Жылыту маусымының аяқталуына аз қалды

Уақыты: 13.04.2023
Оқылды: 773
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Биылғы жылыту маусымының аяқталуына да бірнеше күн қалды. Жалпы, биылғы жыл қатты мінез көрсеткенімен, талдықорғандықтарды алаңдататындай апатты жағдай орын алған жоқ. Бұл жайлы «Jetisu» медиа ақпараттық алаңында өткен брифингте Жетісу облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Данияр Ысқақов баяндап берді.

Оның айтуынша, жылыту маусымында Талдықорған қаласының жылумен жабдықтау жүйесінде 4 технологиялық апат тіркеліп, дер кезінде ауыздықталған. Айталық, өткен жылдың  11 қарашасында және ағымдағы жылдың 2, 6 ақпан күндері Талдықорған қаласының Желтоқсан көшесі бойындағы диаметрі 700 мм жылу құбыры жарылып,  67 көппәтерлі тұрғын үй, 34 жеке тұрғын үй және 12 бюджеттік нысан жылусыз қалды. Алайда, апат сол күні жойылған. Биылғы 11 қаңтарда қаланың №1 қазандығында су жылыту қазаны жарылып, 2-ші резервтік қазандық 1 сағатта іске қосылып, 5 сағаттан астам уақытта жылу берілген. Апат кезінде 70 көппәтерлі тұрғын үй, 112 жеке тұрғын үй, 8 бюджеттік және 97 басқа нысанда жылу температура төмендеген. Сонымен қатар, әлеуметтік сала объектілерінде температуралық режимді бұзудың 20 дерегі анықталып, 796,4 мың теңге мөлшерінде айыппұл салынған. Айта кетерлігі, өткен жылыту маусымында көмір тапшылығы болған жоқ.

Алдағы жылыту маусымын да ойдағыдай өткізу үшін бюджеттен 10,5 млрд. теңге бөлініпті. Оның 2,3 млрд. теңгесі жылумен жабдықтау объектілерін жөндеуге, 8,2 млрд. теңгесі отын сатып алуға жұмсалады. Сонымен қатар, кәсіпорындар өз қаражатынан 1,1 млрд. теңге бөлмекші.

Бүгінде жылумен жабдықтау объектілеріне жүргізілетін жөндеу жұмысының көлемі анықталған. Жылыту маусымы басталғанға дейін 2 турбина, 12  қазандық, 2,2 шақырым жылу желісі күрделі және ағымдағы жөндеуден өтсе, 12,2 мың шақырым электр желісі, 2120 трансформаторлық қосалқы стансысы жаңаланбақ.

Биыл энергиямен жабдықтаушы кәсіпорындарына 365 мың тонна көмір, 10,1 мың тонна мазут жеткізіледі. Бюджеттік ұйымдар үшін 16 мың тонна көмір, 4 мың тонна пеллет және 11,4 млн. литр дизель отынын сатып алу бойынша конкурстық рәсімдер басталған. Сондай-ақ, облыс тұрғындарының көмірге деген жалпы қажеттілігі 487,4 мың. тоннаны құрайды. Бүгінгі таңда жоспарды орындау үшін «ҚТЖ – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамы және көмір разъездерімен келісу жұмысы жүргізілуде.

Әрине, көк шығып, көктем келгенімен қыстың да қайта оралары анық. Сондықтан ертерек қамдансақ қапы қалмайтынымыз белгілі.

Қажет Андас