ЖЕТІСУДА ЭЛЕКТР ҚУАТЫНЫҢ БАҒАСЫ ҚЫМБАТТАДЫ

Уақыты: 06.03.2023
Оқылды: 972
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Жетісу облыстық Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында электр қуатына төленетін тариф мөлшері талқыланды. Жиын соңында Қоғамдық кеңес мүшелері тарифті біртіндеп өсіруге келісім берді.

Электр қуатының бағасын өсіруге қатысты «ТАЭТК» АҚ-ның Экономика және қаржы жөніндегі басқарушы директоры Гүлнар Адамбекова мен «Жетысу Энерготрейд» ЖШС директорының орынбасары Манар Абдамбаев кезекпен сөз алып, мәселенің маңыздылығын түсіндірді.

Олардың айтуынша, қазір облыс тұрғындары электр қуатының әр киловатына 19 теңгеден төлейді. Алайда, бұл қаржы соңғы уақыттағы қымбатшылыққа байланысты электр таратушы мекеменің шығынын жабуға жетпейді.

Сондықтан баға біртіндеп көтеріледі. Осыған орай жан-жақтан сауал қойған Қоғамдық кеңес мүшелері тарифтің өсуінің негізгі себептерін сұрап білді.

Мамандардың пікіріне қарағанда, «Жаңартылатын энергия көздерін пайдалануды қолдау туралы» Заңының 7-1-бабы 3-тармағының 4-тармақшасына сәйкес, сондай-ақ, ҚР Энергетикаминистрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы №118 бұйрығымен бекітілген баламалы қуат көздерін қолдауға арналған тарифті айқындау қағидаларына сәйкес, биыл электр қуатының бағасы шартты тұтынушылар үшін 1 киловаты 1,77 теңгеден 2,21 теңгеге өсіп отыр.

Оған себеп көп. Соның бірі электр қуатын тасымалдаушы компаниялар баға көтеруді жөн деп тапқан. Атап айтқанда, «KEGOC» АҚ өңіраралық электржелілік компаниясы 1 киловатт-сағат үшін 3,190 теңгеден 3,364 теңгеге, «ТАЭТК» АҚ өңірлік электр желілік компаниясы 1 киловатт-сағатүшін бағаны 8,00 теңгеге, «Қаратал Транзит» ЖШС 1 киловатт-сағат үшін 1,52 теңгеге, «Т-Транзит» ЖШС 1 киловатт-сағат үшін 1,48 теңгеге, «ҚТЖ «ҰК» АҚ1 киловатт-сағат үшін 2,44 теңгеге өсірген.

Соған орай, облыс тұрғындарына жарық жеткізетін «Жетысу Энерготрейд» ЖШС жеке тұлғалардың тарифін 19,00 теңгеге қымбаттатып отыр. Себебі, электр желілерінің тозуы, жұмыскерлердің айлық жалақысын өсіруді талап етуі бағаның өсуіне апарған. Осыны ескерген Қоғамдық кеңес мүшелері тарифті біртіндеп өсіруге келісім берді.

Мәди Алжанбай
Сурет ашық дереккөзден алынды