ШАҢЫРАҚ ШАТТЫҒЫ

Уақыты: 09.03.2023
Оқылды: 837
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Сарқан ауданында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған 2 қабатты, 20 пәтерлі тұрғын үйдің кілті салтанатты түрде табысталды. 

Жаңадан бой түзеп келе жатқан «Болашақ» ықшамауданында мемлекеттік бағдарлама аясында салынған жалгерлік үйдің лентасын аудан әкімі          Ғалымжан Қанатұлы қиып, қоныстоймен құттықтады. Көпқабатты жаңа тұрғын үйден ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жетім балаға 4 пәтер, І, ІІ топтағы мүгедек жанға – 6, мүгедек баланы тәрбиелеуші отбасыға – 2, көпбалалы отбасыға – 1, толық емес отбасыға – 4, зейнеткерге – 1, Ауған соғысының ардагеріне – 1 және тұрғын үйі авариялық жағдайдағы отбасыға бір пәтер берілді.
– Мен бүгін баспана кілтін алып, үлкен қуанышқа кенелдім. Осы қуанышты сәтті көп күттім. 10 жылға жуық жалдамалы үйде тұрып келдім, тумасынан мүгедек балам бар. Енді жаңа серпінмен, ақ ниетпен киелі шаңырағымызға кіріп отырмын. Осындай қуаныштың себепшісі болған барша аудан азаматтарына алғысымды айтамын, – деп  ағынан жарылды жаңа үйдің иесі Гүлдархан Ерғалиева.
Беріліп жатқан тұрғын үй заман талабына сай жасақталып, барлық коммуникациялық желілерге қосылған. Сондай-ақ,  балалар ойнайтын алаңқаймен қоса автокөлік тұрағы да қарастырылған. Жалпы, 2 қабатты, 20 пәтерлі тұрғын үйді салуға 336,040 млн. теңгеден аса қаражат бөлінген. 2022 жылдың өзінде ауданда 10,389 шаршы метр болатын тұрғын үй салынды. Айта кету керек, биыл «Болашақ» ықшамауданында тағы да       5 қабатты, 60 пәтерлі 2 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталмақ.

Мәулен ӘНЕРБАЙ
Сарқан ауданы