ГАЗЕТ ӘЛДЕ ГАДЖЕТ?

Уақыты: 25.03.2023
Оқылды: 1465
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Газет – халықтың көзі, құлағы һәм тілі»  деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының сөзі газеттің маңыздылығын алға тартатын басты ұран іспетті. Алайда, технология дамыған заманда газет-журналға деген қажеттіліктің деңгейі төмендеп бара жатқандай.

Қазіргі таңда газет пен гаджеттің арасында қызу бәсекелестік бар. Кезінде әлем халықтарының арасында «Газет қашан жойылады?» деген ой-пікір болған. Ондай ой теледидар дүниеге келген кезде орын алды. Мысалға теледидар шыға бастаған жылдары радио, театр, газет болмайды деген. Әрине, бұлардың барлығын бір-бірімен салыстыруға келмейді. Әрқайсының өзіндік рөлі бар. Әлеуметтік медиа кеңістігі дамыған АҚШ та «The New York Times» газетін әлі күнге дейін оқиды. Яғни, газет оқитын адамдар бар. Бұл ақпарат нақты әрі дәйекті болғандықтан газетке сұраныстың жоғары екенін және талапқа сай жұмыс істейтінін білдіреді. Біз де «газет жойылады» деген қате пікірді жоққа шығарып, алдағы күнде мерзімді басылымға сұраныстың артатынына сенімдіміз.

«Газет-журнал көбейсе, бәсеке артады. Оқырман талдап-талғап, таразылап оқиды», – деп белгілі редактор, журналист Қайырғали Медет айтқандай, әр газеттің мақала шығаратын өзіндік бір бағыты бар. Сол бағытта оқырманға пайдалы дүниені ұсынып және көз қызығарлықтай тақырыптарды қоюға газет саласында қаншама адам еңбек етеді.

Жаңалықтың барлығын ең әуелі әлеуметтік желіден білетініміз анық. «Таяқтың екі ұшы бар» дегендей, гаджеттің де бізге берер пайдасы қандай болса, зияны да соншалық екені рас. Біріншіден, денсаулыққа кері әсерін тигізсе, екіншіден, адамдармен шынайы өмірде көзбе-көз сөйлесіп, ойымызды анық жеткізе алмайтын жағдайға түсіп бара жатқанымыз шындық. Бұның бірден-бір себебі, жастар гаджетке тәуелділіктің әсерінен кітап, газет, журнал оқудан мақұрым қалуымыздан. Осылай жалғаса берсе ой-санамыз тұншығып қалмасына кім кепіл?!

«Заманына қарай адамы»  демекші, қазіргі кезде қолына ұялы телефон ұстаған адамның бәрі әлеуметтік желіге әртүрлі жаңалық тарата алады. Оның дұрыс, не бұрыс екеніне көп адам мән беріп жатпайды. Әлеуметтік желіден  жаңалықты оқыған бойда отқа май құйғандай дүрліктіріп жіберетін адамдарды да кездестіріп жүрміз. Бірақ дәлелденбеген ақпаратты таратуға көбіне жақсылыққа апармайтыны анық. Жалған ақпарат таратуға заңмен де шектеу қойылған. Біз осыны естен шығармауымыз керек.

Әрине, әркім өзіне керекті ақпаратты қайдан алғысы келсе де өз еркі. Бірінші жақ ғаламдық жаңалықтарды әлеуметтік желіден қараса, екінші жағы газеттерді ерінбей оқып, өзіне керек дүниені көкейіне қондырып алады.

Ғаламтор дамымай тұрғандағы заманда газет-журналдан  оқып жүрді. Қазіргі кезеңде газет сатып алатын адам саны тым аз. Себебі, барлығы гаджетте отыр.
Гаджеттерден ғана ақпаратты алу адамның ой-өрісін шектейді. Сөйлеу мәдениетіміз, сөздік қорымыздың кеңістігі тарылып, ұлттық құндылықтан ажырап барамыз. Гаджетті көп пайдаланатын жастардың сөйлеу мәнері өзгеріп, көбінесе «қыстырма» сөзге бой алдыруда. Мұнда қазақтың бай тілін гаджеттік тілге айырбастауда. Мәселен, «Нестеп?», «норм», «мхм», «баратырм», тізе берсең өте көп. Міне, осы бір қыстырма сөздер бүгінгі жастардың күнделікті сөйлеу мәдениетіне еніп кетті. Ертең бұл азаматтардың қолына ұлттың болашағын қалай сеніп тапсырамыз. Бұларды  сөздің қаймағын қалқып айтатын қазақтың ұрпағы деуге келмейді. Осының барлығы газет оқымаудың салдары деп білемін. Әрине, интернет парақтарын еркін қолдану керек, оны жетік меңгерген де дұрыс. Бірақ, әр нәрсені орнымен және пайдалы кеңесін ғана өзіңе сіңірген абзал.

Газет оқу – мәдениет! Біз сол арқылы білімімізді көрсетеміз. Мен замандастарымды гаджеттен шығып, газетке үңілуге шақырамын. Газеттің де айтары бар. Ол сенің өмірлік серігің болуға лайықты!

Гүлнұр Мұратбек,
І. Жансүгіров атындағы ЖУ-дің 3-курс студенті