне сұраныс жоғары. Сапалы тігілген қаптарға отандық тауар өндірушілермен қатар Ресей, Украина, Балтық теңізінің жағалауындағы елдер тапсырыс беруде, – дейді министрге зауыт тіршілігін таныстырған ЖШС директоры Закир Кузиев.
Жаркент қаласында 2013 жылдан бері жүгері дәнін өңдейтін «Жаркент крахмал-сірне» зауыты – бүгінгі таңда қанатын кеңге жайған ірі өнеркәсіп орындарының бірі. Мұнда 292 адам тұрақты еңбек орнын тапқан. Зауыт өндірген өнімнің сапасын бақылайтын өз сарапханасы бар.
Биыл Панфилов ауданының жүгерішілері жалпы 26 мың гектардан астам жерге «дала аруын» өсіріп, 160 мың тоннадан жоғары өнім алған. Өткен жылмен салыстырғанда биыл 20 мың тоннадан астам астық мол жиналған. Соның 100 мың тоннадан астамын «Жаркент крахмал-сірне» зауыты сатып алып, ұқсатуда. «Жаркент крахмал-сірне» зауытының жүгері дәнінен өңдеген өнімдерін еліміздегі «Рахат», «Трейдинг қағазы», «Хамле», «Іле картон-қағаз комбинаты», «Жамбыл гипс», «Рудстройсервис», «Қазупак», АХБК компаниялары сатып алады. Зауыт өніміне шетелдерден де тапсырыстар бар.
Ауылшаруашылық министрі өңірдегі өндіріс орындарын аралаумен қатар сапар барысында «Универсал» ЖШС жиынжайында ауылшаруашылық еңбеккерлерімен кездесіп, жағдайларымен танысып, туындаған мәселелерін білу үшін актив жиынын өткізді. Басқосуда алдымен министр баяндама жасап, еліміздегі агроөнеркәсіп өндірісінің жаңалықтарын жеткізді. Сонымен қатар, Жетісу облысы еңбеккерлерінің өткен жылғы өндірістегі жетістіктері сараланды. Биыл атқарылатын жұмыс жоспарлары талқыланды.
Кезедесуден кейін жеке мәселелері бойынша аудан тұрғындарын қабылдаған министр ұсыныс- өтініштерді Үкімет отырысында талдап, шешім қабылдайтынын мәлімдеді.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Панфилов ауданы