ШЕШІЛМЕЙТІН ТҮЙІН ЖОҚ

Уақыты: 06.05.2024
Оқылды: 433
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

 Адамның жан сарайына үңілген сайын оның тірлікте тартқан мехнатының салмағын айқын сезінуге болады. Халық арасында өмір үшін күресіп, бақыт жолында бар күшін сарқа еңбектеніп жүрген адамдарға ішкі құрметіміз жоғары. Десе де қарапайым адамның талпынған-талаптанғанына қарағанда, ана деген ғазиз жаратылыстың күресі үстем бе деп толғанады екенсің.


Толғамға түрткі болған, өмірге үш перзент әкеліп, сол 3 баласының мүгедектігіне қарамай мына жарық ғаламнан бақыт іздеп жүрген ана облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың қабылдауында болды. Кәмелеттік жастан асқан балаларының бірі токқа түссе, бірі есту, көру мүмкіншілігінен айырылған. Осынау балапандарын көгершіндей баулып, бірін үбірлі-шүбірлі отау етіп бөлек шығарса, бірін қанатының астына алып отыр. Толғамға кейіпкер болған Бақытгүл Сейсембаева облыс басшысынан көмек сұрай келген. Қызы Ақмарал Сейсембаеваға тағайындалған 2-топ мүгедектікке келіспейтін ана жалғыз қызын өмір бойғы зейнетке шығаруын үміт етеді. Бұл мәселе жауапты мамандардың талқылауына түсіп, ешқандай заңдық мүмкіндік болмағанның өзінде амал қарастырылу керектігі айтылды. Жазмыштың сынағын арқалаған ананың ақ тілеуін ескерусіз қалдыруға болмайтынын айтқан облыс басшысы сала мамандары ешқандай мәселеге салғырт қарамау керектігін ескертті.

Қорғамдық қабылдауға жазылған өңір тұрғындарының дені баспана мәселесін көтерді. Көпбалалы ана Бибімариям Арзымбетова 5 баласымен пәтер жалдап тұрып жатқанын айтып, Ескелді ауданынан пәтер берілсе деген үмітте. Өзбекстан топырағында туып, қазақ азаматымен азаматтық некеде тұрып жатқан ол 2015 жылдан бастап «Сусын» санаты бойынша баспана кезегіне тұрған. Ал, 1-топтағы мүгедектігі бар зейнеткер Лидия Цай жүрегіне қондырғы орнатылғанын, кәрілік те қыспаққа алғанын жеткізді. Көзінің тірісінде, дәм татар күні барда баспана қуанышына бөленгісі келеді. Сол секілді, 1-топ мүгедегі Мақсұтхан Алипбаевтың қарындасы Алмагүл Алипбаева да ағасының мәселесін алға тартып, бір баспана бақытын аңсап жүргенін тілге тиек етті. Ал, жаңа үйдің жарығына шомып, қызығына кенелуді көксейтіндердің қатарында көпбалалы ана Гүлнара Анишова да бар. 

Қабылдауында болған азаматтардың мәселесімен жіті танысып, әрқайсысының өтініш-тілегін мұқият тыңдаған Бейбіт Өксікбайұлы жауапты мамандарға тапсырма жүктеді. Заң аясында, өз кезегімен пәтер алатынын айшықтады.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ