Кеш үйлену сәнге айналып бара ма?

Уақыты: 16.07.2016
Оқылды: 2120
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Үйленудің осыншалықты күрделі мәселеге айналуына әртүрлі себеп бар. Оған жастар арасында жүргізген сауалнама нәтижесінде көз жеткіздік. Со­лардың ішінде ең басты себеп – бас­пана мәселесі. Бүгінгі буын осы келеңсіздіктің кесірінен үйленуді кешіктіреді екен. Бас­қа да әлеуметтік мәселелерді себеп қылып, отбасылы болуға асықпайтын жастар бірінші дүние жиып, бақуатты болуды қалайды. Өкінішке қарай «ба­йып, дүйім жұрттан озамын» деп жүріп, дүние-дүрмектің көшіне ілесе алмай қалатындар да кез­де­седі. Көп жағдайда мұндай ке­леңсіздік қыздар ара­сында орын алып жатады. Бұл жайт­қа да сауалнама қоры­тындысы бойынша қанықтық.

Сонымен қатар, бүгінде жағдайы бола тұра үйленуді кейінге шегеретіндер де кез­де­седі. Бұл шариғат заң­ды­лық­та­ры­мен сәйкеспейді. Бұл жө­нін­де пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім­де-кім жағдайы бола тұра үй­ленбесе, бізден емес», – де­ген. Ал мына бір хади­сін­де: «Не­ке қидырып үйленіңдер, пер­зентті болып көбейіңдер. Әри­не, мен сендердің көп­тік­те­ріңді қиямет күні басқа үм­мет­тің алдында мақтаныш ете­мін», – деп, өмірдің мәні ман­сапта емес, дүниеге ұрпақ әкеліп, аяулы әке, ақжаулықты ана атану екенін түсіндіреді.

Сауалнамаға қатыс­қан­дар­дың арасында ең көп айтылған уәждердің тағы бірі – «дұрыс адам жолықпай жүр»… «Дұ­рыс» адамды іздеп жүргенде жасы келгенін аңғармай санын со­ғып қалғандар да кездесті. Мұндайда халқымыздың «таң­да­ған тазға жолығады» дегені ерік­сіз еске түседі.

Соңғы кезде осы мәселені ше­шу үшін әртүрлі пікір ай­тылып жүр. Солардың ішінде бел­гілі демограф Мақаш Тәті­мов­тің «бойдақ салығын» енгізу ұсынысы қилы пікірталас туды­рып, көпшіліктің қызығу­шы­лығын оятты. Ол көзі тірісінде 25-тен асқан қыздар мен 30-дан асқан жігіттер өздерінің өмірлік серіктерін таппағаны үшін мем­ле­кетке салық төлеуі керек де­ген еді. Бір қызығы, мұндай салық сонау Кеңес өкіметі кезін­де болған екен. 1941 жылдың 21 қара­ша­сын­да күшіне енген «бой­дақ са­лығы» бойынша отба­сын құр­ма­ған және балалы болмаған 20-45 жас аралы­ғын­дағы қыз-келін­шек­тер мен 20-50 жас ара­лы­ғын­дағы жігіттер жа­ла­қы­сының 6 пайызын мем­ле­кет қазына­сы­на аударып отыр­ған. Соғыстан кейінгі халық са­нын көбейту мақ­сатында ен­гі­зілген аталмыш салық 90-жыл­дар­ға дейін заңды күшін жой­ма­ған. Алайда бұл мәселе көп жағдайда жасырын жүргізілген және денсаулығына, бас­қа да келеңсіздіктерге бай­ла­ныс­ты жеңілдіктер қарас­ты­рыл­ған.

Тағы бір айта кетер жайт, қа­зіргі қазақ жастары ғана емес, мә­селен, малайзиялықтар да отау тігіп, шаңырақ көтеруге сон­шалықты асықпайды екен. Бірақ олардың себептері бізге мүлдем ұқсамайды. Бейресми деректерде Малай елінің жас­тары қажылыққа бармай үй­лен­бейді деген қызықты мәлімет бар. Алайда оның шын-өтірігі белгісіз. Бірақ жел тұрмаса шөп­тің басы қимылдамайтынын ес­керсек, бұл сөздің шындыққа жа­насатынына сенуге болады. Ал қытайлықтар көбіне барыс жылы отбасын құрудан бас тар­та­ды екен. Бұл өздерінің наным-сенімдеріне байланысты. Яғни олар барыс жылы қиылған неке­нің бақыты баянсыз болады деп есептейді. Бұл орыстардың ма­мыр айында үйленбейтін ырым­да­рына өте ұқсас. Өкінішке қа­рай, орыстың осы нанымы бү­гінде қазақ халқына да сіңісіп бара жатыр. Оған мамыр айын­да қиылатын некелер санының өзге айларға қарағанда айтар­лықтай аз болатыны дәлел. Сон­дай-ақ, швед жастары да үй­ле­нуге көп асыға бермейді екен. Әсі­ресе, жігіттер. Өйткені бұл елде жігіт қызды емес, кері­сінше, қыз жігітті таңдайтын көрінеді. Сондықтан қашан бір сұлу келіп өзін таңдамайынша швед жігіттері жалғыз жүруге мәжбүр.

«Әр елдің салты басқа» демекші, өзге елдің жастарына өз наным-сенімдері кедергі болса, біздің жастарға тұрмыс тосқауыл болуда. Он үшінде ұлын ұяға, қызын қияға қон­дырған қазақ едік. Қазір отызға келсек те отау тігуге асық­пай­тын болдық. Ең өкініштісі, бұл қа­лыпты жайтқа айналып бара­ды. Бұл – індет. Оның алдын алмасақ, ертең немере сүйер жасқа келіп баламыздың жөр­гегін жуып отыруымыз әбден мүмкін. Сонымен қатар «бас екеу болмай, мал екеу бол­май­ды» деген нақыл сөз бар. Ен­де­ше осы сөзден тәлім алып, тәуе­кел етіп шаңырақ көтеруді ой­лағанымыз дұрыс болар. Әр нәрсені сылтауратып жүріп, шын бақыттың бағытынан ада­сып қалмасақ болғаны.

 

Альфита СЕКСЕНБАЕВА.

Қаратал ауданы.