Батырлардың есімі ешқашан ұмытылмайды

Уақыты: 09.05.2023
Оқылды: 868
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Осыдан 3 жыл бұрын Жеңістің 75 жылдығына орай облыстық «Jetіsý» газетіне «БАТЫР АТАҒЫ БҰЙЫРМАҒАН алакөлдік қос баһадүрді білесіз бе?» деген мақалам жарияланған еді. Онда Алакөл әскери комиссариатынан майданға аттанған Мұқаметқали Ахметжанов пен Мінайқұл Сағындықовтың біреуі 1 рет, екіншісі 2 рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да, ресми атақ берілмеген қос батыр туралы жазған едім. Сол жылы алғашқысының ағайын-туыстары Ақтаудан хабарласып, ақпарат берген еді, екіншісінің дерегі арада 3 жыл өткенде ғана  анықталды.

Мұқаметқали Ахметжанов ақсақалды Көктұма ауылында қызмет етіп жүргенде сан мәрте көріп, әңгімелестім. Жұрт ол кісіні Мұқаш деп атайтын. Кеңшардың орта буын маманы болып еңбек етті. Алайда Жеңіс күні болмаса, ол кісінің  түрлі шарада Қызыл Ту, III дәрежелі, Даңқ, I дәрежелі Отан соғысы ордендер мен көптеген медалін кеудесіне жарқыратып тағып жүргенін көрмейтінбіз. Батыр атағына ұсынылғанын да айтқан емес. Өте қарапайым, ізгі адам еді. Зайыбы Бибісара Қайырбайқызы екеуі түйменің 4 көзіндей 4 бала тәрбиелеп, өсірді. Үлкен қызы Зейнеп Ақтау қаласында тұрады, ұстаз-зейнеткер, Бақыт деген қызы Еңбекшіқазақ ауданында кітапханашы болды, Әли Астана қаласында дәрігер, медицина ғылымдарының кандидаты, кенже ұлы Әділ Алматы қаласында кәсіпкер. Мұқаш ақсақалдың немере-шөберелері аталарының ерлік ісінен хабардар, тәуелсіз еліміздің жақсы азаматы болып еңбек етіп, білім алуда.

Биыл деректері табылған екінші батырымыз Мінайқұл Сағындықовтың өмірбаян үзігін әлеуметтік желіден тауып, ары қарай індете іздесем, із Жамбыл ауданына қарай жетеледі. Бұрыннан сыралғы дос, ұзынағаштық белгілі ақын, журналист Рәтбек Сәдуақасұлына хабарласып, көмектесуін өтіндім. Ол батыр туралы бұрын естімеген екен. Дегенмен ұзақ жыл аудандық газетті басқарған ол жергілікті жұртты жақсы білгеннен, батырдың ұлы Балпықты іздеп тауып, төмендегі мәліметтерді ұсынды.

Мінайқұл Сағындықов 1934 жылы Ташкенттегі жоғары милиция мектебін бітіріп, Алакөл ауданында милиция бастығы болып еңбек етеді. Осы ауданда Райыс деген кісінің қызы Күлшахраға (Күләш) үйленеді. Одан Тәттіғали атты ұлды болады. 1938 жылы 1 шөмеле шөп өртеніп, байқаусызда шөпті өртеген жігітке араша түсемін деп, милиция бастығы болса да, 2 жылға сотталады. Күләшті аудандық комсомол ұйымында істеп жүрген қызметінен босатады. Көп ұзамай Күләш құсалықтан қайтыс болады. Мінайқұл 1940 жылы ақталып шығып, 1942 жылы бұрын сотталғандардан құралған генерал Кеңес Одағының Маршалы К. Рокоссовскийдің айып батальонының құрамында (штрафбат) соғысқа қатысып, 3 мәрте Қызыл Ту, ІІІ дәрежелі Даңқ, Қызыл Жұлдыз ордендерімен, көптеген медальмен марапатталады. 2 рет Батыр атағына ұсынылса да, бұрын сотталғандығына байланысты жоғарғы атақ бұйырмайды.

Соғыстан аман-есен Алакөлге оралып, атасы Райыс пен енесі Бейісжанның ұсынысы бойынша алакөлдік Жамал деген қызға үйленіп, ата-енесін өзінің туған жері Жамбыл ауданына көшіріп әкеледі. Енесі қайтыс болғаннан кейін атасы Алакөлге оралып, туған жерінде көз жұмады. Мінайқұл Жамалдан 5 қыз, 2 ұл сүйеді. Балалары Алматы қаласы мен Ұзынағаш ауылында тұрады. Өзі ауылшаруашылығында басқарушы, аудандық май зауытының директоры болып еңбек еткен. Жергілікті жұрт арасында өте беделді, сөзін өткізе алатын адам болыпты. 1963 жылы өмірден өтіпті. Мінайқұл майданнан хат жазғанда өлеңмен жазып тұрған. Кейіннен батырдың өлеңдері «Хаттар, хаттар» деген атаумен жеке кітап болып жарық көрген.

Қос батырдың өмірбаяны былтыр жарық көрген «Атамекен Алакөл» атты энциклопедиялық анықтамалыққа енгізілді. Амал не, батырлардың қан майданда жасаған ерліктері Жоғарғы Бас қолбасшылық тарапынан еленбей қалды. Өзекті өртер қандай өкініш десеңізші?! Батырлар жаудан елді азат ету үшін өз өмірін құрбандыққа шалуға даяр болды. Олардың батырлығын жақын туыстарынан басқа ешкім де білмеген шығар. Майданда керемет батырлық көрсетіп, көзге түскен баһадүрлердің ұмытылып кеткен есімін елге оралтып, олар туралы кеңірек мақала жазып, кейінгі тағдырлары туралы бейнебаян түсіріп, көшеге есімін беріп, ескерткіштерге атын жазып, аруақтарын ардақтауымыз қажет.

Даңқты батырлардың есімі елі тұрғанда ешқашан ұмытылмауға тиіс.

Ахмет КЕНДІРБЕКҰЛЫ
Сурет ғаламтордан алынды