ТЕКЕЛІДЕ БИЫЛ АУЫЗСУ МӘСЕЛЕСІ ШЕШІЛЕДІ

Уақыты: 11.03.2023
Оқылды: 1110
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев  арнайы іссапармен Текелі қаласына барып, моноқаланың тыныс-тіршілігімен танысып, жұртшылықпен жүздесті. 

Жиында табиғи газ, жол, ауызсу мәселелері көтерілді.  

Жоспар бойынша 2024 жылдың 1-жартыжылдығында «Талдықорған-Үшарал» магистральді газ құбырының құрылысы басталмақ. 2025 жылдың соңына дейін Сары­өзек – Талдықорған бағытында 5 аудандағы 79 елді мекен газға қосылады деп жоспарлануда. Сапалы жолдар мәселесі, әсіресе, ауылдық жерде өзекті. Сондықтан өңірдегі инфрақұрылымның сапасын жақсарту жөніндегі жұмыс биыл да жалғасын таппақ. 

– Былтыр жергілікті жолдарды жөндеуге 24,2 млрд. теңге бөлініп, 52 елді мекеннің жолы жасалды. Олардың қатарында Текелі қаласы да бар. Сол сияқты былтыр 2 ауылда орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету жұмыстары аяқталды. Биыл 16 елді мекенде су жүйелерін салу және қайта жаңарту жұмыстарының аяқталуы жоспарланып отыр. Бұл тізімге де моноқала кіреді, – деген Бейбіт Исабаев облыстың даму қарқыны сақталып, халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі жұмыс жалғасатынын жеткізді.

Моноқаладағы кезек күттірмейтін тағы бір мәселе – таза ауызсу. Бұл мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы. Бүгінде халыққа таза су тарту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Таза ауызсуға 2022 жылы республикалық бюджеттен 416,2 млн. теңге бөлінген. «КазЕвроСтрой» мердігерлік ұйымы қолданыстағы ұңғымалардан инженерлік желілердің құрылысын бастады. Бүгінде 3,8 шақырым құбыр төсеу, көлемі 20 мың текше метр резервуарға топырақ әзірлеу жүргізілуде. Су құбыры мен құрылысты толық аяқтау үшін республикалық бюджеттен 477,3 млн. теңге бөлінеді. Сонымен қатар, жиында қала әкімдігі, қарттар мен мүгедектерге арналған үйден Қора сүзгі стансысына дейін 4 сорғыны қосымша орнатумен 4 шақырым су құбырына ағымдағы жөндеу жүргізу жөнінде ұсыныс айтылды.
 

7-su.kz