ТІЛ ТАҒДЫРЫ – ҰЛТ ТАҒДЫРЫ

Уақыты: 04.05.2024
Оқылды: 447
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

«Мені өз көзімдей жіті бағатын дүниеде өзге көз жоқ», – депті данышпан Монтень. Әділ сөз. Адамның жақсылығы мен жамандығын, қулығы мен адалдығын өзінен жақсы аңғаратын ешкім жоқ. «Қара түнде қара тастың үстіндегі қара құмырсқаның басқан ізін де аңғарады» (Хадистен) деген Алладан ғана сыр жасыра алмассың, өзгеден қасиет пен кемшілікті жасыру, бүркеу қиын шаруа емес. Алайда, Абай айтқан «толық адам» болу үшін өзіңе есеп беріп, кісілік пен кішілікті үлгі етуге тиістісің. Ұлт есебінде де солай. Адамдық сүрлеу-сүрдекте де бұл – парызың!


Монтень айтқан даналықты тіл туралы тоғамның басында келтіруіміздің мәні бар. Журналистика саласында еңбек етіп жүргенімізге 10 жылға жуықтағандықтан, осынау арда мамандық айдынында желкен жайып келеміз деп айтсақ артық болмас. Бүгінде ана тілдің абыройын асырып жүрен басылымдар мен арналардың (теле, радио) аяқ алысын, тыныс-тіршілігін қырағы көзбен қадағалап отырамыз. Журналист болған соң, шұрайлы тілдің шырайын қашырып, мәні-мен маңызын төмендетіп, кемшілікке жол жіберіп жатқан тұсын да байқаймыз. Сондықтан да «Мені өз көзімдей жіті бағатын дүниеде өзге көз жоқ» деген Монтень сөзін икемдеп алып, журналист болған соң «қазақ журналистикасындағы кемшіліктерді өзіміздей бағатын (байқайтын) көз жоқ» деуге де негіз бар. Ендеше, байқап, көріп жүрген кемшіліктердің бірқатарына тоқталай кетейік.

Күні кеше еліміздің біраз облысы су астында қалды. Тілсіз жау тағдырға әсер етті. Экономкалық тұрғыда үлкен залал келтірді. Ұлтым деген азаматтың бәрін аһ ұрғызған сын-қатерді жанымызбен сезіндік. Жүрегімізбен салмақтадық. Ел жайын, тасқынмен тағдыршешті күресте қалған отандастарымыздың  дерегін, есендігін экран, әлеуметтік желі арқылы біліп отырдық. Күнделікті жаңалыққа құлақ түрдік. Алайда сол жаңалықтардың өзінде қазақ тілін ақсатып, орашолақ ой сабақтаған материалдар көрерменге тарап жатты. Мәселен, «Дамбылдарды су шайып, даңғылдар қатынасуға жарамай қалды» деген журналист сөзі естір құлаққа түрпідей тимей ме? «Дамбы» сөзін «дамбыл» қылған журналистің тілдік сауаттылығын сынға алған жөн бе, әлде әдеп сақтап «ақпараттық жеделікке салынғаннан аздап қате жіберді» деп ақтап алған жөн бе?

Осыдан ширек ғасыр бұрын Өзбекәлі Жәнібеков, Ақселеу Сейдімбекпен болған хабарында ұлт мақтанышы, классик жазушы Шерхан Мұртаза: «Тіл тағдыры – ұлт тағдыры» деп шырылдаған еді. Сол бағдарламада «Ұлт болам десең экраныңды түзе» деген сөзі де айтқан Шер-ағаң еді. Парламент мінберінен де ұлт тағдырын тілмен байланыстыра дабыл қаққанын бүгін «YouTube» үңілген қырағы қазақтың көзі шалады.

Шыны керек, «Дамбыл» сөзін естіп күнұзақ пұшайман болып жүргенімізде одан да сорақы дүниені дәп сол арнадан қайта естиміз деп ойламадық. Арнаның облыстағы (телеарна мен журналисті, газеттердің атауын айтуды жөн санамадық) меншікті тілшісі өңірдегі жаңалықты хабарлап жатып: «Белуардан батпаққа батқан ел, таңнан құба кешке дейін...» деп көсілді дерсің. Айта салды ақпар болғанымен мұны қарапайым ауыл адамы, кейіпкер емес, журналист айтып отырған соң мақалада айшықтап отырмыз. Қазақ «белуардан батпаққа батып» деген сөзді ешқашан қолданған емес. Арғы-бері классиктердің, журналистердің жазбасын, стилін, сөз мәнерін білгендіктен айтып отырмыз. Дәп белуардан батардай әлгі батпақ саз емес шығар?!

Қазақтың көрнекті ақыны Несіпбек Айтұлы:

«Күлуге үйренген жұрт күйрегенге,
Құласаң дайын тұрар түйрегенге.
Арбадай күпшегінен сазға батқан,

Үмітті кеудем өрге сүйрелеуде», – деп жырлайды «Туғанша ақырзаман» атты өлеңінде. «Батпаққа бату», «Сазға бату» сөзі орынды, дұрыс. Әдеби шығарма, журналистік жазба болсын бұған дау айта алмаймыз. Мұндағы көзге ұрған кемшілік «белуардан» деген бейнелі дүние болып отыр. Бұл тұрғыда да әрбір журналист асыра сілтемеу, артық айтпау керек. «Әсіре қызыл тез оңар» дейді данышпан Абай бабамыз.

Осы тақылеттес тізбекті жалғай берсек, өңірлік арналардағы жаңалықта «Алматы, Астана, Шымкент секілді ең ірі мегаполистерде», «Ашаршылық жылдары түйір дән таппай асқазаны шырқырап», «Ұлы Отан соғысының санаулы ардагерлері ғана арамызда аман жүр» деген сөйлемдерді сақа журналистердің аузынан естіп аң-таң күйде қалғанымыз бар. Құдай-ау, «ең ірі» деп күшейтпелі шырайға шырай танытардай қазақия төрінде ұсақ, орташа мегаполистер бар ма еді деп заңғырданың қайнайды. Лондон, Бейжің, Токио сынды 20-30, тіпті, 40 миллион халық мекен еткен алып қалаларды атауға негіз бар ғой. Ал «асқазаны шырқыраған» қазақтың көмейі тағдырға нәлет жаудырғанда «шұрқырай» ма? Сауаттылық қайда? Қай бабамыздың «асқазаны шырқырап» еді? Осындайда: «Қырағылықты редакторлар, телеарна басшылары жоғалтып алған ба?» деген сауалға салмақ саласың. Ал, «Ұлы Отан соғысының санаулы ардагерлері ғана арамызда аман жүр» деген мәтін тұтасымен қате айтылған. Мұндай кемшіліктер бүгінгі таңда баспасөз беттерінде (газет, журнал) өрнектеліп, жазылып жатыр.

Жаратқанын танып, кісіліктің биігіне шығып, өзі айтқан «толық адам» теориясына сай болғанда Абай бабамыз: «Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел» деп жырына салмақ салағаны әмбеге аян. Бүгінде басылым тарихымен алып қарасақ («Айқап» журналы 123 жыл, «Жетісу» газеті 106 жыл, «Егемен Қазақстан» газеті 105 жыл...) ғасырдан асқан қазақ журналистикасында қазақ тілі толыққанды бірізділікпен келе жатқан жоқ. Кемшілік баршылық. Мерзімдік басылымдарда ішінара үлкен қателік кетіп жатады.  Тіпті, қарапайым «бірнеше», «бірқатар», «көптеген», «жүзге жуық» сынды сөз жазылған сөйлемнің соңына - дар, - дер, - тар, - тер жалғауларын (көптік) жалғап қоятындар бар. Мәселен, «биылғы жаңа оқу жылында ауданымыздың 22 мектептерінде 6335-оқушылар 1 сыныпқа барды», – деп көрсетеді. Нақты сан жазылған, көрсеткіш көрсетілген жерге көптік жалғаудың да қажет емесін ескермейді. Сол секілді бір мысалды айтсақ, жуырда ел Президентінің бастамасымен «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы өтті. Өңірде өткен тазалық акциясын мөлдірете жазған аудандық газеттің бір тілшісі: «Жасыл желекті жайнатып, күрек шыншып, кекпен шауып...» деп көшет отырғызған аудан жұртшылығын қалам құдіретімен суреттейді. Мұнда құрал атауы қате жазылды. «Кетпен» сөзін «кекпен» деп берудің салдарынан сөйлем бұзылды. Ой шашырады. Құралмен емес, ыза-кекпен жау шапқандай әсерде қалдырды. «200-ден астам жеміс көшеттерін» деп тағы да айшықтап өтті. Жеміс ағашының қанша түп екені көрсетілген жерге көптік жалғауын да теліп кеп жіберді. Сөйтіп ақпаратты жедел беремін деп сауаттылық пен қырағылықтан айырылды.

«Жазуға жаңғыз ереже жүредi – грамматиканың ережесi. Ал, қайсыбiр суреткердiң грамматикадан шығып жазуға да правосы бар», – дейді классик жазушымыз Асқар Сүлейменов. Рас, бұл әдебиеттің, таза шығармашылық адамның ғана қағидасы емес. Журналистикаға да ауадай қажет уәж. Десе де, қазақ тілінің қаймағын бұзбай, қайнарын ластамай жазу керекпіз. Әр сөз өз жүйесімен, орнымен қолданылуы ләзім. Бүгінде, «тәкаппар» сөзін «такаппар», «ләзім» сөзін «лазым» деп қолданып жүргенде, Мағауиннің де «туған күн» деген жанайқайын ескермей, «туылған күн» деп құттықтау беріп жатқан басылымдағы әріптестер елдік мүддені тіліміздің тағдырымен де ұштастырғаны жөн деп білеміз. Қаратпа сөз емес, ойды жалғайтын «сондықтан», «сондай-ақ», «алайда», «бірақ» дегеннен кейін де үтір (тыныс белгі) қоюдың қажет емесін ескерсе екен дейміз. Әрбір сөзге салмақпен назар аударып, сөйлемді сауатты қолданса игі еді. Ол үшін де ұлтжандылық қасиетінің болуы шарт-ау?!

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ