Жаңадан ашылған орталықта науқас балалардың сауығып кетуіне  барлық жағдай жасалған

Уақыты: 13.04.2023
Оқылды: 927
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Алакөл ауданындағы «Жансая» күндізгі болу орталығы – оңалту бөлімшесі коммуналдық мемлекеттік мекемесі 2022 жылы 27 тамызда ашылған. Оңалту орталығы қызметінің негізгі мақсаты – медициналық, психологиялық, кәсіптік және әлеуметтік оңалту іс-шараларын жүргізу арқылы мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік мәртебесін көтеру және оны ортаға бейімдеу.

Орталықта бүгінгі күнде 23 бала арнаулы әлеуметтік қызмет алуда. Оның ішінде тірек-қимыл аппараты бұзылған  11, психоневрологиялық ауытқулары бар  12, даун синдромы  4, аутизм  5,  ақыл-ойы кем 3 бала бар. Сонымен қатар, мекеме тірек-қимыл аппараты бұзылған  балалардың денсаулығын жақсартатын заманауи  құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Жаңадан ашылған орталықта науқас балалардың сауығып кетуіне  барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, емдік дене шынықтыру бөлмесі балғындардың сал болып қалған аяқ-қолын жазып, қалыпты жағдайға түсуіне мүмкіндік береді.

Мекемеде тұзды шахта бөлмесі тыныс алу жолдарын тазартуға, жалпы иммунитетті арттыруға, вирустық және суық тиюдің алдын алуға көмектеседі. Сонымен қатар, музыка, ойын терапиялары бар, асханасы да заманауи құралдармен жабдықталған. Бұдан бөлек орталық ауласы абаттандырылып, балаларға арналған ойын алаңқайлары жасалған.

Аталған мекемеде психоневрологиялық ауытқулары бар және  тірек-қимыл аппараты бұзылған бір жарым жастан он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларға кешенді түрде түзету көмегін көрсету мақсатында дефектолог, психолог, логопед, емдік дене шынықтыру, емдік сылап-сипау, еңбек терапиясы инструкторы, дене тәрбиесі, музыка, сондай-ақ, невропатолог, психиатр, терапевт, педиатр, ортопед дәрігер мамандары қызмет көрсетеді. «Жансая» күндізгі болу орталығы – оңалту бөлімшесі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде 55 штаттық бірлік, оның ішінде 7 әкімшілік, 10 медициналық, 15 педагог маман, 5 тәрбиеші, 5 асхана және 13 кіші техникалық қызметкер  жұмыс істейді.

Ашылғалы бері аудан орталығынан, ауыл-аймақтардан естіген ата-аналар күнделікті келіп кеңес алып, осында келуге медициналық әлеуметтік сараптама бөлімінен (ВТЭК) оңалтудың жеке бағдарламасын (ОЖБ) алуға құжат жинайды. Міне, осындай жұмысын таныстырып өткен мекеме басшысы Берік Серғазин жазғы уақытта Алакөл жағасында Ақши ауылында орналасқан суда сауықтыру-емдеу орталығының да жұмысын айтып өтті. Облыс басшысының тапсырмасы бойынша «Жансая» мемлекеттік мекемесінің қарамағына берген демалыс орнына жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын, жазғы маусым кезінде толықтай қызмет көрсетуге  дайын болатынын да айта кетті. 

Ришад Тұрғанбай