"Тұрмыстық түйткілдерді өздеріңіз шешіп үйренулеріңіз керек": Бейбіт Исабаев аудан әкіміне тапсырма берді

Уақыты: 05.05.2023
Оқылды: 909
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Облыс әкімі Бейбіт Исабаев Көксу ауданына жұмыс сапарымен барып, халықпен кездесті.

Аудандық Мәдениет үйінде өткен жиында  облыстық маңызы бар жолдар мен жол құрылысына, денсаулықты сақтау саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған өңір басшысы кейбір мәселе бойынша:

–  Қазір мемлекеттік басқару жүйесінде жауапты тұлғаларға қойылатын талап үлкен. Әрбір ауыл, аудан әкімі бастамашыл, белсенді болып, ашық жұмыс істеуі керек. Өткен жылы аудан халқымен кездесуде көтерілген мәселелердің 90 пайызға жуығы  жергілікті жерде, аудан басшылығының өзі шешетін мәселелер. Біз ең бір өзекті деген, облыс бюджетінен қомақты қаржы қажет ететін мәселелер бойынша әрдайым қолдауға дайынбыз. Ал күнделікті туындайтын ауылішілік тұрмыстық түйткілдерді өздеріңіз шешіп үйренулеріңіз керек. Аудан әкімдері өз деңгейінде құзыретіне сәйкес жауапкершілігін ұмытпағаны жөн. Облыс басшылығынан нұсқау, тапсырма күтіп отыра беру дұрыс емес, – деп атап өтті.

Жиын барысында аудан тұрғындарының қойған сұрауы мен талап-тілектеріне жауап берген облыс әкімі көтерілген мәселелер бойынша аудан әкіміне, мамандарға тапсырма беріп, бірқатар сауалдар негізінде қазірге дейін жұмыс жүргізілгенін жеткізді. Сонымен қатар, өткен жылғы шілде айында аудан тұрғындарымен болған кездесуде көтерілген мәселелерді шешу бойынша атқарылған жұмыстарды атап өтті.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай