Облыс әкімі қоғамдық қабылдау өткізді.

Уақыты: 13.04.2023
Оқылды: 671
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев кезекті  қоғамдық қабылдау өткізді.  Оған оннан аса адам келді.  Әркім көкейде жүрген түйіні қиын мәселелерін облыс басшысына жеткізуге тырысты. Шешімін табуына ықпал етсе деген ниеттерін білдірді.

Қабылдау барысында жер, баспана, әлеуметтік мәселелер көтерілді. Бұл жолы аға буын өкілдері көп ретте жеке бастарының шаруасын емес, елдің  рухын көтеру барысындағы ұсыныстарын айтты.  Бұрын жауапты қызметтер істеп, бүгінде  елдің жәйін күйттеп жүрген ағалардың ұсынысын облыс басшысы қуана құптады. 

Қабылдауға алғаш кірген Ескелді ауданының тұрғыны Балтабай Берденбеков қызының сырқат екенін айтып, мүгедектік алуға қол жеткізе алмай жүргенін жеткізді.  Бұл мәселе бойынша облыс басшысы денсаулық сақтау саласына жауапты мамандарға  тапсырма берді. Мүмкіндігіне қарап, қызының мүгедектік алу жайындағы өтініші денсаулық сақтау саласының шарттарына сай болса әлеуметтік көмек алуға жәрдемдесу керектігін ескертті.

Балтабай Аятбекұлы өзінің  мал маманы ретінде тәжірибесінің  мол екеніне тоқталып, осы орайда жастарға білгенімді үйретсем деген тілегін білдірді.  Аймақ басшысы бұл мәселе жөнінде орынбасары  Рустам Әлиге  тапсырма берді.  Балтабай ақсақал болашақта ауыл шаруашылық  мамандарын даярлайтын оқу орнында жастарды тәжірибеден өткізуге көмектесетін болып келісілді.   

Облыс әкіміне Ақсу ауданы  Кеңқарын ауылы тұрғындарының сәлемін алып  келген Дүйсебай Балақаранов  Кеңқарын мен Бірлік ауылдарының ортасындағы 4,5 шақырым жол жөнделсе деген ұсынысын жеткізді.  Бұл жолдың  Сарқан ауданына жататынын айтқан облыс басшысы  мұндай мәселені аудан әкімінің мәслихатқа жеткізуі керектігін, содан кейін қаржы бөлініп, жасалатынын айтты. Осылайша бұл мәселе де назарға алынды.

Талдықорған қаласының тұрғыны Болатқан Молдабеков  қаладағы Мұхаметжан Тынышбаев атындағы мұражай жаңартылса деген ұсынысын айта келіпті. Оған жауап берген аймақ басшысы дәл бүгінгі таңда  басты назарда мектеп, тұрғын үй салу мәселесі тұрғанын ескерте келіп,  бар ғимараттардың ішінен ыңғайы келетіні болса, жаңартып, жабдықтап беруге болатынын жеткізді.

Өтініш иесі, сондай-ақ,  қазақтан шыққан тұңғыш теміржолшы Мұхаметжан Тынышбаевқа ескерткіш қойылса деген пікірін де айтып өтті. Бейбіт Өксікбайұлы Алаш қозғалысының негізін салушылардың бірі, тарихшы, ағартушыға ескерткіш қою дұрыс көтерілген мәселе екенін айта келіп,  бұл шараларды болашақта ойластыратынын білдірді.  

Болатқан Есенғалиұлы «қазақ елінің уставын» жазған Барлыбек Сырттановқа да ескерткіш қойылса деген оңды пікірін айтты. Бұл ұсыныстың барлығы отырыстың  хаттамасына  енгізіліп, болашақта қаралатын болып келісілді. 

Талдықорған қаласының тұрғыны Черизат Сапарғалиев  қаланы көгалдандыру жайы жақсартылса деген  пікірін білдірді. Бұл пікірді құптаған Бейбіт Өксікбайұлы ағалар ақылының жастарға кеніш екенін айта келіп, қала әкімі Әсет Масабаевқа Черизат Құрманғалиұлын «Жеңіс» саябағын жаңғырту ісіне бақылаушы ретінде қатыстыруды  тапсырды.

Осылайша келген адамдардың мәселелері мұқият тыңдалып,  шешімін қарастыру жайы жауапты басшыларға жүктелді. Байқағанымыздай, қоғамдық қабылдауға келгендердің  мәселесі оң шешім тапқан сайын келушілердің қатары да көбейіп келеді.

Гүлжан Тұрсын