Бюджет қаражатын жымқырғандар заң аясында қатаң жазаға тартылады

Уақыты: 05.05.2023
Оқылды: 1009
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Көксу аудандық Мәдениет үйінде өткен халықпен кездесуде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев білм беру саласы бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды атады.

Аталмыш салаға бөлінген қаржы жайында айта келе:

–  Жаңа оқу жылында оқушылардың білімімен қатар тәрбиесін ерекше назарға алып, мектептерде жасөспірімдерге әдеп-құқықтық тәрбие берумен айналысатын ментор штатын енгізгелі отырмыз, оған 266,2 млн. теңге бөлінді. Біз білім саласына қомақты қаржы бөліп, жаңа нысандар салуға, материалдық-техникалық базасын нығайтуға қолдау көрсетіп келеміз. Бірақ сол бөлінген қаржының талан-таражға түсіп жатқан фактілері де бар екенін білесіздер. Сондықтан аудан әкімі, аудандық білім бөлімінің басшысы берілген қаражаттың әрбір тиынына дейін мақсатты пайдаланылуын қатаң бақылауға алуы тиіс. Бюджет қаражатын жымқырып, жемқорлық жасағандар заң аясында қатаң жазаға тартылады. Бұл ретте білім бөлімдері басшыларының  қаржылық, құқықтық сауаттылығын, жауапкершілігін арттыру керек, – деп атап көрсетті.

Аймақ басшысы аудан тұрғындарын жайылым жетіспеушілігі алаңдатып отырғанын, бұл мәселеге қатысты  26 сәуірде барлық аудан, ауылдық округ әкімдері, мәслихат депутаттары қатысқан кеңейтілген кеңесте нақты тапсырма бергенін айтты.  Экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз етіп отырған факторлардың бірі шағын және орта бизнесті дамыту екенін, ауданда 3,8 мың бизнес субьекстісі жұмыс істейтінін, кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде 291,5 млн. теңгеге 20 жоба қаржыландырылғанын жеткізді.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай