«Қорғас торабы» трансшекаралық хабы құрылуда

Уақыты: 11.05.2023
Оқылды: 802
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Бүгінде «Қорғас торабы» трансшекаралық хабын құру бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде. Ол Қазақстан-Қытай шекарасында орналасқан инфрақұрылымдық нысандардың қолданыстағы кешені.

Оның ішінде торапқа «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығы, «Нұр Жолы» бақылау-өткізу пункті, «Алтынкөл» теміржол стансысы және «Құрғақ порт» теміржол терминалы кіреді.

«Бұл жобаны іс жүзінде іске асыру экспорт, транзит көлемін ұлғайту және өндірістік кооперацияны дамыту үшін жоғарыда аталған инфрақұрылымдық нысандарды ұштастырудан және интеграциялаудан тұрады», – дейді ҚР Сауда және интеграция министрлігінің өкілдері.

Сонымен қатар, Қазақстанның көліктік-логистикалық әлеуетін дамыту тұжырымдамасына сәйкес, Алтынкөл-Қорғас шекаралық өткелінің өткізу қабілеті жылына 20 миллион тоннаны құрайды. Бұл ретте ол арқылы Қытай – Еуропа – Қытай, Қытай – Орталық Азия елдері – Қытай бағыттары бойынша, сондай-ақ Каспий және Иран бағыттары бойынша тауарлар көлікпен тасымалданады.    

«Қорғас – Шығыс қақпасы» құрғақ порты тұжырымдама бойынша магистральдық теміржол желісі және автожолдармен технологиялық байланысты. Нәтижесінде бұл Қытайдан Еуропаға, сондай-ақ, Орталық Азия мен Парсы шығанағы елдеріне жүк ағынын таратуды қамтамасыз ететін көлік-логистикалық хабтарды құрады.

Тағы бір трансшекаралық бағыт Достық шекара өткелімен байланысты. Оның өткізу қабілеті 20 миллион тоннаны құрайды. Осыған байланысты Қазақстанда екінші жол құрылысы және «Достық – Мойынты» (833 шақырым) теміржол учаскесін электрлендіру жұмысы жүргізілуде. Жобаны іске асыру 2022 – 2025 жылдары ұлттық жоспарға сәйкес 543 миллиард теңгені құрайды.

Айгүл Байбосынова
Сурет ғаламтордан алынды