Жалған статистика, жасырын әрекет: Шаруалар нені жасырып жүр?

Уақыты: 11.05.2023
Оқылды: 1242
Бөлім: КҮЛТӨБЕ

Ауыл шаруашылығы кооперативін құрып, өңірдің тіршілік тамырына қан жүгіртуді мақсат еткен «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында Жетісу облысына 3,2 млрд. теңге қаражат бөлінген. Қазіргі уақыта 29 ауылдық округтен несие алуға 530 тұрғын ниет білдіріп, несие қаржысы 3,3 млрд. теңгені құраған.

Статистика осындай жақсы көрсеткішті көрсетіп тұрғанымен аудан, қалалардағы несие алуға ниет білдірген тұрғындар мен қаражат мөлшерінің парқы зор. Биылғы жылы Көксу ауданы тұрғындары 178 млн. теңге (5%), Панфилов ауданы тұрғындары 300 млн. теңге (9%), Сарқан  ауданы тұрғындары 343 млн. теңге (11%),  Ескелді  ауданы тұрғындары 369 млн. теңге (11%) несие алуға ниет білдірген. Көрсеткіштің осындай төмендігі өңір шаруаларына бағдарлама туралы дұрыс түсіндіру жұмысы жүргізілмегенін білдіреді.

Аталған бағдарламаны жүзеге асыру аясында облыстық кірістер департаменті мен статистика департаменті тарапынан жүргізілген тексеру нәтижесінде жұмысшылардың табысы мен санын жасырып жүрген шаруа қожалықтары анықталған. Айталық, бүгінде облыстық статистика департаментіне 19931, кірістер департаментінде 19239 шаруа қожалығы тіркелген. Ортадағы парық 692 қожалықты көрсетіп тұр. Демек, олар осыған дейін жұмысшыларға әлеуметтік төлемдер төлемеумен қатар, салықты жасырып келген. Бұған ауылдық округ әкімдерінің жергілікті жерде шаруашылық кітапшасын дұрыс толтырмауы немесе жаңартуға көңіл аудармағаны да себеп. Бармақ басты, көз қыстылықтың да әсері бар. Осындай жалған статистика, жасырын әрекеттер мемлекеттік бағдарламаны орындауға әжептәуір кедергі келтіруде.

Осыған орай, облыстық әкімдік иелігінде 100 гектардан астам жері бар және ауыл шаруашылығы техникасы жеткілікті болғанымен жұмысшылардың санын азайтып көрсеткен 1226 қожалықтың әр біріне 4 жұмысшыдан есептеп, 5031 жұмысшыны тіркеуді тапсырған. Қазіргі таңда 194 шаруашылық 335 жұмысшыны қосымша тіркеп, декларация тапсырған. Сондай-ақ, жұмысшыларға 11 млн. 368 мың теңге зейнетақы, 4 млн. теңге көлемінде медициналық сақтандыру мен басқа да әлеуметтік аударым жасаған.  Сол қатарда Сарқан ауданындағы 2, Көксу ауданындағы 6, Талдықорған қаласындағы 1, Текелі қаласындағы 5 шаруа қожалығы ғана орындап, төмен көрсеткіш көрсетуде.

Басқа аудандардың көрсеткіші көңіл көншіткенімен жұмысшы санын жасыратын қожалықтардың қатары азайған жоқ. Сондықтан бұл жұмысты назардан шығармай, үнемі бақылап отыру керек.

Қажет Андас
Сурет ғаламтордан алынды