ҚЫЗҒА ҚАРАҒАНДА КЕЛІННІҢ ДӘРЕЖЕСІ ЖОҒАРЫ

Уақыты: 07.03.2023
Оқылды: 1159
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Төрткүл дүниеде қазақ халқындай әйел затын құрметтеген ұлтты табу қиын шығар. Сонымен қатар «қыз – үйге құт, ауыл ажары, ердің атын шығарады, даудың алдын бөгейді», – деп көптеген әлеуметтік мәселелермен де ұштастырып, тәрбиесіне айрықша мән берген. Жанының таза,  мінезінің жайдары, батыл да ибалы болуына көп көңіл бөлген.  Бұрындары «Еркек – үйдің егесі, әйел – оның шегесі» деген қағида болған.

Міне, осы қарапайым ғана бір ауыз сөздің астарында көп дүние жатыр. Осындай ұлттық  дәстүріміздегі  тәрбиелік мәні бар кішкене ғана қағидалар отбасын айрандай ұйытып, тіпті,  мемлекеттің іргесін бекітіп отырды деп айтуға болады.  «Тегіңді сақтаймын десең, ұлыңды тәрбиеле,  ұлтыңды сақтаймын десең, қызыңды тәрбиеле»,– деген де тәмсіл бар.

Байқасаңыз, қыз бала бүкіл ұлтты тәрбиелеуші. Бір қарағанда әйел адамның дәрежесін асқақтатып тұр, ал астарына үңілсек, қаншама жауапкершілік жатыр. Сондықтан, осы жауапкершілікті абыроймен атқарып шығуы үшін қыздарын бала күнінен тәрбиелеген, баулыған, маңдайынан шертпей, қабағына қарап, барын үстіне жапсырып, оң жаққа отырғызып, қыз қонақ деп еркелетіп өсірген. Осындай тәрбие алған текті жердің қызын бұрындары бабаларымыз өздері іздеп тауып, құда түсіп, ұлын үйлендірген. Бүгінгі күні айтсаң аңыздай, естісең ертегідей.

Кешегі Кеңес дәуірінде «Тақиялы періште» деп кино түсіріп, тегін білмесе де жүзі жылы инабатты келін іздеген ананы мазаққа айналдырдық. «Көріп бетті қыз алғанша, көрмей текті қыз алған артық», – дейді Балпық би бабамыз. Өйткені ұрпағының дұрыс болуы алған жарыңа көп байланысты. «Құдаң жаман болса, арманың ішіңде кетеді,  қызың жаман болса, ата-бабаңның түбіне жетеді», – деп барған жерінде ұятқа қалдырмауы үшін қызға қырық үйден тыйым салып тәрбиелеген. Өкінішке қарай, Кеңес дәуірінде осының барлығын ескінің сарқыншағы деп санамызға сіңірді.           
Қыз бала күндердің күнінде құтты орнына қонады. Басында бәрі бала келін болғандықтан балалықпен артық кетуі де мүмкін. Осыған кешіріммен қарауымыз керек. Бала туғаннан кейін ана келін болады. Құдайдың берген балалары ержетеді, енді солардың болашағын ойлайды. Сол кезде ана келін – дана келінге айналады. Жасы да ұлғаяды, өзі де ене болады.

Нәтижесінде  сол әулеттегі үлкендердің орнын басып, келген шаңырағының алтын діңгегі, темірқазығына айналады. Бүкіл әулетті қолына ұстайтын, ақылын айтып, қамқор болатын, ағайын-туыс, құда-жегжатты жақындастырып, айрандай ұйытатын  адам сол болады. Өкініштісі көп қыздарымыз осы дәрежеге жетпей қалады. Дәлірек айтсақ, жеткізбейміз. Кейбір ата-ана қызының барған жерінде бірден билеп-төстеп кеткенін қалайды.

Бірақ нан пісіру үшін алдымен бидайды егеді. Піскенде орып, қамбаға салып, диірменге тартып, ұнды илеп, пешке салып пісіру керектігін ұмытып, бірден бөлке болуын қалайды. Екінші қыры, әрбір отбасында қызын құрметтеп жақсы көреді де, келінді одан бір саты төмен санайды. «Сен келінсің» деп келсаппен ұрғандай дүңк етіп отыратын енелер бар. Мен бұған келіспеймін. Шындығында қызға қарағанда келіннің дәрежесі жоғары.

Бұрынғылардың  «Жарастық туы – жеңге, келешекпен дәмдес – келін» деп айтуында әулеттің болашағы тікелей келінге байланысты екені жатыр. Шаңырақтың темірқазығы болып қалатынына сенген. Қазір «келін» деп мұрнын шүйіре қарап отырған енелер болашақта осы келіні өзінің орнын басатынын түсінбейді. Келінге келін деп қарамай оны тәрбиелеп, білмегенін үйретіп, білгенін көтермелеп, қуанышын бөлісіп, қиналса көмектесіп тұру керек.  Өкінішке қарай, қазір ажырасу көп. Әр кезде жастарға кінә қойып, әркім өз баласының сөзін сөйлеп жатады. Ажырасуға себеп болып отырған үлкендер өзіміз емеспіз бе? 
Баяғыда «еті сенікі сүйегі менікі, қалай ұстасаң еркің, өзің тәрбиелеп, өзің сіңіріп ал» дейтін. «Балдай батып, судай сің» деген содан шыққан. Бұл сөз бір қарағанда қызына айтылған тілек болып естіледі. Солай қабылдап та жүрміз. Дегенмен, екінші мағынасы – қыздың енесіне, өзінің құдағиына қаратып айтылады. Қатты жерге, тасқа, сорға су да сіңбейді, бал да батпайды.

Сондықтан құнарлы топырақтай жұмсақ болған дұрыс. Оны түсінетін де, түсінбейтін де енелер бар. «Қызым қызартпаса, ұлым ұялтпаса» деген үміт әр ананың ойында. Ашып айтпаса да арманы, құдайдан тілейтін тілегі. Бірақ бұл үміттің жібек жібін белгілі бір жағдайда аналардың өздері үзеді. Өйткені қызының қылығы үшін қызармайды. «Ішіме сыйған қыз, сыртыма да сыяды»,–  деп үйіне алып келеді.

Баяғыда «қызы қайтып келіпті» деген ата-ана үшін өліммен тең еді. Барған жерінде біреу айтып қала ма деп жерге кірердей болып отыратын. Қазір отырып қалған қыздан, ажырасып келген қыздың беделі жоғары болып тұр.  Сөйтіп, қызының болашағына балта шауып жатқанын байқамайды. Анасы күйеубаладағы түймедей кемшілікті түйедей қылып көреді. Кемшілігін іздемей, кешірімді болу керек деп ойлаймын. «Әкелі бала мақтаншақ, әкесіз бала жасқаншақ» деген. Әкесіз жасқаншақ ұрпақ өсіп келе жатқаны өз алдына, балалы болса да, ол әлі жас болуы мүмкін. Жас адамға міндетті түрде сырлас керек. Жанын түсінетін жан табылмағаннан кейін,  кейбір ажырасқан қыздар теріс жолға түсіп кетіп жатыр.

Табиғаттың осындай бір заңын түсіне білмейтін аналарға қарным ашады. Қызы ашумен қайтып келгенімен, ертең өзіне серік іздейтінін әке мен шеше түсінсе керек еді. Сондықтан да мен жастардан көп кінә іздемеймін, жастарға тәрбие беріп отырған үлкендерді кінәлаймын. «Шешесін көріп қызын ал, табағын көріп асын іш» деген мақал бар.

Мәселе шешесінің бет-әлпетінде емес. Әңгіме үйдегі ер адамға деген сыйласымдығы қандай, күйеуін құрметтей ме, тұлға санай ма, әлде ерінің отырғаны опақ, тұрғаны сопақ па? Сенің болашақ жарың қандай ананың тәрбиесін алып шықты. Ұядан нені алып ұшты? Осы жағына мән берсек екен. Қазір «Әкең оттамасын, мен айттым болды» дейтін аналар бар. Сондай отбасында өскен қыз сондай ақылды, керемет әдемі болса да ертең үйленгенде шешесінен көргенін қайталайды. 
Тағы бір айта кететін мәселе, көптеген ананың киім кию әдебі. Қазір әжептеуір жасқа келген, толысқан, етжеңді, екі биенің сабасындай 50-60-тан асқан ананың шалбар киіп жүргенін көргенде соларға қарным ашады. Ер адамның шалбарын әйел адамның кигенін құптамаймын. Жарайды он екіде бір мүшесі бұзылмаған қыз бала кисе, оның сымбатына жарасатын шығар. Ал енді болары болып, толысып кеткен әйелдің шалбар киюі қанша заман өзгерді десек те, әдепке жатпайды.

Жалпы, әйел адамның көйлегінде кие, орамалында қасиет бар. Көйлек киген әйелде адамның көзін тартатын, көңілін толтыратын бір әдептілік пен имандылық, ізеттілік болады. Жасы ұлғайса да, шашын бояп, тыртитып шалбар киіп, адуындап сөйлеп, аршындап басып, жолындағының бәрін бұзып-жарып, жүретін апа-әжелерге: «Әй  сенің осы қылығыңды көрген қызыңнан, келініңнен не үміт, не қайыр?!» деп айтар едім.

«Он рет өсиет айтқанша, бір рет өнеге көрсет» деген бабалар сөзіндегі өнеге осы киім кию әдебінен басталады. Отбасының бұзылмауын, үйленген жастардың бір-біріне кешірімді болуын олар үйленгеннен кейін айта бастаймыз. Дұрысы сол  айтқанымыздың бәрін өзіміз өмірімізде өнеге етіп көрсете білсек ержеткен ұлымыз ұялтпайтын, бойжеткен қызымыз қызартпайтын болады.

Әсет Әбдіқазірқызы,
ҚР оқу ісінің үздігі, Көксу ауданының Құрметті азаматы